«Миллиардтар текке кетті»: Аудиторлық палата денсаулық сақтау министрлігі жұмысын сынады
Қазақстанда сатып алуларды сапасыз жоспарлау салдарынан 279,5 млн теңгеге мерзімі өткен дәрі-дәрмек есептен шығарылған,
Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысында айтылды. Жоғары аудиторлық палата аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілікті анықтаған. Олар отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына, баға белгілеуге, сатып алу және логистика процестеріне, инспекциялар жүргізуге және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалауға қатысты. Қолдау шаралары отандық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары ескерілмей және жергілікті ету деңгейіне қарамастан көрсетіледі. Дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген.
Бүгінде отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20%-дан төмен. 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 18%-ды құраған.
Сондай-ақ аудит бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейтінін атап өтті. Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате. Неліктен деңгейлес елдердегі баға талдау жүргізілмейді? Қазір барлық баға белгілеу өндіруші зауыттың мәліметтеріне негізделген. Бұл тәсіл дұрыс емес», – деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.
Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алу бөлігінде баға белгілеуде де сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар, – деді Ақмарал Әлназарова.
Тіркелмеген дәрілер 2000%-ға қымбатқа сатылып жатыр
Сонымен қатар Әлихан Смайлов елімізде тіркелмеген дәрі-дәрмектердің бағасы реттелмей отырғанын атап өтті. Бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр, деді ол. Бұған қоса мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СК-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр.
Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.
Сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар анықталған. Осылайша, 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары болса да, сондай-ақ «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектерді сатып алу жүзеге асырылды.
Логистиканың болмауынан шығын 10 млрд теңгеге дейін жетті
Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмектерді сақтау нарығын монополизациялауы және бірыңғай дистрибьютерде өзінің логистикалық инфрақұрылымының болмауы логистикаға жұмсалатын шығыстардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті: 2022-2024 жылдарда 6,8 млрд теңгеден 10,2 млрд теңгеге дейін.
Сондай-ақ аудиторлар Ақмола, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарына арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау жедел қоймаларының жоқтығына назар аударды. Қоймалардың болмауы логистика шығындарын ұлғайтып, төтенше жағдайлар кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге теріс әсер етуі мүмкін.
Тариф белгілеудің саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде: қаржылық бұзушылықтар – 538 млн теңге; тиімсіз жоспарлау – 2,8 млрд теңге; активтерді тиімсіз пайдалану – 385 млн теңге және бюджеттің ықтимал шығындары – 21,7 млрд теңге.
Комитет басшысы аудит жүргізуге кедергі келтірген
Палата бұған қоса аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын хабарлады. Анықталған бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.
Жүйелік кемшіліктерді жою, бюджет және өзге де заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді болдырмау, дәрі-дәрмектердің құнын төмендету және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.