Мұнараның мүшкіл халін министрлік біле ме?
Ақсүмбе ауылы – аудан орталығы Шолаққорғаннан 190 шақырым жерде орналасқан Созақ өңірінің күнбатыс шетіндегі ең шеткі елді мекендердің бірі. Ауыл іргесіндегі биік жотаның басында алыстан Ақсүмбе-Ақбикеш мұнарасы менмұндалайды.
Жергілікті жұрт осыдан он шақты ғасыр бұрын салынған, тарихы терең мұнараның бүгінгі ахуалына алаңдаулы. Мұнара қаптамасының бір шеті опырылып құлаған. «Қазреставрация» мемлекеттік мекемесінің тірлігі шикі екенін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда айтқанымызбен, тірі пенде құлақ аспады», дейді ауыл тұрғындары. Ақсүмбе ауылының тұрғыны Шалқар Назарұлының айтуынша, сапасыз кесек кірпіштер желтоқсанның суық күндері қаланған. «Қыстыгүні 10-15 градус суықта сапасыз кесектер қаланды. Кесектердің арасында байланыс жоқ. Қаншама қаржының желге ұшқаны қынжылтады. Тарихи ғимараттың сыртын жөн білетін адам қам кесекпен қалай ма? Кезінде байбалам салдық. Мынау не болды енді? Бір жаңбырда опырылып құлап қалды. Мұнараның түгел құлап қалмауына кепілдік жоқ. Халықтың ақшасына жүргізілген сапасыз жұмыс қой, жанашырлықпен айтып жатырмыз. Есік сапасыз, су қашыртқысы дұрыс салынбаған», дейді ауыл тұрғыны.
Иә, қам кірпіштен салынып, орта ғасырдан бүгінге дейін жеткен бұл мұнараның сәулет өнері тарихында алатын орны ерекше. Ақ керіш топырақтан құйылған кірпіштен тұрғызылған мұнараны жергілікті халық «сүтке илеген, арасына ту биенің құйрығын турап салған», дейді.
Биік мұнара бір заманда алыстан жауды бақылау үшін тұрғызылған қарауылхана деген болжам айтылады. Мұнараның бұрандалы тепкішекпен басына шығып бірнеше жаққа бағытталған тесігінен қараған адамға 50 шақырымға дейінгі сардала жазық алақандағыдай көрінеді. Мұнара жартас арасын ірі қиыршық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Пішімі жұмыр. Ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі батыс асуға, екіншісі солтүстік-шығыс жаққа қараған. Мұнараның Ақсүмбе аталуына қатысты зерттеулер мен аңыздарға негізделген бірнеше болжам бар. Қазақта найзаның ұшын «сүме» дейді, сондай-ақ моңғолша «сүм» деген сөз қазақша «ғибадатхана» деген мағына береді. Ауыл ақсақалдары: «Ақсүмбе деген батыр қалмақтың Ақбикеш деген сұлуын соғыстан еліне олжалап алып келіп, өзіне еріксіз жар етеді. Қатты қапаланған қыз бір жылдан соң құсадан қайтыс болады. Сөйтіп, қыз мұнараның ішіне жерленіп, ел содан былай мұнараны «Ақбикеш» деп атап кеткен. Төмендегі ауыл батырдың есімімен Ақсүмбе аталыпты» деген аңызды алға тартады. Ақсүмбе мұнарасы туралы аңыздардың теріскейлік бір үлгісінде Ақсүмбе қаласын билеп тұрған ханның Ақбикеш деген әрі сұлу, әрі жаужүрек қызы болғаны туралы айтылады: «Құралайды көзден атқан Ақбикеш мерген туған қаласы үшін болған талай соғысқа қатысып, «мерген қыз», «Құралайды көзден атқан Ақбикеш» аталыпты. Бірде Ақсүмбе қаласының жанындағы биік таудың үстіндегі қарауыл төбеде түнгі күзетте тұрған қарауылдарды жаудың жансыздары өлтіріп кетіпті. Ертесіне Ақбикеш ханға барып қарауылдар мерт болған жерге күзет мұнарасын салуды өтініпті. Алыстан қарағанда сәукеле тәрізді бұл мұнараны халық «Ақбикеш», «Ақбикештің мұнарасы» деп атап кеткен», дейді.
Деректерге жүгінсек, көне қала орнында кезінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мұнара ХII-ХIII ғасырларда, моңғол шапқыншылығының алдында тұрғызылуы мүмкін екенін айтқан. Ал белгілі археолог Карл Байпақов «Қазақстанның ежелгі қалалары» деген кітабында Ақсүмбеге 1390 жылдары Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қарсы жау әскерін бақыласа керек. Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің «Зуфар-намесінде» («Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389-1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Жылнамашы өзінің Әмір Темірдің жорықтары туралы жазылған «Зафарнама-и-Тимури» кітабында: «Темірдің қолы Отырарға келгенде, Темір бірнеше кісіні Қаратауға жіберіп, Әділшені іздетті. (Әділше Бәхрам жалайыр – Темірдің Қамар-ад-динге қарсы жіберген адамы, кейін өзіне қарсы шығып кеткен) Әділшені Ақсүмбеде ұстап, сол жерде басын кеседі. Ақсүмбе осы жерден Дешті Қыпшақ жағын бақылайтын Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сорайып тұрған мұнара», деп жазады. «Зафарнамада» әйгілі Әмір Темірдің Ақсүмбеде шатыр тігіп түнегені де айтылған. Сондай-ақ зерттеушілердің еңбегінде кезінде Қаратаудан Ұлытауға дейін отпен белгі беретін Ақсүмбе сынды жеті мұнара тұрғызылғаны, солардың ішінен осы күнге дейін сақталып жеткені – Ақсүмбе мұнарасы екені айтылады. Тарихи деректерге жүгінсек, ХІІІ ғасырда тұрғызылған мұнараның биіктігі – 25 метр және ені 14 метр болған. Ғасырлар бойы бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген оның биіктігі 11 метрге, ені 7 метрге түскен. Жартылай бұзылып, жерге шөгіп кеткен болатын. Облыс әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілгенімен мемлекеттен көмек ала алмаған ауыл тұрғындары мұнараның төрт жағына баған орнатып, темірден қалқан тұрғызбақ болыпты. Бірақ жерді тесіп бұрғылағанда мұнара құлап кетер деп қауіптенген. Сондай-ақ тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылған. Ал бертініректе мұнараны сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілген. Қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаты да дайындалыпты. Алайда Бюджет кодексіне сәйкес арнайы бағдарламаның жоқтығынан оған жергілікті қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмаған.
Іргесі сөгіліп, жарылып, шөге бастаған мұнараны 2020 жылы айналдыра қоршап, табиғаттың түрлі әсерлерінен қорғау қолға алынған. «Ақбикеш мұнарасы» қоғамдық қорының бастамасымен. Жобасын ұйымдастырушы – «Қазреставрация» ғылыми-зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесі. Ал қайта қалпына келтіру жұмыстарына тапсырыс беруші Мәдениет және спорт министрлігі екен. Ресми деректерге жүгінсек, мұнараның реставрациясына министрлік 30 миллион теңге бөлген. Сөйтіп, қайта қалпына келтіру жұмысын «ҚазҚайтаЖаңартудың» қызылордалық филиалы жасаған. Бірақ жергілікті жұрт сапасыз жүргізілген жұмыс салдарынан тоғыз ғасырдан астам уақыт тұрған мұнараның сыртқы қаптамасы тоғыз айға жетпей қирап қалғанын айтуда. Ал ауа райы факторы себептерін алға тартқан «ҚазҚайтаЖаңарту» РМК Қызылорда филиалының директоры Нұрболат Мұратбеков орын алған кемшілік жоба авторларымен бірге анықталып, алдағы уақытта қайта қалпына келтіру жұмысы мекеме есебінен жүргізілетінін мәлім етті.
Айта кетелік, ауыл тұрғындары көтерген мәселеден аудан әкімдігі хабардар. Дегенмен, мұнара еліміздегі 12 мыңнан астам тарихи ескерткіштің арасында республикалық тізімге алынғандары санатына жатады. Яғни мұнараның мүшкіл халіне алаңдаған жергілікті жұрт министрлік қайта қалпына келтіру жұмыстарының сапалы жүргізілгенін қадағалап, тарихи-ескерткіштің мән-маңызын жоғалтпайтынынан үмітті.