Оқитын әке – балаға үлгі

0
284

Бұл жобаны Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы бастап отыр. Ол «Әке мен бала» жобасы аясында іске асырылуда. Жақында кітапханада оқитын әкелер бас қосып, қызу пікірталас өткізді.

Шараға модераторлық жасаған – тарихшы, саясаттанушы Жандос Каринбаев. Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, журналистер, ұстаздар қауымы, кітапхана оқырмандары мен отбасы құндылығын насихаттап жүрген ғалымдар жиналды. Ата-аналар арасында Айдосовтар, Бегімтаевтар, Нысановтар, Базарбаевтар отбасы бар. Сондай-ақ балалар жазушысы Серкбол Хасан, «Bilimland компаниясының басқарушы директоры, academia.kz онлайн жобасының негізін қалаушы Нартай Әшім, №38 мектеп-лицейінің директоры Қадырғазы Мұқанов, актер, жазушы, драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нартай Сауданбекұлы, қазақстандық кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов, кинорежиссер, қазақ анимация директоры Жәнібек Оразалы, «Арландар» футбол кулбының директоры Фазылбек Әбсаттарұлы да қатысып, өз ойларын білдірді.

Жиынға оқытушы-аудармашы, веломарафоншы Ернат Мелсұлы, кәсіпкер Бақытжан Әкімбаев, техника ғылымдарының кандидаты Муталап Абсаттаров, түркітанушы ғалым Шыңғыс Бегімтаев да қатысты.

«Оқитын әке» жобасының мақсаты – бала тәрбиесіндегі әке рөлі, ұлттық құндылықтар, ата-бабаларымыздың тәрбиелік мектебі, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту және т.б. мәселелер айтылды. Балаларды жаңа технологияларды пайдаланып, оқу-білімге құмарлығын арттыруға бола ма? Балалар бос уақытын немен өткізеді? «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген моральдың мәнісі туралы да сөз болды. Әкесі кітап оқыса, баласы кітап оқи ма? Бұл да бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі.

Шара барысында Ақжарқын Айдосова  «Жалғызым әкем» әнін шырқаса, Гүлсезім Нысанова Сяат Әбеновтің «Әкелердің орны бөлек» өлеңін оқып, «Әке толғауы» күйін орындады.

Әкені ардақтау – әркімнің міндеті. Әке өмірде ең қымбат адам болып табылады. Ақылды, білімді болса, жігерлі, қайратты, батыр да батыл болса бұл баланың әкеге қарап бой түзеп өсері хақ. Әке әркімге қымбат. Қоғамдағы келеңсіз ажырасулардың кесірінен отбасындағы тәрбиеде Әкенің орны ойсырап тұрғандай көрінеді. «Әкеге қарап ұл өсер» деп әкенің балаға берері көп. Баланың жасық, қорқақ болмай өсуіне Әкенің отбасындағы рөлі ерекше. Сондықтан Ер адамды, Әкелерді ардақтай, қадірлей білейік.

Бұл жинынның басты мақсаты неде? Отбасы құндылығы мәселесі сөз болғанда, үнемі аналардың ғана рөлі басты орынға шығып кетеді. Әкелер ше? Бала әке тәрбиесіне мұқтаж емес пе? Қоғам әкелердің орнын неге бөлектеп тастады? Балаға ана қалай қымбат болса, әке де сондай қымбат! Бала анасын да, әкесін де іздейді. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деген сөз неден шыққан? Бүгінгі отбасылық трагедиялардың ең үлкені де осы: яғни толыққанды отбасылардың болмауы. Біреу әкесіз, біреу анасыз өсіп жатыр. «Әке – асқар тауы, ана – бауырындағы бұлақ» екенін ұмытпаса дейміз. Бала әкеден де, баладан да ғибрат алады. Әкеден үйренеді, әкеден тәрбие алады.  Сол ұяда көргенін кейін өзі қайталайтын болады. Сол себепті де бұл жобаның «әкелер институтын» дамытуға қосар үлесі мол болмақ.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ