Мемлекеттік рәміздер күні Астанада қандай іс-шаралар өтеді
– Астанада Мемлекеттік рәміздер күнінде бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Олардың арасында челлендж, көрме, түрлі акциялар, мерекелік концерт және т.б. бар, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
4 маусым күні Қаламгерлер аллеясында «Кітап қала» ашық аспан астындағы кітапхана базасында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттың айшықты таңбасы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Бұл күні сағат 14.00-16.00 аралығында «Байтерек» монументі алдында «Мен – Қазақстанның патриотымын!» әскери-музыкалық патриоттық шеру өтеді.
Сондай-ақ, қалалық Арбат пен қалалық орталық саябағында «Рәміздерім – айбыным» акциясы өтеді. Оның аясында қала тұрғындарына мемлекеттік жалаушалар таратылып, викторина ойнатылады және қатысушыларға сыйлықтар табысталады.
Сағат 19:00-де қалалық арбатта «Менің елім!» патриоттық әндер шеруі өтеді.
Әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған виртуалды көрме өтеді.
Білім беру мекемелері мен ұйымдарында бірқатар іс-шара өтпек. Олар: «Мен – Қазақстан Республикасының азаматымын» пікірсайысы, ҚР Мемлекеттік рәміздері тақырыбына арналған олимпиада, «Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны» танымдық сағаттары, «Елімнің рәміздері» жас ақындар байқауы, «Атамекен» атты патриоттық өлеңдер орындау бойынша челлендж, «Ел рәміздері – ел рухы» кітап көрмесі, «Елімнің Рәміздер күні» балалар жұмыстарының қалалық көрмесі, «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» концерттік бағдарламасы, «Рәміздерім – мақтанышым!» мерекелік концерті ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 3-4 маусым күндері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне орай мемлекеттік және бағынысты мекемелерде «Мен –Қазақстанның патриотымын!» мерекелік іс-шаралары жоспарда бар.
Мемлекеттік мекемелер, аумақтық органдар, бағынысты ұйымдар және т.б. арасында «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» жалпықалалық патриоттық акция-челленджі өтеді.
Әлеуметтік желілерде бір уақытта Мемлекеттік Тудың тұсында түскен сурет орналастыра отырып, «Менің туым – менің мақтанышым!» жалпыұлттық челленджі ұйымдастырылады.
Маусымның алғашқы күндерінен бастап, «Туымыз — төрімізде!» патриоттық акция өткізіліп жатыр. Оның аясында ҚР Мемлекеттік туларын тұрғын үйлер мен ғимараттардың балкондары мен терезелерінде желбірету іс-шарасы қолға алынды. Жалпы 1000 жуық Мемлекеттік Ту тұрғын үйлерге ілінді.