Коммуналдық қызметке қоғамдық бақылау қажет

0
150

Ranking сараптама орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылдың мамыр айында суық су бағасы жылына 35,9%, су бұру қызметтері – 43,9%, электр энергиясы – 31,4%, орталық жылыту – 33%, ыстық су 35%-ға өскен. Қазір инфляция деңгейі – 8,5%. Ал коммуналдық саладағы бұл қымбатшылық елдегі тауар мен қызмет бағасының жалпы өсімінен бірнеше есе асып түсті. 

Сарапшылар «бұл өсімнің басты себебі былтыр «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасының іске қосылуы болып отыр» дейді. Соның әсерінен сектордағы жылдар бойы шектеу қойылып келген баға бірден қымбаттап, халықтың есін шығарды. Ranking сараптама орта­лығының мамандары коммуналдық қыз­меттер бағасының мұндай өсуін өткен жыл­дардағы табиғи қымбаттауды тежеудің салдарына балайды. Бұған дейін сала мамандары коммуналдық қызмет сала­сындағы тозығы жеткен инфра­құрылым мен жабдықтардың басты себебі – бағаның нарыққа сай болмауы деп дабыл қаққан еді. Тіпті, аймақтарда болған апатты жағ­дайлардың да төркінін осы баға саясатына әкеп тіреген болатын.

Соңғы жылдардағы баға динамикасын салыстырар болсақ, 2017 жылдан 2023 жыл­ға дейін суық су бағасы бір мезетте мак­си­малды 7,3%-ға дейін өскен. Жылыту ба­ғасының динамикасы да төмен, кері­сінше, 2019, 2020 және 2022 жылдары бұл қызмет құны айтарлықтай төмендеген. Қалған коммуналдық қызметтер бойынша жағдай да осыған ұқсас.

Бағаны бақылаудың салдары қандай? Егер бағаны жасанды түрде инфляциядан төмен деңгейде ұстап отырса немесе тіпті төмендетсе, инвестициялар күрт кеміп, мүлдем кіріс болмауы мүмкін. Мысалы, 2018 жылға дейін электрмен жабдықтау, газ, бу беру және кондиционерлеу сек­торына инвестициялар тоқырап, 545 мил­лиард теңгеге жеткен. Ал 2019 жылы өсім болғанымен, кейін инвестиция азайып, қайта сол деңгейде жеткен. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске қосқаннан кейін жағдай күрт өзгерді. Нәтижесінде, сек­тордағы күрделі салым­дардың көлемі былтыр 56,3%-ға артып, рекордтық 1,2 триллион теңгеге жетті. Биыл да бұл үрдіс жалғасуда. Сумен жаб­дықтау және қалдықтарды басқару сала­сында да осы жағдай, 2019 жылға дейін көлемі бір деңгейде болған инвестиция, 2023 жылы бірден 23 пайызға өсіп, 598,6 млрд теңгеге жеткен.

Жылдар бойы тозған коммуналдық инфрақұрылымға қажетті қаржы бөлінбей келді. Ал енді кезекте қаражат бар, бірақ модернизация мен даму мәселесі ерекше өзекті. Бағаны тежеу саясаты саладағы апат саны артып және қызмет көрсету сапа­сының төмендеуіне әкеп соқтырды. Ма­мандар бұл саясат ұзақмерзімді перспек­тивада тиімсіз және қауіпті екенін айтуда.

«Инвестициялар дерексіз көрсеткіш емес. Бұл – кез келген саланың дамуы, халықтың өсуіне байланысты күн санап артып келе жатқан жүктемені азай­ту, жаңа қуаттарды енгізу және тозуды уақытылы тоқтату мүмкіндігі. Екібастұз, Риддер және басқа қалалардағы апаттарды көрдік. Коммуналдық қуаттар мен желі­лердің тозуы әлі де өте жоғары дең­гей­де қалып отыр. Мәселен, былтыр Қазақ­стан­да ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%, ал Орал, Степногорск, Тараз, Қызыл­орда және Кентауда ең көп тозу 80%-дан астамын құрайтыны белгілі бол­ды. Мұның бәрі нарықтық жағдайда ба­ғаны дұрыс реттемеудің салдары, – дейді Ranking сарапшылары.

Дегенмен бағаның бұлай бірден өсуі халықтың қалтасына ауыр соққаны анық. Сондықтан тұрғындарда соған сай сапаға бүгін-ертең қол жеткізе аламыз ба? деген заңды сұрақ туындайды. Қазақ­станның энергиямен жабдықтайтын ұйым­дар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, мұның бір ғана шешімі бар, ол – қоғамдық бақылауды күшейту.

– Қазір «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» атты үлкен бағдарлама іске асы­рылып жатыр. Оның биыл жыл басы­нан бері жүзеге асырыла бастағанын тариф ба­ғасының интенсивті түрде өскенінен аңғаруға болады. Тариф арқылы тозығы жеткен коммуналдық желілерді жаңарту идеясы негізінен жақсы, бірақ біздің одан басқа амалымыз да жоқ. Бүгінде мен өзім­нің әлеуметтік желідегі парақшам арқылы депутаттарға үндеу жолдадым. Қоғам бел­сенділері де бұл мәселе жөнінде сырт қа­лып жатқан жоқ. Тіпті, астаналықтар пе­тиция жариялады, – дейді ол.

Бұл жерде тұрғындар мен белсенділер және қауымдастық өкілдері қандай мә­селені алға тартып отыр? Олардың ай­туынша, бүгінде бағдарлама аясында иге­рі­летін қаражатқа жеткілікті бақылау жоқ.

– Біздің мақсатымыз – осыған қоғам назарын аудару. Өйткені монополистерге тауар жеткізуші, материалдық құндылыққа ие мердігер ұйымдардың көпшілігінің монополистер мен олардың менеджментіне қатысы бар. Сондықтан бұл жерде барлығы қаншалықты шынайы әрі ашық екеніне көз жеткізу қиын. Ал Табиғи монопо­лия­ларды реттеу комитеті барлық құжаттар мен есептер ашық дереккөздер арқылы қолжетімді деген пікірде. Қағаз жүзінде солай да шығар. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа жанасатыны үлкен күмән ту­ғыз­ады. Сондықтан бағдарламаның қа­лай жүзеге асырылып жатқанын бақылау қа­жет. Депутаттарға үндеу жолдай отырып, тарифті құру шеңберінде «Тарифтер бойынша аймақтық кеңес» құру туралы ұсыныс тастадық. Одан бөлек, біз қауым­дастық атынан «Әділ және түсінікті тариф­тер үшін» петицция жарияладық. Себебі ең мықты бақылау – ол қоғамдық бақы­лау, – дейді қауымдастық төрағасы.

Оның айтуынша, кеңес құрамына әртүрлі сала өкілдері мүше болуы қажет, оның ішінде тәуелсіз БАҚ өкілдері кәсіп­керлер мен қоғам белсенділері де болса.

– Өйткені сол арқылы біз монополистер жанындағы «резервтерді» анықтай ала­тынымызға сенімдімін. Бұл бағдарлама қазір елімізге ауадай қажет. Бұл – ел эне­р­ге­тикасын құтқарудың жалғыз амалы. Дегенмен қазірдің өзінде миллиардтаған сома қаражат игерілуде. Одан коммуналды қызмет саласындағы инфрақұрылым же­лілерінің тозуы тоқтай ма? Егер дәл қазір бақылауды қолдан жіберіп алсақ, онда ертеңгі күні салымыз суға кетпесіне кім кепіл? – дейді сарапшы.

Шындығында, жарты жыл – қоры­тынды шығаруға, мынадай ауқымды жұ­мыстың нәтижесін көруге тым қысқа мер­­­­зім. Сондықтан монополистерден «6 ай ішінде тозығы жеткен инфрақұрылым қан­шалықты азайды деп есеп сұрай ал­маймыз ба?» деген сауалымызға қауым­дастық төрағасы «бұл қазір шеті көрінетін шаруа емес» екендігін түсіндіріп берді. Себебі тозу процесі ол тоқтап қалмайды, ондай нысандардың саны ары қарай да көбейе береді. Егер қаражат орынды жұмсалмаса, сапасыз инфрақұрылым желілері саланы әлі де артқа тарта бермек. Сондай-ақ Сер­гей Агафонов қазіргі тариф бағасын белгілеуде көптеген қателік барын айтты.

– Оның басты белгілерін бүгінде ай­мақ­тарда шығып жатқан келіспеу­шіліктер мен тұрғындардың наразылығынан көруге болады. Мысалы, Екібастұзда болған апаттан кейін ондағы жылу электр стан­сасын мемлекет қайтарып алған еді. Ол қазір «Самұрық-Энерго» басқаруына өтті. Олар бір мезетте жылу бағасын 181 пайызға көтерді. Соның салдарынан жұрт арасында жанжал туып отыр. Атырау қаласында жер­гілікті монополист сметаға заңсыз 2,5 млрд теңгеге жуық шығын енгізгені анықталды. Салдарынан про­куратура бұл істі қолға алып, оң шешім шығарды. Осы­ның бар­лығы қоғамдық бақылаудың көме­гімен жүзеге асырылып отыр. Сон­дықтан салада сапалы инфра­құрылымға қол жеткіземіз десек, әу бастан-ақ бақылау тетік­терін күшейт­кеніміз дұрыс, – дейді маман.

Кәмила ЕРКІН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз