Мықты мемлекеттің іргетасы – әділетке негізделген заң, парасатты билік және жауапкершілігі жоғары азаматтар

0
25

Қарағандыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауын талқылауға арналған облыстық жиын отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, ардагерлер, құрметті азаматтар және қоғам қайраткерлері қатысты. Қалалар мен аудандар онлайн режимінде қосылды. Кеңестің негізгі мақсаты – жолдауда айқындалған міндеттерді Қарағанды облысында жүзеге асыру жолдарын талқылау. Президент жолдауында ел дамуының стратегиялық бағыттары нақтыланды. Атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту мәселелері көтерілді. Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттің «бүгінгі дәуірдегі біздің басты байлығымыз – мұнай емес, білім мен интеллект» деген сөзін негізге ала отырып, Қарағандының ежелден білікті кадрларымен, мықты білім беру әлеуетімен танылғанын тілге тиек етті. Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым –Ғылымға, өнеркәсіпке, медицинаға өлшеусіз үлес қосқан мамандарды даярлаған өңір бүгін, заман талабына сай, алгоритммен, жасанды интеллектпен  жұмыс істейтін кадрлар тәрбиелеуі керек. Қарағанды өңірі болашақ Қазақстанның зертханасына айналуы тиіс – мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технология, ауыр өнеркәсіп пен жасанды интеллект тоғысуы қажет. Сонда ғана біздің белсенділігіміз бен бастамашылдығымыз тек өңірдің ғана емес, тұтас елдің даму қарқынына әсер етеді», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. Басқосу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері бойынша сөз сөйледі. Ол заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу аталған сала жұмысын жандандыруға мүмкіндік беретінін алға тартты.   Ал инвестиция, туризм, кәсіпкерлік және өңдеу өнеркәсібіне қатысты өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысын облысы әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына жауапты орынбасары Ермек Алпысов баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 120 инвестициялық жоба қолға алынды. Соның арқасында  20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жиынға қатысқан сарапшылардың айтынша, бұл аймақ дамуына жаңа серпін береді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жолдары жөнінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков баяндады. Атап айтқанда, агрохабт құру, ветеринариялық қызметті жетілдіру, өңірдің цифрлық картасын енгізу және су ресурстарын сақтау шаралары талқыланды. Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы аясында атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда «Qarmet» АҚ-на тиесілі өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және компанияның инвестициялық жобаларын іске асыруға байланысты жоспарымен бөлісті. Кәсіпорынның тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры – Ербол Исмаиловтың айтуынша, бұл мақсатқа 1,6 трлн теңге бөлінеді. Қоршаған ортаны қорғау, суды үнемдеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру  мәселелерін шешу жолдарын облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов ұсынды. Баяндамашы «Таза Қазақстан» республикалық жобасының маңыздылығына айрықша тоқтап өтті. Отырыс соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрақты даму тақырыбына тоқталды.  –Тұрақты даму – бұл тек экономика мен экология ғана емес, сонымен бірге мызғымас құқықтық негіз. Мықты мемлекеттің іргетасы – әділетке негізделген заң, парасатты билік және жауапкершілігі жоғары азаматтар. Осының бәрінің түпқазығы – Заң және тәртіп. Олай болса, Президент белгілеген стратегиялық бағыттар бойынша жұмысымызды жүйелеп, нақты қадамдарға көшейік, – деп ойын түйіндеді облыс әкімі.  Аяулым СОВЕТ

Материалдар көшіріліп басылған ретте «Ortalyq Qazaqstan» сайтына сілтеме жасау міндетті. https://ortalyq.kz/erma-anbet-b-lekpaev-ara-andy-iri-bolasha-aza-stanny-zerthanasyna-ajnaluy-tiis/

ПІКІР ҚАЛДЫРУ