Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті

Майндағы Франкфурт қаласындағы Dr. Hoch’s Konservatorium концерт залында қазақтың көрнекті композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Кештің басты көркіне айналған – ұлттық аспаптарда шебер ойнайтын, этно-ансамбль «ORDA» болды. Ұжымның ұлттық шығармаларды жоғары деңгейде, шебер орындауы тыңдаушыларды ерекше әсерге бөледі. Концерт бағдарламасына Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасы, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», халық күйлері мен әндері, сондай-ақ неміс классикалық әуендерінің этникалық өңдеудегі нұсқалары, соның ішінде атақты «Oh du lieber Augustin» да енді.
Шығармашылық кешке дипломаттар, неміс жұртшылығының өкілдері, музыканттар, студенттер мен қазақ диаспорасы қатысты.
Қазақстан Республикасының Бас консулы Тауболды Умбетбаев өз сөзінде мәдени байланыстардың қазақ-неміс қатынастарын нығайтудағы маңызын атап өтіп, өнерпаздардың ұлттық өнерді шетелде насихаттауға қосқан зор үлесін ерекше бағалады.
Жылы шырайлы әрі әсерлі кеш Қазақстан мен Германия арасындағы достық пен мәдени байланыстың тағы бір айғағына айналды. «ORDA» тобының өнері көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, концерт соңында көрермендер орындаушыларды ұзақ уақыт қол соғып қошеметтеді.
Осы күні, яғни 21 мамырда, Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтілді. Өз сөзінде Бас консул мәдениет қайраткерлеріне ұлт руханиятының өркендеуіне, қазақ халқының рухани және мәдени мұрасын сақтауға қосқан өлшеусіз үлестері үшін терең ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетіні – ұлы композитор шығармашылығының бүкіләлемдік мәдени қауымдастық үшін айрықша маңызға ие екенінің айғағы.