Қонаевтан бата алған майдангер

0
100

Сұрапыл жылдардың қойнауында қалған біз білмейтін естелік әлі көп. Қаттаулы тарих шежіресінде Екінші дүниежүзілік соғыс атауымен қалған бұл жылдарда қаншама қазақтың ерлік өнегесі шаң басып жатыр десеңізші? Солардың бірі – Мұхамедқали Оразалыұлының майдангерлік жолы.

Дүниені дүр сілкіндірген осы­нау дүрбелең соғыстың зардабын миллион­да­ған халық тартты. Ержүрек батырлар майданда ерліктің сан үлгісін көр­сет­ті. Отты кезеңнің теперішін көрген Мұхамедқали Оразалыұлы туралы бізге оның інісі Әлжаппар Оразалин әңгі­ме­леп берген еді.

– 1939 жылдың қыркүйегінде соғысқа аттанған ағам жеті жыл ғұмырын майдан даласында өт­кізді. Бірінші фин со­ғы­сына қа­тысады. Қайрат-күші бойы­на сыймаған жас жігіттермен бір­ге атақ­ты Маннергейм бекі­ні­сін алудағы қыр­ғын шай­қасқа қатысты. 1940 жылы 7 қаң­­тарда Карель мойнағында К.Ти­мошенконың басқаруымен сол­түстік-батыс майданы құ­рыл­­ды. Ағам солардың қата­рын­да болған. Сөйтіп, қанды қыр­ғынмен Финляндия соғысы 1940 жылы 12 нау­рызда аяқ­та­лады. Финдермен шай­қаста шың­­далған жауынгердің май­дан жолы неміс фашистеріне қарсы май­­данда жалғасады. Ол майданда жау қолынан бірнеше рет жа­раланып, даланың әскери гос­­питальдарында емделіп, өз әс­кери бөлімшесіне қайта оралып отырған. Біресе шегініп, бі­ресе шабуылды үдете түсіп, соғыс жүргізген. 1943 жылдың 23 қара­­шасында майдангер 1 Прибалтика майданында болған. Жаумен айқасы 1945 жылы 9 сәуірде Кенигсберг жанында аяқталған. Сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, оқ пен оттың ортасында жүрген қайсар жандардың бірі еді. Ол өзінің тар жол тайғақ кешкен саналы ғұмырында кейінгі ұрпаққа мағыналы өмір сүрудің үлгісін көрсете білді. Орден-ме­дальдармен марапатталған Мұ­хамед­қали аға қайсар жанның бірі еді, – деп еске алады інісі.

Сұхбат барысында Әлжаппар Оразалин тағы бір тың деректі айтып қалды. Оның айтуынша, Мұхамедқали Оразалыұлы майданға аттанбас­ бұрын Дінмұхамед Қонаев­тың екі жылдай жеке жүргізушісі болыпты.

– Ағамның жас кезінде жең­гелері қойған аты – Қой­лы­бай. Содан Қойлыбай аталып кеткен. 16 жасқа толғанда екі жылдай теміржол бойында жұмыс істейді. 1936 жылы Балқаш қаласында ашылған қысқа мерзімді көлік жүргізушілер даяр­лай­тын курсты аяқтай сала, Қоңырат кенішінде автогараж слесары болып қыз­мет еткен. Кейін бір жылдан соң адам­дарды жұмыс басына апарып-алып келетін автобусты жүргізген. 1937 жыл­дың аяғынан 1939 жыл­дың қыркүйек айының со­ңына дейін Дінмұхамед Қонаев­тың қызмет жағдайында пайдаланатын жеңіл көлігінің жүргізушісі болған. Димаш аға Қоңырат кенішіне 1936 жылы келіпті. Келген бетте машинист, цех бастығы, одан кейін бас ин­же­нер қызметін атқарады. Кейін­нен кен орнының директоры болып тағайындалады. Мұхамедқали ағам­ның айтуынша, Дінмұхамед Қонаев – жүріс-тұрысы, мінезінің сабыр­лылы­ғы, қарапайымдылығы, әр нәрсеге ойлы көзбен қарай отырып, түйі­нін бір ауыз сөзбен шешуі, жалпы адам­шылық қасиеттерінің бәрі бір бойына жинақталған жан болған. Тіпті кеңсесіне барғаннан кейін «Сәл демала тұр» деп кей уақыттары цехтарды жаяу аралап кетеді екен. Демалыс күндерін де жұмыста өткізген. Сол кездегі елдегі ауыр жағдайына байланысты көңіл көтеруге де, дем алуға да уақыты жоқ-тын. Тек ұзақ жол үстінде өткен өмір жолын әңгімелеп, ара­сында сұрақ қойып отыратын. Ағамның шыңғыстаулық екенін білгеннен кейін «Сен маған ұлы нағашы болдың. Біз­дің арғы аталарымыз бір жағ­дайға байланысты Аягөзге, одан кейін Шыңғыстау бойы­на көшіп келіпті. Осында үшінші атам тобықтының қы­зына үйленеді. Біз содан тараған ұрпақпыз. Кейіннен өздерінің туған жеріне Іле бо­йына көшкен. Сенен қырық серке сұрамай-ақ қойдым, көлігіңді жақсы жүргізсең болғаны», деп те қалжыңдасатын. Тағы бір әң­гімесінде «Әркім өзі таңдаған мамандығын жоғары-төмен деп қарамай еркін меңгерсе, сол мамандық бойынша беріле жұмыс істесе, еңбегі жанады. Сен де қарапайым жүргізушімін демей, бір мамандықтың иесімін деп есептеп, сол тұрғыда жұмыс істе», дейтін. Ағам Димекеңнің жоғарыдан келетін нұсқауларды, жоспарды мүлтіксіз орын­дап, жұмысшы қауымының ұйым­­шыл­­дығы мен еңбек тәр­тібінің қатаң сақтағанын айтып оты­ратын. Ол кісі мемлекеттің дүние-мүлкін өз менші­гін­дей көріп сақтады деп ағам ұлы тұлға­ның ұлылығын да үлгі етіп отырушы еді, – деді ол.

Тіпті әскерге ақ тілегін айтып, аттан­дыр­ған көрінеді. Соғыс бітіп елге орал­­ғаннан кейін, қа­лыпты өмірге қайта енген Мұ­хамедқали Оразалыұлы 1973 жыл­дың мамыр айының басында Дінмұхамед Қонаевтың Абай ауданына келе­тінін естіп, оны елмен бірге қарсы алып, бетпе-бет жолығыпты.

– Аудан, кеңшар басшылары және аудан халқы Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлының келуіне қатты дайындалыпты. Жол бойына бірнеше жерге киіз үй тігіп, ішін ұлттық жиһаздарға толтырып қойған. Мұхамедқали ағай аудан басшыларына өзінің соғыстан бұрын, Д.Қонаевпен кен орындарында жұмыс істегенін айтып, сол кез­дегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Бәтташ Сыдықовтан кез­дестіруін өтінеді. Димаш Ахметұлы аудан жұртшылығымен Мә­де­ниет үйінде кездесу жасаған соң, жолығудың сәті түскен. Бәтташ Сыдықов оған 1938-1939 жылы Қоңырат кен орнында көліктің жанында түс­кен фотосуретін көрсетіп, мына азамат сізге сәлем берем деп кү­тіп отыр деген. Фотосуретті ала салып, ол Мұхамедқали ағам отырған ауызғы бөлмеге келіп «Қоңыраттағы менің кө­лік жүр­гізушім екенсің ғой» деп алдымен қолын алып, төс қағыс­тырып, сол жерде отырып әңгі­мелескен. Сонда Димаш Ахметұлы «Ал­матыға кел, қалған әңгімеңізді сонда жалғастырайық» депті. Бірақ жылдар өтіп, денсаулығы сыр берген соң, баруға жолы түс­пепті, – деп Әлжаппар Оразалин әңгімесін түйіндеді.

Бүгінгі бейбіт күн, болашағы жарқын ел – бабалардың ең асыл мұрасы. Ал Отан үшін қасық қаны қалғанша соғысқан жан­дардың есімі мәңгі ел есінде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ