Қоршаған ортаны қорғау: Ең өзекті екі проблема

0
512

Жанды, жансыз жаратылыс атаулының өмір сүретін мекені – табиғат ананы аялау – ғаламдық міндет. 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл күн – 1972 жылы маусымда қоршаған орта проблемалары жөніндегі Стокгольм конферен­циясының қарарына сәйкес бекітілді. Оны қазір әлемнің көптеген елі атап өтеді.

 

Мерекенің мақсаты – экожүйенің проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударту, адамзаттың қор­шаған ортаға деген жанашырлығын ояту. Аталған күн аясында адамдардың таза және қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету кеңінен насихатталады.

Осынау айтулы күн елімізде де тұрақты аталып келеді. Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жұртшылықты Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттық­тай отырып, ел экология­сын жақсартуға өз үлесін қосып жүрген экологиялық ұйымдар, экобелсенділер, осы салаға қатысты барша азаматқа алғыс білдіретінін жеткізді.

– Бүгінгі таңда табиғи ресурстарды тиімді басқару – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Және экожүйенің биоәртүрлілігіне, ең бас­тысы халықтың денсаулығы мен өмір сүру са­пасына тікелей әсер етеді. Сондықтан еліміз­де қоршаған ортаны қорғау, таби­ғатты ұтым­ды пайдалану, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­масыз ету – басым мәселелердің бірі. Барлық елдердің, ғылыми қауымдастықтың, жұрт­шылықтың бірлескен күш-жігері ғана кли­маттың өзгеруіне ықпал етіп, қиын­дық­тар­ды тұрақты даму мүмкіндіктеріне айнал­ды­ра алатынын жеткізгім келеді, – деді министр.

БҰҰ өз жүйесіндегі барлық мемлекеттер мен ұйымдарды жыл сайын осы күні олардың қоршаған ортаны қор­ғауға және оны жақсартуға деген ұмты­лыстарын көрсететін түрлі іс-шара­ларды өткізуге шақырады. Сондай-ақ Бас Ассамблеяның 27-ші сессиясында БҰҰ жүйесі аумағында жаңа ұйым құрылды. Ұйымның атауы – БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі ұйымы (ЮНЕП). Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жыл сайын осы ұйымның тікелей мұрындық болуымен атап өтіледі.

Қазір әлемдік экожүйе жердің ғалам­дық маңызды мәселелері – ауа темпера­турасының жоғарылауы, тірі ағзалардың көптеген түрлерінің жойылуы, ауаның, судың және жердің ластануы болып отыр. Осыған орай БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы аясында: «Жер ғаламшарын, яғни биосфераны және оның ең құнды компоненттерін сақтай отырып, сіз өзіңізге қамқорлық жасайсыз. Ауа қажет болса, ағаштарды сақтаңыз. Ауыз су қажет болса, су бас­сейндерін таза ұстаңыз. Есіңізде болсын, жердегі игіліктерді ұтымды пайдалану керек. Табиғатты аялаңыз, қоршаған ортаны бүлінуден сақтаңыз!» деген ұран көтерді.

Дұрыс-ақ, мұны қолдап-қуаттамау мүмкін емес. Өйткені қазір осы бір жалынды сөздер біздің елде жиірек айтылса дейсің. Қазір табиғаттың тозып бара жатқанына ешкім селт етпейтіндей болғанын байқаймыз. Экологтардың зерттеуінше, әлемде болып жатқандай, елімізде де, әсіресе үлкен қалалардағы ең үлкен экологиялық проблема – қоқыс, ағаштардың кесілуі, ауаның, өзен­дер­дің ластануы екен. Әсіресе қор­ша­ған ортаның ластануы Астана, Ақтау, Аты­рау, Өскемен, Қостанай, Қызыл­орда, Шым­­­кентте байқалған. Семей, Теміртау, Жез­­қазған, Өскемен секілді өндірістік қалалар­дың экологиясы туралы айтпаса да белгілі.

Қазақcтан Конcтитуцияcының 31-бабында: «Мемлекет адамның өмiр cүруi мен денcаулығына колайлы айналадағы ортаны қорғауды мақcат етiп қояды» деп жазылған. Бағдарлаған жанға – өте гуманистік ұстаным. Өйткені соның нәтижеciнде елдегі адам өмiрi мен ден­cау­лығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттiң мiндетi ретiн­де бекiтiледі. Сонымен бірге, Қор­ша­ған ортаны қорғау заңының негiзгi прин­циптерi – адамның өмiрi мен ден­cау­лы­ғын қорғау, еңбегi мен демалыcы үшiн қоршаған ортаның қолайлы болуын cақтау және қалпына келтiру жайы айтылады. Алайда бұл заң талаптары қаншалықты пәрменді екені кей жағ­дайларда көңілге күмән ұялатады. Өйт­кені ауа мен суды ластап отырған өндірістік қалдықтар мәселесі әлі де кес-кестеп алдымызды орағытып жүр.

Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі ең лас қалалар мен экологиялық апатты аймақтар көшін Алматы мен Өскемен шаһарлары бастап тұр. Кейінгі жылдарда қоршаған ортаны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен лас­тай­тын кәсіпорындардың «қара тізімі» де жасалды. Мәселен, Батыс Қазақ­стандағы мұнай-газ, конденсат кен орындары, Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинаты мен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Жамбыл облысындағы суперфосфат және Жамбыл фосфор зауыттары, Бал­қаш тау-кен комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминий зауыты, Ақтөбе хром қосылыстары мен хи­мия зауыты, Екібастұз энергетикалық кешені, Қарағанды металлургия зауы­ты, «Фос­фор» Шымкент өндірістік бірлес­тігі және Шымкент қорғасын зауы­ты эколо­гия­ға залал келтіріп отырғаны жасы­рын емес.

Мамандардың айтуынша, мұның қазіргі табиғатқа тигізіп отырған залалдары орасан зор. Алайда егер оның экологияға келтіретін залалын азайтуға құлықты болса, жақсартуға болады және осынау өндіріс ошақтарының есе­бінен экологияны сақтауға арнайы мін­деттемелер жүктелуі тиіс, дейді.

 

Климаттың өзгеруі

Елімізде экологиялық жағдайдың тым мәз емес екені айдан-анық. Жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қатысты заң талаптарының бұғанасы әлі беки қойған жоқ. Оның да солқылдақтау тұстары баршылық. Ақбөкендердің айналасындағы ала-шапқын айқай-шу, қызғалдақ гүлі мен мия тамырына қатысты дау-дамай да – осы сөзіміздің дәлелі. Ал бұдан кейін тіршіліктің көзі – су тапшылығы, құрғақшылық, өрт қауіпсіздігі, теңіздердің тартылуы, көлдердің сарқылуы, ауаның ластануы, радиациялық лаcтану, қоршаған ортаны былғап жатқан қоқыстар бар. Тізе берсек, «топан су» тізеден асып барады. Алайда біз бүгінгі қоршаған ортаны қорғау күніне орай маңызды екі мәселеге айрықша тоқталмақпыз. Оның ең біріншісі – климаттың өзгеруі мәселесі.

Биыл 26 сәуірде БҰҰ Даму Бағдар­ламасы біздің Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы бойынша еліміздің осы мәселеге қатысты тұжырымдамасы та­ныс­­тырылған еді. Сонда Notre Dame-Global Adaptation (ND-GAIN) индек­сінің бағалауына сәйкес, 2019 жылы еліміздегі климаттың өзгеруіне бейім­делу тиімділігі бойынша 177 елдің іші­нен 40-шы орынды иеленгені айтылды. Сонымен бірге 2021 жылы жалпы ұлттық парниктік газ қалдықтары, жерді пайдаланудың өзгеруі мен орман шаруашылығы секторын ескере отырып, 340 837,32 тонна СО2 (338 123,36 тонна СО2 есептемегенде) құраған. Ал базалық 1990 жылға қарағанда тиісінше 10,35% және 12,56%-ға төмендеген көрінеді.

Климаттың өзгеруінің алдын алу мақ­сатында Қазақстан орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша міндет­темелер қабылдап, БҰҰ-ның Кли­мат­­тың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын және Париж келісімін ратификациялады. Биыл 2060 жылға қарай Көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы, сондай-ақ 2030 жылға дейін Ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған салым қабылданды.

Тұжырымдамада климаттың өзгеруі – экономикаға тәуелді секторларына әсері, елдегі газ қалдықтарын азайту үшін ұсынылған саяси қадамдар туралы бар­лық деректер қамтылып, жүйеленген екен.

– Сегізінші тұжырымдаманы дайын­дау бойынша климатқа қатысты де­рек­­терді жинау, елдің сараптамалық әлеуе­тін қолдау және келіссөздер жүр­­гі­зу маңызды қадам болды, – дейді Қа­зақ­стандағы БҰҰ Даму бағдар­лама­сы­ның Энергетика және қоршаған орта департаментінің басшысы Құмар Қы­лышев.

Құжатты Қазақстандағы БҰҰ Да­му бағдарламасының, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Кли­мат­тық саясат және жасыл технологиялар департаментінің, «Жасыл даму» АҚ, «Қазгидромет» РМК, «Астана» ғылы­ми орталығының, Nazarbayev University, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­тық университетінің сарапшылары, со­ндай-ақ тәуелсіз сарапшылар дайындап шыққан.

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы 1994 жылғы 21 наурызда күшіне енгенін айта кетейік. Бүгінде ол – өзінің қамтуы бойынша іс жүзінде әмбебап халықаралық-құқықтық құрал. Оны ратификациялаған 197 елде, оның ішінде біздің елімізде бұл Конвенция Тараптары деп аталады. Оның негізгі мақсаты – Жердің климаттық жүйесіне қауіпті антропогендік әсердің алдын алу болып отыр.

– Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар бойынша жұмыс басталды. 2030 жылға қарай қалдықтарды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға және қосымша халықаралық қолдаумен 25%-ға қысқар­туды көздейді. Жаңартылған деңгейде айқындалған салымдар парниктік газ қалдықтарын азайту мақсатында кли­мат­тың өзгеруіне бейімделудің өте маңыз­ды мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Эко­логиялық кодексі шеңберінде біз кли­маттың өзгеруіне бейімделу процесін ең осал төрт секторда – су ресурстары, ауыл шаруашылығы, орман шаруашы­лығы және апаттар қаупін азайту секторларында іске асыруға кірістік, – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов.

Министрліктің сөзіне сенсек «кіріс­тік» деп отыр. Алайда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «шырылы» – басқа шырыл.

– Климаттың жылдам өзгеруі қауіпті жағдайды алдын алуға мүмкіндіктерді азайтып отыр. Бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті сақтап қалу үшін бірінші кезекте «үлкен жиырмалық» елдеріне маңызды шешімдер қабылдау керек, деп Бас хатшы жаһанға жария салды.

БҰҰ сайтының жазуынша, адамдар­дың амандығы табиғат қорларына, суға және құнарлы жерлерге байланысты кезде климаттық өзгерістер салдарынан бұл қорлардың азаюы шиеленіске әкелуі мүмкін. Мысалы, Сомалиде құр­ғақ­шылық пен су тасқыны салдарынан адамдар егінсіз қалып отыр. Бұл жағ­дай азық-түлік үшін бәсекелестіктің тууына әкелді. Осыған байланысты Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап қалуға шақырды.

Ғаламдық климатты қалай сақтап қаламыз, табиғат тепе-теңдігін қалай ұстап тұруға болады деп жалғыз Бас хатшы бас қатыратын жұмыс емес. Біздің экоминистрлік тарапынан да табысты жұмыстар жалғасын тапса игі еді…

 

Тіршіліктің тірегі

Экологияға қатысты енді бір ау­қым­ды проблема – Арал тағдыры. Тірші­ліктің бір тірегі – су екенін түсіну үшін Аристотель болудың қажеті жоқ. Тартылған теңіздердің мысалын алыстан іздемей-ақ, кешегі Кеңес Одағы кезінде Әмудария мен Сырдария суларын қалай болса солай орынсыз пайдаланып, ысырап еткенінің салдарынан тартыла бастаған Арал теңізінің тағдырын айтсақ та жеткілікті. Кезінде бұл жағдай кері әсерін тигізгені елдің есінде. Соңғы жылдары мемлекеттің және әлемдік қоғамдастықтың назар аударып, теңізді қалпына келтірудің кешенді шараларын жүргізе бастағаннан кейін Кіші Арал пайда болды. Онда балық өсіріліп, төңірегіндегі халықтың тыныс-тіршілігі де түзеле бастағаны қуантты. Жыл өткен сайын теңіз көлемі де ұлғайып, экологиялық жағдайы қалыпқа келіп жатыр деп естиміз.

– Адамға қажетті ауа мен судың та­за­лығы табиғаттың тепе-теңдігіне, эко­ло­гиялық жағдайдың тұрақтылығына тіке­лей тәуелді. Негізінен қоршаған ортада табиғаттың тепе-теңдігін сақтайтын жануарлар мен өсімдіктер дүниесі. Зер салып қарасақ, табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің табиғат тепе-теңдігін сақтауда алатын өзіндік орны бар. Өзен мен көл, теңіз де солай. Біздің табиғат аясындағы аңдар мен құстарды, теңіздегі балықтарды қорғауымыздың басты себебі, міне, осында. Айталық, құстар жойы­лып кететін болса, онда орман, тоғайды ұсақ зиянкестер мен құрт-құмыры­с­қа басып кетіп, орманға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сол секілді өзен, көл орынсыз пайдаланудың әсерінен тарты­лып, табиғаттың тепе-теңдігінің бұзы­луына әкеліп соғады. Соның сал­дары­нан төңірегінде құрғақшылық пайда болады, дейді эколог маман Қанат Қалмырзаев.

Теңіздің экологиялық жағдайын қалыпты сақтауға қатысты сөз болғанда, Каспий теңізін айтпай кетуге болмайды. Каспий – баға жетпес байлығымыздың бірі. Оның табанынан мұнай-газ өндірі­ліп жатыр. Алайда теңіз су жолы арқылы ерсілі-қарсылы жүк кемелері қатынап, небір тауардың түрін тасиды. Олардың жанар-жағар май мен мұнай, өндірістік қалдықтарды теңізге төкпеуін кім қадағалайды? Өйткені теңізде де табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрған тіршілік иелері көп. Оларды адам қолымен жасалатын әртүрлі оспадар әрекеттің салдарынан орынсыз қырылып қалуына жол бермеуді қатаң қадағалау қажет-ақ. Өйткені онда аса бағалы балықтар мен теңіз маржандары тіршілік етеді.

Мамандардың айтуынша, табиғаттың тепе-теңдігін бұзбай сақтасақ, эколо­гия­лық жағдайды қалыпта ұстап тұру­ға мүмкіндік болады. Қалыпты эколо­гиялық жағдай дегеніміз ауаның ластан­бауы, судың тазалығы, қоршаған орта­ның өмір сүруге қолайлы болуы, соның ішінде табиғат байлығын көз­дің қара­шығындай сақтай білу. Ең маңыз­дысы – табиғи ресурстарымызды реті­мен пайдаланып, сақтай білу.

Бақытбек ҚАДЫР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз