Үкімет басшысы шенеуніктерге тапсырма берді

0
126
фото: yaplakal.com
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральды және шаруашылық мақсатындағы аралық арналардың көпшілігі тозған

Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде су тапшылығы мәселесі барын айтып, шенеуніктерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы алдымен ол 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасының маңызына тоқталды.

Суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте біз су ресурстарының тапшылығы жағдайында біраз жұмыс істеуіміз керек. Ұсынылып отырған тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Оны іске асыру су ресурстарын мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет, – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Концепциядағы маңызды бағыттың бірі – су шаруашылығына қажет инфрақұрылымды салу және реконструкциялау.

«Көп жыл бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді. Мысалы, Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30%. Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральды және шаруашылық мақсатындағы аралық арналардың көпшілігі тозған. Салдарынан 40% су ысырап болып жатыр», – деді премьер-министр.

Премьер-министр су үнемдеу мақсатында шаруаларды ынталандыру маңызды екеніне тоқталды.

Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Қазір біз фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз.

Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу үлесі төмен деңгейде қалып отыр, – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, тамшылатып суару жүйесін 312 мың гектарда қолдану жоспарланған.

Қазір ол 84 мың гектарда ғана қолданылады. Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді.

Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет, – деді ол.

Үкімет отырысында жаңа тұжырымдама мақұлданды.

Премьер-министр шенеуніктерге бірқатар тапсырма берді.

«Біріншіден, өңір әкімдіктері бір айда коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдауы қажет. Сондай-ақ коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеруі керек.

Екіншіден, тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылған. Бұл жоспар тұжырымдаманы модернизациялау мен салуды қарастыратын су инфрақұрылымы объектілерінің нақты тізбесімен толықтырады. Сондықтан Су ресурстары министрлігі 2 аптада кешенді жоспардың жобасын Үкімет аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін.

Үшіншіден, Өнеркәсіп министрлігі Су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп бір ай ішінде отандық суды үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізсін», – деді Әлихан Смайылов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ