Облыс әкімі олимпиада жеңімпаздарымен кездесті

Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев ауыл мектептерінің 9–11 (12) сынып оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың IV қорытынды кезеңінің жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесті. Кездесу жас дарындардың еңбегін бағалау мен оларды қолдауға бағытталды.
Шараның негізгі мақсаты – ауыл мектептерінен шыққан қабілетті оқушыларды қолдап, олардың жетістіктерін атап өту, білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру, болашаққа деген сенімін нығайту.
Аталған олимпиаданың республикалық кезеңіне Алматы облысынан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 36 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 30 оқушы жолдама алды. Соның ішінде 34 оқушы жүлделі орындарға ие болып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолынан Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетерлігі, Алматы облысының командасы биыл да жоғары нәтиже көрсетіп, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша командалық І орынды жеңіп алып, чемпиондық атағын сақтап қалды. Бұл – өңірдегі ауыл мектептерінде білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.
Жекелеген жетістіктер де ерекше атап өтілді. Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округі №1 орта мектебінің оқушысы Абдыхамит Нұрислам үш жыл қатарынан республикалық кезеңде абсолют жеңімпаз атанып, еліміз бойынша теңдессіз нәтижеге қол жеткізді. Ал Іле ауданы №38 мектеп-гимназиясының оқушысы Бекмухамед Айша екі жыл қатарынан «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» номинациясын иеленді. Аталған екі дарынды жас бүгінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегерлері атанып отыр.
Сонымен қатар Қарасай ауданы Алмалыбақ орта мектебі мен Іле ауданы №38 мектеп-гимназиясы жоғары нәтижелері үшін «Үздік олимпиада мектептері» аталымына ие болды. Бұл жетістік – ұстаздар мен оқушылардың бірлескен, жүйелі еңбегінің жемісі.
Командалық есепте Іле және Ұйғыр аудандары 7 жүлделі орын, Талғар ауданы 6 жүлделі орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Қарасай, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарының оқушылары да жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ Талғар ауданындағы «Дана» жекеменшік мектебінің 6 оқушысы республикалық олимпиадада топ жарып, білім ордасының сапалы даярлығын көрсетті.
Кездесу барысында облыс әкімі оқушыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың табандылығы мен білімге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
«Сіздердің жеңістеріңіз – тек жеке жетістік емес, бұл ауыл мектебінің, ұстаздардың және ата-аналардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Білім мен ғылымға деген құштарлықтарыңыз еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Осындай талапты, ізденімпаз жастар барда Қазақстанның келешегі жарқын болады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Шара барысында сөз алған республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы, абсолютті чемпион, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Ректорлық грантының» иегері, Еңбекшіқазақ ауданы «Рахат ауылдық округі №1» орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрислам Абдыхамит өз әсерімен бөлісті.
«Бұл жетістікке жету жолында ең алдымен ұстаздарыма, ата-анама және бізге сенім артқан мемлекетке алғыс айтамын. Ауыл мектебінің оқушысы да үлкен биіктерді бағындыра алатынын дәлелдеуге мүмкіндік берген осындай олимпиадалар бізді алға жетелейді. Болашақта еліміздің дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін», – деді жас дарын.
Жиынға облыс әкімдігі, білім басқармасы, «Жас дарын» ғылыми-практикалық орталығы, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, сондай-ақ марапатталған оқушыларды қоса алғанда, барлығы 60 адам қатысты.
Бұл жетістіктер – Алматы облысының ауыл мектептерінде сапалы білім беріліп жатқанын, жас таланттарды қолдау жүйесі дұрыс жолға қойылғанын айқын көрсетеді.









