«Мақсатым – хоббиімді кәсіпке айналдыру»: елорда тұрғыны «JOLTAP» жобасының ерекшелігі туралы айтты

0
30

Өткен жылы бастау алып, бүгінге дейін жүзеге асып жатқан «JOLTAP» әлеуметтік жобасы – мүмкіндік іздеген астаналықтарға үлкен қолдау. Елорданың түкпір-түкпірінде орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінде қала тұрғындары 52 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес ала алып, жұмысқа орналасудың жолын табуда. Сондай-ақ 12 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқуға жазылып, жаңа кәсіпті игеруге мүмкіндік алып отыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қысқа мерзімді оқудан өткендердің бірі – Мәдина Мұратқызы. Өзінің мамандығы бағдарламашы болса да, осы жоба арқылы бариста кәсібін меңгеруге қызығушылық танытты.

«Мен осындай ұтымды жоба арқылы бариста кәсібінің қыр-сырын үйренуді мақсат тұттым. Бұл мамандыққа көптен қызығушылығым артып жүрген еді. Өйткені қазір көптеген замандастарымыз шайдан гөрі кофені көбірек ішеді. Бұл — белсенді қызмет ететін, креативті идеялармен жұмыс істейтін жастардың таңдауы. Сол себепті кофейнялардың саудасы қызып тұр. Көптеген сарапшылар да аталған кәсіптің жақсы табыс әкелетін айтуда. Мақсатым – хоббиімді кәсіпке айналдыру», — дейді жоба қатысушысы.

Ол сондай-ақ, жобаның жұмыссыз тұрғындардың үйде отырып қалмай, қоғаммен араласып, әрі қарай жұмысқа орналасып кетуіне көмегі бар екенін айтты. Бұған қоса оқытушылардың курсты оқу мен тәжірибені ұштастырып, қызықты өткізетіндеріне дән риза.

Жобаның серіктестері сауда, құрылыс, қоғамдық тамақтану, көлік, өндіріс және қызмет көрсету салаларының көшбасшылары болып саналады.

Жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту бағдарламасы стандарттар мен бизнес қажеттіліктеріне негізделгендіктен, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғарылайды.

Жобаның серіктестері бос жұмыс орындарын «JUMYS TAP» Telegram-ботында және «JOBS JOLTAP» Telegram-арнасында белсенді түрде ілгерілетуде.

Осылайша бизнес пен халық арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізілуде. Жоба арқылы кәсіпорындар кадрлардың үздіксіз ағынымен қамтамасыз етілсе, халық өз кірістерін арттырудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ