Павлодардағы Аймауытов театры «Шәмші» премьерасын ұсынды

0
70
Фото: Аймауытов театры

 – Ән падишасының халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап іздейтін қойылым зор аншлагпен өтті.

Туған халқын ән бесігіне, вальс ырғағына бөлеген сазгерді есте сақтау мақсатымен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Шәмші» атты спектакль-концертін көрерменге ұсынды.

Қойылымның алғашқы минутынан-ақ залда отырған көрермен Шәмшінің ішкі бұлқынысы мен шабытының иірімдерін айқын сезінді. Әу баста драмалық тұрғыда өрбиді-ау деп күткен едік, ойламаған жерден спектакльде Шәмшінің әзілі де жарасып, кейбір тұстарында комедиялық образдары байқалып қалды.

Шәмші, премьера
Фото: Аймауытов театры

Шәмші бірде шарқ ұрып шабытын іздесе, енді бірде көңілінің жыртығын жамайтын Мұқағали шіркін жанымда болар ма едің деп толғанды… Қойылым әдетте адамды толғандырып, ойлантып отыратын. Бұл туынды адамның жан сарайын, тынысын ашып, демалдыратындай. «Елім жүрегімді түсінсе деймін, қайда барсам да дау-дамай», деп қамығады сазгер жүрек. Енді бірде Сағынышың іздеп таусылады. Ал иесіне адал Шабыты ақын жарық дүниені тастағанша қасынан табылды. Әр сәт, әр бейне ән болып ақтарылып, көңілдерге нұр болып құйылып жатты. Концерт-спектакльде дирижер Болат Рахымжановтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Шәмші Қалдаяқовтың 18 әні шырқалды. Барлық әнді актерлер жанды дауыста орындап, вокалдық өнерлеріне еріксіз тәнті етті.

Шәмші, премьера
Фото: Аймауытов театры

Ұжымның көркемдік жетекшісі, қойылым режиссері Әділет Ақанов бұған дейін керекулік театр сахнасында әйгілі композитордың шығармашылығына қатысты «Сыған серенадасы» қойылымы болғанын жеткізді. Ал «Шәмші» спектакль-концерті жұртшылықты Шәмшінің әндерімен әлдилеп, сазгердің ішкі әлеміне үңіліп көруге жетелейді. Мақсаты – тұлғаның ішкі ой-толғам, иірімдерін, шабыт шыңын ұғындыру.

– Шәмші әндері қазақ қоғамында әлі күнге өміршеңдігін сақтап, той-думандарда, отбасылық мерекелерде тұрақты шырқалып келеді. Әсіресе, аға буын Шәмшінің әні десе, ішер асын жерге қоятыны рас. Қойылымның мәні – Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Ол өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды. Туындыда ән әлемінің майталманы, вальс королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнері, жетістігі мен жеңілісі, махаббаты мен ғадауаты сипатталады, – деп әңгімеледі Ә.Ақанов сахна сыртындағы әңгімеде.

Шәмші, премьера
Фото: Аймауытов театры

Қойылым авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов, қоюшы-суретшісі – Айсұлу Шәріпова.

Басты рөлде – ҚР мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім (екінші құрамда Кенжеғазы Қарымсақов), Шабытты театрдың жас актері Бауыржан Егінбай, Сағынышты Райхан Жұмақанова, Анасын Гүлжихан Хамитова, сыған қызы Изольданы Айзана Тасболатова сомдады.
Еске сала кетейік, Павлодарда алғаш рет республикалық театрлар фестивалі өтеді.

Шәмші, премьера
Фото: Аймауытов театры

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз