Медицина қызметкерлерін кәсіби даярлау еліміздегі медициналық көмек сапасының негізі болып табылады
«Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы» бастамасы шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі бастапқы буын мамандарының – дәрігерлер, фельдшерлер, мейіргелер, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылар құрамының білімі мен кәсіби дағдыларының деңгейін арттыру бойынша «Кадрлық қолдау: теңгерім және қолжетімділік» кешенді жоспарын әзірледі.
Мемлекет басшысы 2025 жылы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде денсаулық сақтау саласында практикаға бағдарлана отырып, медициналық колледждердегі білім беру бағдарламаларының деңгейіне және орта медициналық персоналдың кәсіби құзыреттеріне ерекше назар аударылатын болады.
Білім және ғылым ұйымдарымен бірлесіп МСАК мамандарының біліктілігін арттыру іс-қимылдарының жоспары әзірленді, ол 5 негізгі бағыттан тұрады:
– МСАК мамандарының біліктілігін арттыру бойынша нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру;
– МСАК мамандарының (жалпы практика дәрігерлері мен мейіргелердің) біліктілігін арттыру;
-медициналық жоғары оқу орындары мен медициналық колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыру
– біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру;
– жас мамандарға бейімдеу және тәлімгерлік орталықтарын құру.
Оқыту бағдарламалары соңғы медициналық жетістіктер мен технологияларды, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік актілердегі өзгерістерді ескере отырып әзірленген. Әр курс теориялық және негізінен практикалық сабақтарды, сонымен қатар өзін-өзі оқытуды қамтиды.
Оқытудың жаңа бағдарламасымен 3 жылдан аз жұмыс өтілі бар 2,5 мыңнан астам жалпы практика дәрігерлерін қамту жоспарлануда. Оқытуға арналған модульдердің тақырыптары тыңдаушылардың осы санатын тестілеуді талдаудың негізінде медициналық жоғары оқу орындарының базасында әзірленетін болады.
Осы жоспардың шеңберінде 3,5 мыңнан астам мейіргер біліктілігін арттырады. Орта медициналық персоналды оқыту модулдері профилактика және диспансерлік бақылау, ерте шақтағы балаларды патронаждау және күтім жасау, ауыр жағдайларда көмек көрсету, ЖОО-ны іске асыруда мейіргердің жұмысы, иммунопрофилактика және цифрлық технологиялар сияқты негізгі бағыттар бойынша әзірленген.
Біліктілікті арттыру курстарынан медициналық колледждердің 1 600-ден астам педагогы өтеді. Олардың оқуы тәуелсіз емтихан бағаларының нәтижелерін ескере отырып өтеді. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушыларын педагогикалық өтіліне, педагогикалық құзыреттеріне және білімді тәуелсіз бағалау нәтижелеріне қарай оқыту көзделеді.
«Медицина қызметкерлерін кәсіби даярлау еліміздегі медициналық көмек сапасының негізі болып табылады. Біліктілікті арттыру жылы шеңберінде біз МСАК мамандарына, біздің педагогтарға өз құзыреттерін арттыруға және медициналық көмек көрсетудің және болашақ дәрігерлерді даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге көмектесетін тиімді және қолжетімді бағдарламаларды құруға бағытталғанбыз», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың кешенді жоспарының тұсаукесері барысында.
Жаңа курстар 2025 жыл бойы жетекші медициналық орталықтардың, саланың бейінді штаттан тыс мамандарының және білім беру платформаларының қолдауымен ұйымдастырылатын болады. Бағдарламаның барлық қатысушылары денсаулық сақтау жүйесінде танылатын біліктілікті арттыру сертификаттарын алады.