Әкімнің басты талабы – қолданыстағы алма бақтары мен табиғи ландшафтты сақтап қалу

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Бостандық ауданына барды. Сапар Республика алаңындағы қала әкімдігі ғимаратының жанындағы субұрқақтарды аралаудан басталды. Қазір мұнда әкімдіктің шығыс және батыс жағындағы алаңда және Мүсірепов театры жанындағы төрт субұрқақ кешенінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жоба аясында инженерлік жүйелер толық жаңартылып, жаңа сорғылар мен жарықдиодты жүйелер орнатылмақ.
Дархан Сатыбалды жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін мердігердің жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны бақылауды арттыру қажетін атап өтті. Жөндеу 2025 жылы қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Шаһар басшысы жұмыс демалыс күндері де тоқтамай, межелі мерзімнен кешікпеу керек деп ескертті.
Сапар барысында әкім Ерменсай шағынауданына да ат басын бұрды. Мұнда табиғи апаттың салдарын жоюға бағытталған ауқымды жоба қолға алынған. Жоба аясында ұзындығы 7 шақырымдық су және кәріз жүйелерінің құбыры төселіп, екі су сорғы станциясы салынады, көшелер көркейтіледі. Әкім бұл жобаның тек жоспарға сай жүруі жеткіліксіз екенін, оны жыл соңына дейін толық аяқтап, іске қосу қажетін айтты. Себебі бұл жұмыс жеке секторлар мен жаңа тұрғын үй кешендеріндегі бірнеше мың тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ал Жәңгір хан көшесінде әкім жауын-шашын көп түскенде жиналатын су деңгейі бір метрге дейін жететін учаскені аралады. Мұнда шілде айында су сорғы станциясы мен су бұруға арналған екі құбыр желісінің құрылысы басталмақ. Дархан Сатыбалды бұл жұмысты 2025 жылы желтоқсанға дейін аяқтап, әкімдіктің тиісті бөлімдерімен келісім жұмыстарын дер кезінде жүргізуді тапсырды. Бұл болашақта тұрғын үйлерге бару мен көлік қозғалысында қиындықтар туындамауы үшін маңызды.
Сапар одан әрі Кереңқұлақ өзенінің жағалауында жалғасты. Мұнда қала әкімі жағалауды көркейту жобасын қарап шықты.
«Мұнда қоқыс өте көп, барлығын тазарту керек», – деді Дархан Сатыбалды өзен жағасын аралау кезінде. Сонымен қатар ол Кереңқұлақ өзенін көріктендіруге қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы жедел әзірлеуді тапсырды. «Барлығы жұмыстың қалай ұйымдастырылатынына байланысты. Егер мықты мердігер болса, жұмысты жылдам бітіреді», – деді қала әкімі.
Жоба шамамен 2 шақырым өзен жағалауын қамтиды. Онда терренкур, спорт және балаларға арналған ойын алаңдары, фудкорт, демалыс аймағы мен мұз айдыны салынбақ. Әкімнің басты талабы – қолданыстағы алма бақтары мен табиғи ландшафтты сақтап қалу. Осыған байланысты жоба қайта қаралып, осы талаптар ескерілуі тиіс.
Нұртазин көшесіндегі № 190 мектепте қыстағы жер сілкінісінен кейін қабырғаларда, дәліздер мен спорт залында жарықтар пайда болған. Техникалық сараптама ғимараттың қазіргі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін анықтады. Мұнда 417 бала оқыған, алайда мектептің жобалық қуаты небәрі 300 орын. Күн сайын 80-ге жуық оқушы Алмаарасан, Көкшоқы, Казачка және т.б. тау бөктеріндегі елді мекендерден қатынап оқиды.
Сапар барысында әкім осы мектепке қатысты жаңа құрылыс жобасымен танысты. Жоба аясында ескі ғимараттың орнына бір ауысымда оқуға мүмкіндік беретін заманауи мектеп салу жоспарланып отыр. Ол 600 оқушыға арналмақ.
Сапар соңында әкім Үлкен Алматы өзенінің арнасындағы 5,7 шақырымға созылған ауқымды қайта жаңғырту жобасын қарап шықты. Жоба аясында веложолақтар, көпірлер, балалар алаңдарын салу мен жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Қала басшысы құрылыс мерзімін қатаң сақтау мен күнделікті жағалауда серуендейтін тұрғындардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша, қала әкімі әкімдік басқармалары мен мердігерлерге құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң сақтауға қатысты нақты тапсырмалар берді. Әрбір нысан шаһар басшысының жіті бақылауында болады.