Павлодар облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алғашқы мектеп ашылды

0
13

Білім күні Павлодар облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектептің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Асаин Байханов қатысты.

Мектеп қаланың ең қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі — Достық шағынауданында орналасқан. Бұл ауданда оқушы орынының тапшылығы байқалып келген. Жаңа мектептің ашылуы жақын маңдағы білім ордаларының жүктемесін азайтып, 1200 оқушыны заманауи және жайлы оқу жағдайымен қамтамасыз етеді.

Министр Ғани Бейсембаев биыл еліміз бойынша жаңа форматтағы 57 «Келешек мектебі» ашылатынын атап өтті. Мұнда «Адал азамат» бағдарламасы негізіндегі тәрбие, ерте кәсіби бағдар беру және жаңа технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл мектептерді басқарудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Болашақта бұл модель бүкіл білім беру жүйесін дамытуда озық тәжірибеге айналмақ.

«Мемлекет балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Президенттің қолдауының арқасында бүгінде еліміздегі үш мың мектеп бір ауысымда білім беруде. Қазіргі таңда 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр және 245 білім беру ұйымы реновациядан өтуде. Жарты миллионнан астам қазақстандық оқушы биылғы оқу жылын жайлы білім беру ортасында бастайды», — деді министр.

Сол күні Ғани Бейсембаев Павлодар ауданының Бірлік ауылындағы шағын жинақты мектепке барды. Бұл мектеп инвесторлар есебінен салынған. Ауыл тұрғындары бұл мектепті 40 жылдан астам уақыт бойы күткен. Енді 100-ден астам оқушы заманауи технологиямен жабдықталған кең сыныптарда білім алады. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалған: заманауи спортзал, шеберханалар, кітапхана, акт залы, асхана, медпункт, хоккей корты және 40 орындық балабақшаға арналған мини-орталық бар.

Айта кетсек, екі жыл бұрын министр Баянауыл ауданының Қаражар ауылындағы мектепке жасаған сапары барысында жергілікті атқарушы органдардың осындай бастамаларды қолға алуының маңыздылығын ерекше атап өткен еді.

Білім күні қарсаңында өңірде тағы үш жаңа мектеп ашылды, оның екеуі ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа оқу жылында Павлодар облысында 10 мың бала бірінші сыныпқа барса, 5700 оқушы 11-сыныпқа қадам басты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ