«Ұлы дала жорығы» биыл Петропавлдағы Абылай хан резиденциясынан басталады

0
204
Фото: «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы

 – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы Дала Жорығы» бірегей марафон-бәйгесінің республикалық іріктеу кезеңінің басталу күні белгілі болды.

«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 наурызда федерация президенті Бақытжан Тұрлыбеков Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті.

ұлы дала жорығы
Фото: «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы

Кездесу барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ жиын барысында «Ұлы Дала Жорығы» республикалық іріктеу турының өтетін орны мен басталу күні де белгіленді.

Биыл марафон-бәйгенің басталу орны ретінде Петропавлдағы Абылай хан музей кешені-резиденциясы белгіленіп отыр. Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамырда Астанада аяқталады. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырым болмақ.

Абылайхан мүсіні
Фото: «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы

Үздік үштікке енген жеңімпаз командалар қыркүйек айына жоспарланған «Ұлы Дала Жорығы» халықаралық турына лицензия алады.

Қазіргі таңда облыстарда аймақтық іріктеу турлары жүріп жатыр, олардың жеңімпаздары ұлттық іріктеу турына жолдама алады.

Республикалық іріктеу кезеңінде орнатылған ең үздік жетістіктер Қазақстанның рекордтар кітабына (KINES) енбек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз