Кальян шеккен 5 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Астанада кезекті рет кальян шегушілерді анықтау мақсатында түнгі рейд жүргізілді. Сарайшық ауданындағы ойын-сауық мекемелерінде тексеру өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Рейдті аудан әкімдігі мен полиция басқармасының өкілдері жүргізді. Олар қоғамдық орындарда кальянды пайдаланудың алдын алу мақсатында 6 ойын-сауық мекемесін тексерді.
«Екі мекемеде заң бұзушылықтар анықталды. Мекемеге келген 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 294 900 теңгені құрады», — деп хабарлады Сарайшық ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тыйым салынған орындарда кальян пайдаланғаны үшін ойын-сауық мекемелерінің тұтынушыларына ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес айыппұлдар өндірілді.
Рейдтік іс-шаралар «Заң және тәртіп» аясында өткізіліп жатыр.