Қоғам бірлігі – қастерлі ұғым
Қоғамда өзіндік мүдделері мен мақсаттары бар түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштер болады. Осы әлеуметтік топтар мен саяси күштердің өзара сенімі, келісімі, өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығы әлеуметтік өмірдің ерекше сапалы жағдайы болып табылатын қоғам бірлігін құрайды.
Қоғам бірлігі – қоғамның ілгерілеуін жеделдетудің, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайтудың қуатты факторы. Егер бір елде қоғам бірлігі болмаса, ол елдің кез келген қиындықтардан шығу жолында елеулі кедергілер кездесе бермек. «Қоғам бірлікте өмір сүруі үшін не істеу керек?» деген сауал – әлеуметтік ғылымдардағы ең маңызды мәселелердің бірі. Қоғамның бірлігін түсіну ең алдымен, қоғамдық келісім теориясымен байланысты. Кейін қоғамдық келісім теориясы қоғам бірлігіне жету құралы ретінде консенсус идеясымен ауысты. Жалпы, қоғам бірлігі деп нақты нені түсінеміз? Біздің ойымызша, қоғам бірлігі ынтымақтастықпен байланысты. Француз әлеуметтанушысы Э.Дюркгейм өз еңбектерінің бірінде әлеуметтік ынтымақтастықты өлшеуге болмайтынын айтты. Демек, біз бір қоғамның «ынтымақтастығы» жоғары, екіншісі төмен деп айта алмаймыз.
Қоғамның бірлігін тек адамдардың консенсусы емес, қоғамда қалыптасқан қағидалардың бірлігі ретінде де қарауға болады. Қоғам бірлігін құру үдерісінде осы қағидалар арасында иерархиялық тепе-теңдік орнайды. Бұл тепе-теңдік әрбір жағдайда «қоғамдық келісімді» көрсетеді. Қоғамдық келісімге қол жеткізу туындайтын қақтығыстарды еңсеру тетігі болып табылады. Тек мемлекет қана емес, бүкіл азаматтар осы қоғам бірлігі тетіктерін дамытуға бірлесе атсалысуы қажет.
Ғылымда адамдар қауымдастығының маңызды белгілерінің бірі – олардың бір ұғым туралы идеяларының бірлігі туралы көп айтылады. Ұжымдық шынайылыққа көзқарасты білдіретін түсінік ұжымдық көзқарастардың қауымдастық негіздеген қағида бойынша әрекет етеді. Ұжымдық көзқарастар қоғам бірлігінің мазмұнын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені ұжымдық көзқарастар көмегімен кез келген адам өзін қай топқа жататындығын таниды. Қоғамның дамуымен ортақ моральдық сезімдерге негізделген ынтымақтастық, оның ішінде механикалық ынтымақтастық өз ретімен еңбек бөлінісіне негізделген органикалық ынтымақтастықпен ауысады. Нормалар мен ережелер азаяды және органикалық ынтымақтастық қоғамындағы адамдар түрлі қызметтерді орындайды.
Қоғам бірлігін зерттеуде америкалық әлеуметтанушы Т.Парсонс теориясының тәсілдері маңызды рөл атқарады. Т.Парсонс қоғам немесе әлеуметтік топ бірлігінің негізін «әлеуметтік жүйенің қажетті типі туралы идеялар» ретінде анықтайтын және «үлгіні сақтау және жаңғырту қызметтерін» орындайтын құндылықтар деп атайды. Құндылықтар қолдаушылардың ортақ идеяларға сәйкес әрекет етуін және бірге әрекет ететін жеке тұлғалар бірлестіктерін – «құндылыққа негізделген бірлестіктерді» құруға міндеттейді. Т.Парсонс пен Э.Дюркгейм тұжырымдамаларында құндылықтар мен ұжымдық қағидалар сәйкесінше қоғамның интеграциясына, оның тепе-теңдік жағдайына жетуіне ықпал етеді.
Француз әлеуметтанушылары Л.Болтански және Л.Тевено бірлік ұғымын қалыптастыруда алты әлемге мән беру қажеттілігін негіздейді. Біріншісі – адам шабыты әлемі. Шығармашылық, ағартушылық негізгі ресурсы болып табылатын шабыттанған туындыгер – оның субъектісі. Екінші, дәстүр, сенім, бедел, жеке қарым-қатынасқа назар аударумен сипатталатын үй әлемі. Үшінші, ынтымақ, теңдік, ұжымдық мүддені жүзеге асыруға ұмтылатын азаматтық әлем. Төртінші, тиімділік пен өнімділікке бағытталған индустриалдық әлем. Бесінші, танымалдылық пен қадір-қасиет ең маңызды категориялар болып саналатын пікірлер әлемі. Алтыншы, баға, айырбас, ақша және сатып алу қабілетімен өлшенетін нарық әлемі.
Қоғамның бірлігі мен ынтымақтастықтығының негізі индивид пен ұжым арасында үнемі тепе-теңдік орнату арқылы өзара әрекеттестікке ұмтылумен байланысты. Бірлік пен ынтымақтастық қалыптасқан қоғамда жеке адамдар мен ұжымдардың бастамалары қолдау тауып, мемлекет қоғамдағы әділдік пен сабақтастықтың, ұжымдық талқылаудың кепілі ретінде әрекет етеді. Талқылаулар арқылы туындайтын ұжымдық жауапкершілік болмаса, бірлік пен ынтымақтастық жекешілдікке толы қоғамдағы олқылықтарды жоюы ықтимал. Демек, қазіргі жаһандану заманында бірлік пен ынтымақтастықта болуымыз керек.
Біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері бірлік пен ынтымақтастықты жоғары бағалады. Мұны «Бірлік болмай – тірлік болмас», «Ырыс алды – ынтымақ» секілді көптеген мақал-мәтелімізден білуге болады. Сондықтан бірлік мемлекетіміздің дамуы үшін қажет.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты