Киностудия өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басып жатыр

0
48
Фото: Kazinform

 — Алматыда өтіп жатқан «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ашылуында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық киноиндустрия қалай дамитыны туралы айтты.

Аида Балаева қазір отандық киноиндустрия түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатқанын айтты. Бірінші кезекте мемлекет пен киноөндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері, оның ішінде қаржыландыру мәселелері жетілдіріліп жатыр.

«Әрине, қиындықтар бар, бірақ біз киноиндустрияны мақсатты түрде дамытуды, заңнамалық базаны жетілдіруді, қаржыландыру және контент өндіру процестерін барынша ашық етуді жалғастырамыз. Бұдан бөлек, дарынды режиссерлерге жаңа мүмкіндіктерді ашуға көмектесуді, киноөндірістің үздік жобаларын жандандыруды және қолдауды тоқтатпаймыз. Сондықтан да бұл кинофестиваль өтті (Еуразия — автор ескертпесі). Дәл осы себепті біз болашақта аты аңызға айналған «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалін қайта жаңғыртуға бар күш-жігерімізді саламыз», — деді ол.

Министр Шәкен Айманов атындағы киностудиядағы негізгі өзгерістер Қазақстанның киноиндустриясы үшін маңызды болатынын атап өтті.

«Бірқатар заңнамалық бастаманың арқасында киностудия өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басып жатыр. Келесі жылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудияны тікелей қаржыландыруға заңды құқына ие болады. Заң жобасы осы жылдың соңына дейін Президенттің қол қоюына жіберіледі. Егер қабылданса, еліміздегі фильмдерге бөлінетін жалпы қаржының кем дегенде 30 пайызы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл көптеген өзекті мәселені шешеді, киностудия мұрасын сақтайды, оның қаржылық жағдайын тұрақты етеді және жұмысын тиімді етпек», — деп қосты ол.

Бұған дейін Аида Балаева Қазақфильмнің болашағы туралы айтқан болатын.

Еске салайық, Алматыда «Еуразия» халықаралық кинофестивалі салтанатты түрде ашылды.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.

Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырған.

Айта кетейік, биыл конкурс бағдарламасында үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.

Конкурс Бангладеш пен Оңтүстік Кореядан бастап, Австрия мен Катарға дейінгі елдердің туындыларын қамтиды. Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген шығармашылық топтар әмбебап тақырыптар мен жергілікті контекстті біріктіретін жұмыстарды ұсынбақ.

Кинофестивальдің толық бағдарламасымен сілтеме арқылы таныса аласыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ