Олжас Бектенов Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

0
9

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Екібастұз энергия торабы базасында Президенттің «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді.  

Екібастұз МАЭС-1 ауданында болашақта 1300 гектардан астам аумақта ұлғайту мүмкіндігі бар ауданы 200 гектар жер учаскесі айқындалды. Мұнда  есептеу инфрақұрылымы, «бұлтты» сервистер және ЖИ мүмкіндіктері орналастырылатын арнайы аймақты құрылмақ.

«Президент тапсырмасы бойынша біз ауқымды инфрақұрылымдық жоба – «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жүзеге асыруды бастаймыз. Бұл экономиканың жоғары технологиялық секторының дамуына елеулі серпін береді. Барлық мемлекеттік орган мен жауапты ұйымдар нәтижеге жету үшін барынша тиімді жұмыс істеуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министрге «Деректерді өңдеу орталығы алқабының» дизайн-жобасы таныстырылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады.

«ДӨО алқабы» экожүйесі Екібастұз энергия торабының энергетикалық қуаттары негізінде құрылатын болады. Тұжырымдамада нысанды қазіргі бар энергетикалық инфрақұрылымды пайдалана отырып, қуаттарды енгізудің нақты белгіленген параметрлері бойынша кезең-кезеңімен дамыту көзделген.

Жоба шеңберінде ұзындығы 15 шақырым электр тарату желілерін сондай-ақ қуаты 300 МВт болатын және оны болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар төмендеткіш қосалқы стансалардың инфрақұрылымын салу қарастырылған.  Энергетика, есептеу қуатын пайдалану, ЖИ және тағы да басқа салаларда 500 жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Осыған байланысты IT-мамандарды даярлауға баса назар аударылады.   Инвесторлар үшін Арнайы экономикалық аймақтар қағидаты негізінде инфрақұрылым құру, тариф белгілеу және салықтық преференциялар беру түрінде жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Жобаға болжанып отырған инвестиция көлемі шамамен $30 млрд-ты құрайды. Бүгінгі таңда ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

Премьер-министр Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту контексінде «ДӨО алқабының» стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму, Энергетика министрліктеріне, Павлодар облысының әкімдігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жобаны жедел жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Бұл болашақтың индустриясы. Біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды. Жобаны жүзеге асыруға барлық алғышарттар бар – электр энергиясы, климат, транскаспий кабелі. Сондықтан қабылдау қажет барлық шешімдерді енгізіп, артық бюрократиясыз алға жылжу керек. Мен бұл жобамен тікелей өзім айналысамын. Біз мүмкіндігінше қысқа мерзімде осы кезеңнен тез өтіп, келісімшарттар жасап және әлемдік компанияларға қуат беру арқылы жұмысқа кірісуіміз керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ