Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай расында да, адам баласы пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деп те жатамыз. Табыстың кілтін тынымсыз тірліктен тауып, бүгінде зейнет жасына шықса да, қоғамның көшінен қалмай, ауданның дамуына өзінің үлесін қосып келе жатқан нағыз еңбек адамының бірі – Аманжол Ермағанбетов ақсақал жайында сөз қозғауды жөн көрдік.
Қаламымызға арқау болған кейіпкеріміз Аманжол Ермағанбетов – 1942 жылы Ақмая ауылдық округінде, қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол 1961 жылы Жамбыл облысындағы есеп-санақ училещесіне оқуға түсіп, 1962 жылы әскер қатарына шақырылып, борышын өтеп келген соң оқуын қайта жалғастырған. Алғашқы еңбек жолын «Төңкеріс» колхозында есепші болып, сол колхозда бірнеше жауапты қызметтерде болды. Одан кейін де аталған саладан бөлек аудандық ауылшаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, сол бөлімнің бас маманына дейінгі лауазымдарды абыройлы атқарды. Біз де көненің көзіне айналған ақсақалымыздың қазіргі жастарға деген көз-қарасын білмек болып, әңгімеге тартқан едік.
– Иә, қазіргі жастар егеменді елдіктің еркін жастары. Осындай өркендеу жолына түскен еліміздің болашағы жастардың қолында. Мен әңгімемді неге жастарға арнап отыр десеңіз, кеше мемлекет басшысы біраз жастарды жоғары қызметке тағайындап жатыр. Бұл өте қуанарлық жайт. Себебі оларда тың идея көп. Тағы бір айтарлығы қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде көп жастарымыз білім алуда, елімізде жоғары білім алу үшін білім гранттары да бөлінуде. Мемлекеттік жастар саясаты жаңа белгілі нәтижелер алатыны айқын. Ал жастар өмірі сапалы жаңа деңгейге көтеріледі, бұл өз деңгейінде мемлекеттің гүлденуіне және азаматтардың жарқын болашағына кепіл болады, – дейді ақсақал.
Бүгінде Аманжол Ермағанбетов ақсақал даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі «Ы.Жақаевқа – 130 жыл» мерекелік медалімен, «Ел ардақтысы», «Еңбек даңқы» медальдарымен және облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Қазіргі таңда ақсақалымыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірлік жарымен бірге немерелерінің қызығын көруде.
Дархан Байтілес