Майқайың кенішіндегі апат: автобустағы 2 адам тірі болуы мүмкін

0
71
“Майқайыңалтын” кеніші, фото: ТЖМ

Майқайың кенішінде шұңғырға түсіп кеткен автобустағы 2 адам тірі болуы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ өкілі жағдайдың күрделі екенін мойындады.

«Мамандар жерді сканерлегенде автобустың тұрған жерін болжады. Құрылғы ол жерде металл бар екенін көрсетті. Бұрын оның астында бос кеңістік бары айтылды. Сондықтан құтқарушыларымыз бен мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Күн суық. Құтқарушылардың да өміріне қауіп төніп тұр.

Себебі, топырақ жылжыса, ондағы жұмыс істеп жатқан техника жерге түсіп кетуі мүмкін. Барлық қауіпсіздік сақталып жатыр. Автобус жатқан ықтимал жерге жақындадық. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатырмыз», – деді Бауыржан Сыздықов Мәжіліс кулуарында.

Министр орынбасарының айтуынша, автобустағы 2 адам (құтқарушы және жүргізуші) тірі болуы мүмкін деген болжам бар.

Оң болжам бар. Бірақ әзірге нақты күні мен уақытын айта алмаймыз. Жағдай күрделі, мұндай операция бұрын болмаған. Өте мұқият жұмыс істеу керек, – деді ол.

Айта кетейік, Павлодар облысы Маңқайың кенішіндегі шұңғырға түсіп кеткен автобуста барлығы 4 адам болған. 2 құтқарушының денесі табылды. Құтқарушылар қалған екі адамды әлі іздеп жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ