Ұлттық құндылығымыздың қайта дамуына, жаңа өріс алуына әр қазақ өз тұрғысынан үлесін қосуы керек.

0
284

Ең алдымен руханият сөзінің негізгі төркініне зер салып қарастырып көрелік. Руханият дегеніміз қоғамда тарихи жолмен дамыған рухани ғалам, ол қоғамның тыныс – тіршілігінен, әлеуетінен, салт – дәстүрінен белгі беріп, оның өмірі мен мәдени кеңістігін құрайтын маңызды тұғыр. «Қазақтың рухы мықты», «небір қиындыққа тізесін бүккенімен, рухы сынбаған өр халық», «рух бар жерде рухани жаңғыру бар» сынды ел ішілі сөз тіркестері бар және олардың қатары толассыз. Алайда, рух мәселесі өз алдына бір төбе. Себебі, осы рух арқылы қазақ халқы басына түскен қиындықтарды сан өткерді емес пе?! Расында, бұл тақырыпта көзден жас сорғаламай жазу қиын – ақ.

Қазақтың бойында ата – баба қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қайырымдылық, қамқорлық, кеңпейілділік қаситтер бар. Бұл – ұлттық код.

Рух арқылы қазақ қазіргі тәуелсіздігіне қол жеткізіп отыр. Тәуелсіздік алғанымен, іс жүзінде тәцелсіз мемлекеттер қатарына ілікпей, «мемлекеттің қайнар көзі» деп Ата Заңымызда көрсетілгенімен

Осы тұста «Қазақты қазақ еткен не?» деген сауал туындайды. Сол кезде тауып айтатын өткір де мәнді сөздерімен елге танылған абыройлы 3 бидің бірі орақ ауызды Қаз дауысты Қазыбек бидің сөзін келтіруді жөн санап отырмын.

Қаз дауысты Қазыбек бидің өсиеті еске оралады:

«Қазақты Қазақ еткен:
Мейманды досы, мархабатты төрі, мамыражай көңілі,бейбіт өмірі, шексіз пейілі, теңіздей сарқылмас өнері, еңбектегі өлермендігі, өшпейтін өсиеті. ұмытылмайтын қасиеті, арыстандай аңқаулығы, айбынды азаматтығы,
азбайтын ары мен ұяты, тозбайтын жұраты! осыны білген қазақтың, асыл болар мұраты!» – деп насихат сарынында айтып қалдырған.

Әлбетте, әр жағрафилық орында орын тепкен халықтың өзіне тән тарихы, мәдениеті, ділі, діні, тілі, салт – дәстүрі болады. Ең таңқаларлығы, әр халықтыкі өз алдына бір төбе әрі қайталанбас. Ол осымен құнды. Әлемді аралағанда өзге халықтың технологиясына емес, оның тарихи құндылығына, жауһар жазба қазыналарына, тұлғалары туралы зерттеп – зерделеп рухани байып, толып қалатынымыздың да себебі осы. Адамның көкжиегі кеңейе түскен сайын ол осындай тақырыптарға жақындай түседі.

Қазақты момын, жалқау, еріншек, көрсеқызар, пейілі тар, көреалмаушылық қасиеттерімен танитындары бар. Бұл халықтың арасындағы тон сөздерді жоққа шығара алмаймыз. Себебі, тарихтың қойнауына үңілсек, 140 жылға жуық Кеңес Одағының құрамында болған уақта қазақты қазаққа айдап салып отырған, қазаққа үстемдігін жүргізін, оның құқығын таптаған, қазақты аш қалдырған, оны жақындарынан айырып, үрім – бұтағын қыруға да атсалысқан осы – қазақтар…

Әлбетте, негізгі тегеурінді күш өктем патша билігінің пәрменімен жүзеге асса да, сол санатқа еніп отырған біздің қазақтардың бары жүректі қан жылатады.

Қазір де билік басында отырған адамдардың арасында ұлт деп шырылдап отырған азаматтар жетерлік. Бірақ бұл айналмалы сахнаның шегі болуы керек қой. Көтеріліп жүрген мәселелер өз шешімін қашан табады? Қашанғы бейбіт түрде көтеріліске шығатындарды абақтыға жаба береді? Халықтың мұң – мұқтажы қашан орындалады? Сайлау жүйесі қай кезде нақ сайлауға айналады? Мемлекет тұғырында отырған басшыларды халық қашан өз еркімен, дауысымен таңдайды? Қаңтар қырғынында оққа ұшқан қыршындай жас балапандар мен тұрымтал ер азаматтарымыздың қанын немен өтейміз? Ел басшыларының әйелдері туралы ақпараттарды оқығанда, мемлекеттің күніне бекерден бекер уайымдамайтынымызды еріксіз ұғамыз…

Ұлы Абайдың жазындылары – қазаққа Құраннан кейін төсқалтада жүретін даналық кітабы. Бұл – тұсбағдар. Біз өткеннен сабақ алсақ қана, өткенімізді қайталамай, қазіргі кезде аяғымызды Абай айтқандай «ақырын жүріп, анық бассақ», болашақта көрер күніміз жарқын болады. Абайды қазақты кекетіп, мұқатып не төбеден жерге қарап жазып отыр деп ойлайтындар бар. Солай ойлай отыра, жазғандарына елең етіп, қайта – қайта көз жүгіртіп, оқи беретіндер бар. Әсте, Абайдың жазындысының мәні – қазақтың көгеруінде жатты. Қазақтың көсегесін көтеремін, қазақтың көзін ашып, көкірегі ояу болуын қалаған Абай өз жазындыларында қоғамды талдай отыра, ақиқатты судың бетіне көркем түрде шығарып отырды.

Қазақ халқының шұрайлы, ертеде Жібек Жолының ең оңтайлы жерінде орналасқан кезінен бұл байтақ, ата – бабамыздың қанымен, көреген дипломатиялық басқаруымен, өжет біртуар азамат батырларымен келген жерге көз тігіп жүр. Қоғамда жүргізіліп жатқан, іске асырылып отырған бірқатар рухани контекстідегі жобалардың қарасы көп. Бірақ, Ресей мен Қытай тұрғанда бұл рухани мәндегі жобалардың ел мен жерді аман сақтап қалу жолында өз бергенін ақтай ма, ақтар ма деген сауал мазалайды.

«Қазақтың жері – біз берген сыйлық», «Әлі де КСРО –ның құрамындасыңдар» деген ессіз ресей депутаттарының айтындарына жауап қарар беріп жүрген тарихшылар жоқ емес, бар. Бірақ, мұны мемлекеттік тараптан жоғары деңгейде мемлекетті араңдату, жеріне қол сұғу бойынша заң аясында неліктен жауапқа тартылмайды деген ойлар келеді.

«Өткен тарихты білмей, келешекке қадам баса алмайсың» деген ұлағатты сөз бар. Бұл сөзді тарихи дәйектеме ретінде келтірсек: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады», – деп II Екатерина айтқандай, қазақ өзінің артына бір қараса енді қазіргі кезде болып жатқан оқиғаларға өзін басындырмайтын еді. Қазақтың тегі сонау шумер – акадтықтардан бастау алып, түрік, түргеш, қарлұқ, қарахан, Алтын Орда, Ақ Орда, Боз Орда, Қазақ хандығы деп жылжи береді.

«Елім, жерім, ұлтым» деп жүректері елжіреген, қыршадай өмірін сарп еткен, аяусыз дүре соғылған қазақтың қаймақ Алаш азаматтарының қаны текке кетпеуі керек. Бұл өмірде ең сорақысы аманатқа қиянат жасау екенін есте ұстаған абзал.

Ұжымдық мүддені жеке мүддеден жоғары ұстайтын қазақтың рухы еш уақытта сынбауын тілейміз. Елді көкке жетелейтін, апаратын негізгі кілт бар. Ол – білім.

Жастардың тәрбиесіне қазірден көңіл бөлуіміз керек–ті деп филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы айтып кеткен сөзге тоқталуды жөн көріп отырмын. Адам адамнан тек ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады емес пе? Соның ішінде біздің руханиятымызға дендеп енген көркем мінез бен ішкі мәдениет әлеміміздің сантүрлілігі жақын. Батыстың өзіне еліктірер ұлтқа қас, жат ұғымдар ағылып келіп жатыр. Ол біздің жастарымыздың сөйлеу мәнерінен, киім кию үлгісінен, өмір салтынан, қоршаған ортамен қарым – қатынасынан көрініс беріп жатыр. Рухани адасудың ауылы алыста емес екенін түсініп қана қоймай, мемлекеттік деңгейде көтерілуге тиіс аренаға шығуы керек деп білеміз.

Мәселен, Скандинавия мемлекеттері мен Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердегі мемлекеттік, ұлттық идеология үлгілерінің өзіндік өнер туындыларында озық түрде насихатталуын көріп жүрміз. Бұл тенденцияның қуатының мықтылығы соншалық, өзге де мемлекеттерге үстемдік жүргізе алатын қауқарға ие. Жапонияның экономикалық аһуалының көрсеткіші әжептәуір жоғары, ендігіде олар өздерінің төл ұлттық ділін айшықтаумен айналысып жатыр. Білімі мен ғылымы, жаңа технологиялары қарыштап дамып кеткен осынау мемлекеттерге шын мәнінде бүкіл әлем көзін тігіп отыр.

Қазіргі заман ақпарат ағынымен тұспа тұс келіп тұр. Әлеуметтік желіні оң жақтан қарастыра білсек, ұтымды қолдансақ онда біздің қоғамда руханият әлемі дамитын еді деп пайымдаймыз. Ақпараттың жаманы мен жақсысы да бар, ол адамның көңіл – күйіне, менталды денсаулығына, психикасына түрлі аспектіде әсер етеді. Осы тұста ұлттық құндылықтарды әспеттеп, қазақ халқының болмысын ашып көрсететін «Абай ТВ» телеканалын тілге тиек еткім келіп отыр.

«Абай ТВ» телеранасының аудитория көрермендері

Абайдың атын иемденіп отырған бұл телеарна – мәдени-ағарту бағытындағы бірден-бір арна.

Аудиториясы 6 жастағы бүлдіршіндерден бастап көруге рұқсат етілетін арна деп айта аламын. Елін сүйетін, қадірлейтін, қазақ шежіресі мен тарихынан, мәдениетінен сусындайтын, қазақ қоғамының бүгінгі жағдайынан, бүгінгі тұлғаларынан хабардар болғысы келетін, жаңа, ойға, санаға серпіліс беретін ақпараттармен құныққысы келетін көрермендер ортасы.

«Абай ТВ» арнасы ұлттық руханиятты ояту жолында бар күш – қайраты салып жүр. Білім кредосы арқылы пікір алмасып, екілі бір оқырман яки көрермен біле бермейтін ақпараттардың мекеніне айналды. Ол ақпараттар – қазақ ұлтының мәдениеті мен тарихынан, ұлттық сарындағы құндылықтарынан тұрады.

«Сана. Саналы ұрпақ» бағдарламасын қарастырып көрелік. Бұл бағдарламада тұлғалық даму, перфекционизм, зерттеу журналистикасы (біздің салаға қатысты), қатені мойындау психологиясы, тіл үйрену тетіктері, ментал денсаулық, Алаш идеясы және қазақ жастары сынды тақырыптарды емен – жарқын өз ісінің мамандарын шақыру арқылы жүзеге асады. Яғни, қазіргі қазақ жастарының интелектуалды, білімді, қабілетті, қажырлы, рухани ояу озық болуын көздейді. Меніңше де, мұндай бағдарламаларды көріп, санасына тоқыған азамат ертеңгі күні өз елінің ұлтаны болады.

Қанат Тілеухан сұхбат тізгінін ұстайтын «Зинһар» бағдарламасында елімізге елеулі еңбегін сіңірген тарих, әдебиет, мәдениет саласындағы тұлғаларды шақырып, тұлғаның өзін ашып қоймай, қоғамдағы жағдаяттарға да көз жіберіп, көрерменге ой салады.  «Сарасөз» бағдарламасында әр сұхбат тізгінін ұстайтын жүргізуші үнемі ауысып отырады. Бұл да бір көрерменді жалықтырмайтын оңтайлы тәсіл. Ал «Үркер» бағдарламасы «қолда барда, алтынның қадірі жоқ» деген мақалға қарама – қарсы бағытта іс қылады. Яғни, бүгінгі күні ұлтқа тынбай еңбек етіп жүрген жазу әлеміндегі көшбасшыларды сұхбатқа шақырып, тағылымды әңгіме, мәнді мағыналы тақырыпқа сөз қозғайды. Бағдарламаны тізгіндейтін жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек. Келесі «Мазмұндама» бағдарламасында «Жусан иісі», «Атау – Кере», «Ұшқан Ұя», «Жансебіл» сынды қазақ әдебиетінің дүлділ шығармаларын сараптап, талдап, шығарманың негізгі идеясын көрсетіп, анимациялық туындылар арқылы ойнатады.

«Шаһар шежіресі» деген бағдарламада Қазақ жерінің орталық бас қалаларының ежелгі тарихпен ұштасуын зерттей келе, бүгінгі күнмен салыстыра көрсетеді. «Шебер» бағдарламасы – қазақ қолөнері, құрақ көрпе, қазақтың ісмерлігін, шебер өнерін насихаттап, көрерменнің қызығушылығын оятуға құралған бағдарлама.

Мінеки, ұлттық құндылығымыздың жағдайын суреттеумен емес, оның қайта дамуына, жаңа өріс алуына әр қазақ өз тұрғысынан үлесін қосуы керек.

Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ