Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ

0
25
Фото: Ашық көзден

 — Бүгін, шетте туып-өскен қазақтардың жарық жұлдызы, қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушы, таеквондодан қара белбеу 6 дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүрік дүниеге келген күн. Марқұм тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді.

Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман — 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Қайсары/Кайсери қаласына қарасты Кожажылда туылған. Ол — 1930 жылдары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтай аймағынан көшіп, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі. Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге құштар болып, дене бітімі және күш-қуаты күрес спорттарына икемді болған. 16 жасында Ыстамбұл қаласындағы мектепті аяқтап, арнайы жолдамамен Тайваньға оқуға аттанады. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап оқытатын арнайы жоба еді. 1975-1980 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді.

Мұстафа Өзтүрік
Фото: Ашық көзден

Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. 1980 жылдардың басында Мұстафа Өзтүрік тәрбиелеген, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды.

1990 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді. Сол жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға тәрбиелеу үшін Қазақстанға біржола қоныс аударып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады.

Мұстафа қазақ еліне алғаш келіп жүрген кезіндегі бір сұхбатында ішкі жан дүниесін ақтарып айтады.

Мұстафа Өзтүрік
Фото: Ашық көзден

«Сіздер ел ішінде жүрсіздер. Содан да шығар Қазақстанды біз құсап сағынбайсыздар. Ал біздер шетелде жүрміз. Кейде ойлайсың, осы барлығының елі, жері бар сонда менің елім қайда деп…Шетелде жүрген қазақтар санымыз аз. Жоғалып кетуіміз мүмкін. Сондықтан біздің ақсақалдарымыз қазақтың әдет-ғұрпын, тілін, дінін ұмытпасын деп үйде қазақша сөйлеген. Бұл бізге де әсер етті. Қазақтың ғаламат тарихы болған. Сол тарихымызды ұмытпау үшін ақсақалдар бізге шыққан тегімізді, руымызды құлағымызға құйып, әрдайым айтқызып отырды. Мысалы, Орта жүздің ішінде найман, найманның ішінде байжігіт, оның ішінде мәмбет дейді. Әкелеріміз бізге осыны үйретті. Бірақ біз бәріміз қазақпыз», – дейді спортшы.

Мұстафа Өзтүрік
Фото: ашық көзден

Сондай-ақ ол осы сұхбатында өзінің жүрегіне ауыр ой салып, көңіліне кірбең түсірген тіл, дін мәселесі туралы өз ойын ортаға салады.

«Елге келген уақыттың ішінде көптеген жерді араладым, бауырларымызбен кездестім. Сөйтсем көптеген бауырларым тіл білмейді екен. Біз тіл білмейміз деп жүрсек, Қазақстанға келіп тіл үйренеміз деп жүрсек осы жердегі қазақтардың өздері тілден айырылып қалыпты. Ендеше біз кімнен үйренеміз? Тіл өте күшті нәрсе. Тіл жоғалса, ел жоғалады. Дін де сондай. Дінімізді жоғалтып, Құдайымызды танымасақ, мұсылмандықтың шарттарын ұмытсақ біз онда әкемізді де, шешемізді де сыйламаймыз. Дәстүр ұмытылса, осы дәстүрді бізге жеткізген бабалар да ұмытылады. Тіл, дін және дәстүріміз бір болуы керек. Бізден кейін де ұрпақ қалады. Оларда кінә жоқ.», — деген еді кезінде елінің ертеңіне алаңдаған Мұстафа Өзтүрік.

1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады. Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралады.

Мұстафа Өзтүрік алғаш рет Қазақстан туын ұстап, команда бастап барғандағы әсері туралы айтқан сұхбаты ел арасында кең таралып, ыстық ықыласына бөленген еді.

«Ер адамның да жылайтын кезі болады. Бірінші еліне деген сағынышн да, елін іздегенде жылайды. Екіншісі туыс-туған өлімінде жылайды. Менің бір жылаған кезім, Қазақстан командасын құрып, халықарлық жарысқа Қазақстан атымен шыққан кезде, жарыс болатын жерде біздің көк байрағымыз желбіреп тұрды. Қаншама мемлекеттер туының арасынан қазақтың туын көргенде толқып еріксіз жыладым. «Осындай күнді құдайым көрсетті, менің туым да желбіреді“ деп қатты тебірендім», — дейді спортшы.

Мұстафа Өзтүріктің осы бір-екі ауыз сөзінен-ақ, ұлтымызға деген, қазақ еліне деген шынайы жанашыр жүрегі көрініп тұрғандай.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскерилер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында оңтүстіккореялықтарды ғана алға жіберіп, командалық есепте екінші орын алады.

Өкінішке қарай, жасындай жарық еткен талантты спортшы, елін, жерін ерекше сүйген қазақтың кең жүректі азаматы 1995 жылдың 15 наурыз күні Алматы қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болады. Қарындасы Феруханның және туыстарының шешімімен Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұлдағы қазақтар көптеп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа өзінің әкесінің жанына жерленеді. Анасы Рәзия БАҚ-қа берген сұқбатында: «Жұрттың біразы «Мұстафаның сүйегін Түркияда жерлеуге Халифа Алтай себепкер болды» деп жүрген көрінеді. Шындығында, олай емес. Керісінше, «осында қалдырайық» деп ақыл қосқан алғашқы адам еді. Бірақ, Мұстафаның қарындасы, менің қызым Ферухан қарсы болды. «Ағам әкемнің қасында жатсын. Жұма сайын барып, Құран оқып тұрамыз“» деді ол. Ол кезде менің бәлен деп айтуға шамам жоқ еді» деген болатын.

Мұстафа Өзтүріктің әкесі Түркия қазақтары арасында Кәбен аталып кеткен, азан шақырып қойған шын есімі Әбдірахман Төлебайұлы. Ол — кезінде Түркия ауған қазақтардың көшін бастаған же­тек­шілердің бірі болған. Қабен Түркия жеріне келгесін өзінің аға өзінің жауырыны жер иіскемейтін шеберлігімен көзге түседі. Түрік бауырлардың Кабен ағаға деген сыйластықтары артып, Өзтүрік атап кеткен.

Мұстафаның нағашы атасы қа­зіргі Шыңжан-Алтай өлкесі, Баркөл, Мори, Ақсай өңіріне аты әйгілі Қайыс­бай Иісұлы деген балуан екен. «жігіттің жақсысы нағашыдан», дейтін көнекөз қариялар Мұстафаны осы нағашы атасына тартқан дейді.

титтт
Фото: Kazinform/Ризабек Нүсіпбек

Германияның Кельн қаласында тұратын Мұстафа Өзтүріктің сырлас досы Ғани Макин спортшыны сағынышпен еске алып, өз естеліктерімен бөлісті.

«Мұстафа шетелдегі қазақтардың жарық жұлдызы еді. Мен Мұстафа мен бірге өстім. Ол таэквондо мен карете өнері бойынша жаттықтым. Екеуміз жақын дос болдық. Мұстафа сыртта жүріп, әкесінің қайтыс болғанын көре алмай қалған еді. Әлі есімде бір күні кеште екеміз әңгімелесіп отырдық. Ол маған әкесін айтып, көзіне жас алып өзінің жазған өлеңін көрсетті. Мен оның жүрегін жарып шыққан сөздерін домбыраға салып, әуен жаздым. Бұл ән кейін „Жұлдыздарды тілейсің бе“ деген атпен ел арасына тарады. Ол Қазақстанда таэквондо мектебін ашты. Сол кезде маған хабарласып, қазақ еліне келіп карете мектебін ашсаң деп өтініш айтты. Мен отбасылық жағдайыммен бара алмайтынымды айтқан едім, маған өкпеледі. 6 ай бойы сөйлеспей қойған еді. Кейін құрбан айт кезінде Түркияға келіп, осында жолықтық дастархан басында әңгімелестік. Мен Қазақстанға барып, карете мектебін құратын болдым. Ол кісі Қазақстанға ұшып кетті. Менде құжаттарымды жинап көшуге реттеліп жатқанмын. Бір аптадан кейін Мұстафаның Алматыда қаза тапқаны туралы қаралы хабар алдық. Жүрегім қан жылады, менің Қазақстанға келу жоспарымда сол күні тоқтады», — дейді Ғани Макин.

Жарық етіп сөнген аз ғана ғұмырында ұлтқа, елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп кеткен Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ. 2000 жылы Алматы қаласында спортшының атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы таэквондо шеберінің 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 2014 жылы болса Қазақстанның елордасы Астана және мәдени астанасы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы және Қазақстан-Түркия достығы бірге тойланды. Бүгінге дейін ол туралы бірнеше деректі фильм де түсірілді. Халқымыз қапияда көз жазып қалған батырдың есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ