Әлі толық зерттелмеді – Аида Балаева ЛГБТ-ға қарсы петиция туралы қандай шешім қабылданғанын айтты

0
50
Фото: видеодан кадр

– Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы петицияға қатысты қазақстандықтарға үндеу жолдады. Петиция биыл 10 маусымда жазылған.

«Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырып, қызу пікірталасқа жалғасты. Өйткені, қазір мемлекет тарапынан адам құқықтарына көп көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, қазақстандықтар қоғамдық маңызды тақырыптарды талқылауға және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Қазақстанда Президенттік реформалар аясында демократиялық даму, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту үшін барлық қажетті заңнамалық жағдай жасалған. Соның бірі – петиция институты. Конституция нормаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстан кемсітуге қарсы саясатты жүзеге асырады. Ол саясат негізінде қоғамдық-конституциялық кепілдік, жанжал тудырмау және толеранттылық сақтауды қамтамасыз ету міндеттелген», — деп үндеу жасады Аида Балаева Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, ЛГБТ-ы ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы петицияға қатысты қоғам пікірі екіге бөлінген.

«Жұмыс тобына қоғамның түрлі тобы арасынан 45 адам кірді. Атап айтқанда, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен сарапшылар және мүдделі тараптар қатысты. Осылайша қоғамдық көп бөлігі мәселені талқылауға белсенді атсалысты. Жұмыс тобының екі отырысы және ауқымды сараптамалық талқылаулар өткізу кезінде өтініш бойынша келіп түскен ескертулер талданып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұлттық және халықаралық нормативтік-құқықтық актілерге салыстырмалы талдау жасалды. Петицияда көтерілген мәселелерді реттеуде халықаралық тәжірибе зерделенді. Жетекші ұлттық ғылыми зерттеу ұйымдарымен және сарапшылармен кеңес өткізілді. Петиция тақырыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың ұсынған пікірлері, ұсыныстар мен дәлелдері, зерттеу материалдары мен үндеулердің барлығы назарға алынды», — дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы жоғарыда атқарылған жұмыстардың петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз екендігін айтты.

«Дегенмен, бұл жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерделеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керектігін көрсетті. Бұл уақытты қажет етеді. Дегенмен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан, балаларға жыныстық қол сұғуға қарсы қылмыстардың өсуі аясында жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды отбасының ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау талабы өзекті әрі қажет. Балаларымыздың ақпараттық қауіпсіз ортада өсіп, дамуы аса маңызды. Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз оларға дұрыс рухани, адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру. Сондай-ақ, ұлттық мәдени мұраны ұстануға, генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте өзекті», — дейді А.Балаева.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз