Майқайыңдағы апат: іздестіру-құтқару жұмысы тоқтатылды
Павлодар облысы «Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылған шұңқырға құлаған автобустағы адамдардыі іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлады облыстық ТЖД.
GRP-RIDDER-GROUP компаниясы жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, шыңырау түбінде топырақ құрылымы өзгеріп, әлсірегені анықталды. Топырақтың астында қуыстар пайда болған. Бұл тау жынысының құлау қаупі өте жоғары екенін көрсетеді. Бұл учаскеде қандай да бір тау-кен, іздестіру-құтқару жұмысын жүргізу барлық қатысушыға өте жоғары қауіп төндіреді.
Апатты жою басшысының орынбасары – КӘАҚҚ РШО Павлодар филиалы директорының орынбасары Ерлан Жарқымбеков құтқарушылар мен экскаватор машинистерінің өміріне қауіп төнуіне байланысты, жүргізіліп жатқан жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты «Майқайыңалтын» АҚ басшылығы ӘҚҚБ РҚШ ҚҚ-мен бірлесіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік, тау-кен, геологиялық жұмыстар саласындағы сарапшы апаттың барлық периметрін тексеру және жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысын жалғастыру немесе толық тоқтата тұру туралы қорытынды алу үшін тартылады.
Қазір Павлодар облысы ТЖД-ның барлық күші мен құралы жұмыс жүргізіліп жатқан жерде.
Еске сала кетсек, биыл 3 ақпанда «Майқайыңалтын» АҚ кеніші аумағында опырылған жерде тағы да сызат пайда болған еді. Бұл тау жынысының құлауы мүмкін екенін білдіреді. Осыған байланысты іздестіру жұмысы тоқтауы мүмкін екені хабарланған. Бүгінде опырылған шұңқырға құлаған автобустағы адамдарды әрі қарай іздестіру мәселесін арнайы комиссияның қарайтыны белгілі болған.
Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда 3 құтқарушы және 1 жүргізушісі бар автобус опырылған шұңғырға түсіп кеткен болатын. Оның тереңдігі – 200 метр, ені – 500 метр. Сол күні 2 құтқарушының денесі табылған. Алайда автобустағы 1 құтқарушы мен 1 жүргізушінің денесі әлі табылмады.