Мұғалім сынақтан неге сүрінеді?

0
444

Еліміз күні өтіп, күйреген кеңестік жүйеден әлемде үстемдік құрған нарықтық қатынастарға көшіп, қоғамдық құндылықтар күрт өзгер­ген тәуелсіздік жылдарын­да педагог мамандығының беделі түсіп, дарынды жастардың көпші­лігі қызығушылық танытпайтын кәсіптің біріне айналғаны мәлім.

Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы мұғалімдікті көбінесе мектептегі оқу үлгерімі орташа болған түлектер таңдайтын болды. Мұның өзі білім беру сапа­сының төмендеуіне әке­ліп соқты. Осы ойсыраған олқы­­лықтың орнын толтыру мақса­тын­да 2019 жылы алғаш рет «Пе­да­гог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұған қоса, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасымен мұға­лім­дер­дің жалақысы кейінгі төрт жыл ішінде екі есе көбейтілді. Нәтижесінде, қоғамдағы педагог маман­дығының беделі арта бастағаны анық.

Ал 2021 жылы педагог ма­ман­дығы бойынша талапкер­лерге қойылатын талап күшей­тіл­ген­діктен, мұғалімдік – орта мек­тепте сапалы білім алған тү­лек­­тердің ғана қолы жететін кә­­сіпке айналды деуге болады. Нақты айтқанда, педагогтік бі­лім беру бағдарламалары бойын­ша жоғары оқу орындарына оқу­ға түсу үшін бұрын Ұлттық бірың­ғай тестілеуден кемінде 50 балл алу жеткілікті болса, бұл өлшемшарт қайта қаралып, ке­мін­де 75 балл болып белгіленді. Дәрі­гер болғысы келетін талапкер­лерге, сондай-ақ мәртебесі биік ұлттық жоғары оқу орын­дарына түскісі келетіндерге ҰБТ-дан кемінде 65 балл алу талабы қойылғандығын ескерсек, енді мұғалім болу екінің бірінің қолынан келмейтіндігі даусыз. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтік мамандықтар бойынша оқитын студенттерге ең жоғары стипендия тағайындалды. Оның мөлшері қазір – 58 мың теңге. Осындай пәрменді іс-шара­лар­дың арқасында дарынды жастар мұғалімдік кәсіпке көптеп бет бұрып отыр. Мысалы, бұдан бес жыл бұрын педагогтік маман­дықтарды 643 «Алтын белгі» иегері таңдаған болса, былтыр олар­дың саны 1503-ке жетті. Сөй­тіп, өткен жылы болашақ мұға­лімдердің ҰБТ-дан алған орташа балы 90 болды. Демек, 2021 жылы педагогтік білім беру бағдарламалары бойынша ЖОО-ларға түскен студенттер төрт жылдан кейін оқуларын аяқтап, диплом алатындықтан, 2025-2026 оқу жылында еліміздің мектептеріне кілең мықты кадрлар келіп, Қазақстанның орта білім беру жүйесіндегі нағыз өрлеу кезеңі басталуға тиіс.

Әзірге қоғамда білім саласын­дағы әдетте министр ауысқан сайын мың құбылатын реформа­лар жайлы пікір­сайыс пен ай­тыс-тартыс жалға­сып жатыр. Басты тақырыптың бірі – мұға­лім­дер­ді аттестаттау мәселесі. Себебі өткен жылы осы сынақ­қа қатысқан педагогтердің 74,2 пайызы «құлап», аз-мұз абы­рой-беделдері тіпті түсіп кеткен болып шықты. Осыған орай Мемлекет басшысы VIII шақы­ры­лымдағы Пар­ламенттің бірін­ші сессиясының ашылуында сөйле­ген сөзінде: «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайын­­даған тапсырмалар тым күр­­делі деп шағымданды. Бәлкім оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қал­ған қатаң ереже болмауы ке­рек. Бі­рақ негізі, ұстаздарға қойы­латын талап жоғары болуға тиіс», деді.

Еңбек жолын қатардағы мұға­лім болып бастап, ұзақ жылдар бойы мектеп басшысы болып қызмет еткен, білім саласының тәжірибелі маманы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова жуырда Үкіметке жол­даған депутаттық сауалын­да: «Ат­тес­таттау рәсімінің өзі субъек­тивті. Сұрақтардың маз­мұ­ны да шағым тудырып жа­тыр. Айталық, мұғалімнің ешқан­дай маңызы жоқ даталарды жат­қа білуі оқушылардың білім сапасына әсер ете ме? Мысалы, орыс әде­биеті бойынша аттестаттау тестінде мы­на­­дай сұрақтар бар: «Радищевтің «Санкт-Пе­тербургтен Мәскеуге сая­хаты» қай жылы жазылған – 1791, 1792, 1793 жылдардың қайсысы?», «Горь­кийдің «Шыңырауда» пьесасы қай жылы сахналанды?». Алайда мұндай даталарды білу білімнің көрсеткіші бола ма?! Бастысы – тарихи дәуірді, тарихи-әдебиеттік үдерісті білу емес пе?! Не­месе қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін Домбровскийдің «Көнені сақтаушы» романындағы теректің қай қиылыста өскендігі туралы сұрақты алайық. Бұл ақпарат не үшін қажет? Оны білу маңызды ма? Көркем образ, сюжет, жанжал болса бірсәрі, жай ғана көшелердің атаулары. Айтпақшы, ол көшелер қазір басқаша аталады ғой…

Сондай-ақ тестілеудің бар­лық сұрағы – ондаған мың сұ­рақ қолжетімді емес, мүлдем жабық екенін айтқан жөн. Олар­ды әрбір мұғалім оқып, зер­делеп, аттес­таттауда өзін не күтіп тұрға­нын түсінуі үшін неге ашық етпеске? Мұның өзі түсінбеушілік туындаған жағ­дайда тест мәтінін бірлесіп түзетуге де мүмкіндік бермей ме?», деп орынды мәселе көтерді. Ал «Білім беру сарапшыларының «Қазақ лигасы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнара Әбішева әлеуметтік желідегі парақшасында мұғалімдерді аттестаттауда ең бастысы – олардың өз шәкірттеріне беретін білімінің сапасы мүлдем ескерілмегендігін өткір сынай келіп, өздерінің Білім беру саласы қызметкерлері кәсіподағымен бірлесіп, педагог­терді аттестаттаудың баламалы ережесін әзірлеуге кіріскен­діктерін мәлімдепті. Шынында да, мұға­лім­дерді тек тестілеу арқы­лы аттес­тат­таудың дұрыстығы күмән туғыз­бай қоймайды. Бұ­ған қоса, тестілеу кезін­де әр­түр­лі бұзушылықтарға жол бе­рі­­ліп жүргендігі де жасы­рын емес. Мәселен, былтыр Қы­зыл­орда қала­сын­дағы Ұлттық тестілеу орталығы фи­лиа­лы­­ның қызметкері қатысқан ал­ты адамдық қылмыстық топ Ұлт­­тық тестілеу орталығының ком­пью­терлік тестілеу базасына қашықтықтан заң­сыз қосылу ар­қылы жергілікті түлек­тердің, мұғалімдер мен мектеп дирек­торларының Ұлттық бірыңғай тестілеу­ден және біліктілік тестілеуінен «өте сәтті» өтулеріне көмектесіп, сол үшін олардан қо­мақты сыйақы алғандығы әш­кереленді. Сотталушылар өздері мемлекетке келтірген 27,5 млн теңгеден аса зиян орнын тергеу барысында толтырғандығы ескеріліп, бәрі де 3 жыл­­ға бас бос­тандықтарынан шартты түрде айырылды. 2019 жылы Ұлт­тық тестілеу орталығының бас дирек­торы парақорлығы үшін сот үкімі­мен 3,5 жылға бас бостандығынан айы­рыл­ғаны да жадымызда. Жуырда Астана қаласынан келген алаяқ әйел Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауылдың орта мектебінің 10 мұға­лімін аттестат­таудан оңай өткізіп беру үшін олардың әрқайсысынан 400 мың теңгеден жинап алып, ізім-қайым жоғалып кеткенін се­нім­ді дереккөзден естіп білдік. Сол мұғалімдер өздерінің оңбай ал­дан­ғандықтарын біле тұра, осы алаяқтық қылмыс үшін өздерін де кінәлі санағандықтан, жұрт алдында абыройларын айрандай төкпеуді ойлап, құқық қорғау орган­дарына шағымданбауды жөн көріпті. Міне, осындай «жабу­лы қазан жабулы күйінде қал­ған» қылмыстық құқық бұзу­шы­лықтардың жалпы саны қанша екені бір Аллаға ғана аян. Демек, біліктілік тестілеуіне байланыс­ты алаяқтық қылмыстардың алдын алу үшін де мұғалімдердің аттес­таттау ережесін өзгерту қажет.

Кәрібай МҰСЫРМАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ