Мемлекеттік органдар халыққа ресми ақпаратты жедел жеткізуге міндетті – заң жобасы

0
196
Фото: otyrar.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Заң жобасының мақсаты – халықтың хабардар болуын, мемлекеттік сектордың ашықтық деңгейін, белсенділігі мен есеп беруін арттыру.

«Заң жобасын іске асыру бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. Құжат халықаралық сараптама ұйымдарының, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қатысуымен әзірленді. Бұл тұрғыда тиісті мәселелерді шешу мақсатында ұсыныстар енгізілді. Халықаралық ашықтық стандартын қолдану мақсатында Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң аясында, яғни жекелеген жағдайларды қоспағанда (мемлекеттік құпиялар), мемлекеттік органдардың барлық ақпаратын ашық деп айқындау ұсынылды. Бұл ретте, мемлекеттік органдар ақпаратқа қол жеткізуді тек белгілі бір мерзімге және құжаттың бір бөлігіне ғана шектеу қоюға құқылы болады», — деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров.

Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдар халыққа ресми ақпаратты өз бастамасымен жедел жеткізуге міндетті. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың ақпаратты белсенді түрде таратуға қатысты жаңа міндеті, сондай-ақ оның ұғымы мен іске асыру тетігі енгізіледі. Бұл, бірінші кезекте, білім беру, экология және денсаулық сақтау салаларына қатысты.

Сонымен қатар вице-министр мүгедектігі бар адамдар үшін ақпаратты емін-еркін алуыі мәселелерін Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда жеке бап және қағидат түрінде бекіту ұсынылғанын айтты.

Бұдан бөлек, депутаттық белсенділіктің және Парламент депутаттары бастамасымен әзірленетін заң жобаларының санының өсуі байқалып отыр. Осыған орай депутаттық заң жобалары бойынша «Ашық НҚА» порталында жария талқылау жүргізу ұсынылды.

«Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратқа қол жеткізу саласында бақылау өкілеттіктері болмағандықтан, азаматтар мен БАҚ-тан келіп түсетін шағымдар бойынша ден қою шараларын қабылдау мүмкіндігі жоқ. Азаматтар бірден сотқа шағымдануға мәжбүр. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті құзырет бере отырып, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жауапкершілікті күшейту мен мемлекеттік бақылауды енгізу ұсынылды», — деді Д. Қадыров.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз