Құм-қиыршықтас қоспасын заңсыз өндіру фактісі анықталды

Жетісу облысының Алакөл ауданында мемлекеттік меншікке тиесілі жер учаскесін өз бетінше пайдалану фактісі анықталды. Бір заңды тұлға осы аумақта тиісті құқық белгілейтін құжаттарсыз құм-қиыршықтас қоспасын өндірумен айналысқан.
Аталған құқықбұзушылық ҚР АШМ ЖРБК Жетісу облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында анықталды.
Тексеріс нәтижесінде жер учаскесі ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып пайдаланылғаны белгілі болды. Құқықбұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, оның нәтижесінде 2,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта құқықбұзушылық жойылып, жер учаскесін өз бетінше пайдалану тоқтатылды.
Жетісу облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті жер заңнамасының сақталуын бақылау және осындай фактілердің алдын алу бағытында жүйелі жұмысын жалғастыруда.