Отанды қорғау – әр азаматтың қастерлі парызы

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыстық ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, жиналған көпшілікті Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, облыстың дамуына қосқан үлестері үшін ардагерлерге ризашылығын білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең бастысы, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз», – деген болатын. Соған сәйкес біз жыл сайын ардагерлерге қолдау шараларын тұрақты көрсетіп келеміз. Өңірдің қоғамдық өміріне үлес қоса отырып, сіздер өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қолдау көрсетіп келесіздер. Осы орайда облыста іске асырылып жатқан «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобасына белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздер сияқты азаматтардың жүргізген дәрістеріне 6 мыңдай оқушы тартылды. Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шараларда да белсенділік танытасыздар деп сенемін, – деген Б. Исабаев мұнан соң марапаттау рәсімін атқарды. Бұл ретте 13 ардагерге облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Атап өтсек, кездесуге өңірдегі бірқатар ардагерлер ұйымдарының мүшелері, соның ішінде Ауған соғысына қатысушылар, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар, Семей полигонынан зардап шеккендер, Желтоқсан оқиғасына, Тәжік-Ауған оқиғасына, Таулы Қарабақтағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері келді.
Кездесуде «Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Барлыбаев пікірін білдіріп, ардагерлерге көрсетілген сый-құрмет үшін алғысын жеткізді, жастарға ақыл-кеңесін айтты:
– Бірінші кезекте баршаңызды алда келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен және Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Біз ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз. Жастарға айтарым, Армия қатарында қызмет етуден қашпау керек. Өйткені Отанды қорғау – әр азаматтың қастерлі парызы. Біз ардагер аға буын ретінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге өз үлесімізді қоса береміз, – деді Б. Барлыбаев.