Президент енді Қазақстан экономикасының басқаша дамитынын мәлімдеді

0
156
фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев енді Қазақстанның жаңа экономикалық үлгіге өтуі керектігін мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Ең алдымен экономикалық тұрақтылығымыз ел дамуының аса маңызды кепілі екені сөзсіз. Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатыр. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.

Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс, – деді президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Оның пікірінше, әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдардың өзегіне айналады.

«Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Жаңа экономикалық саясатта әске асуы екіталай, сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді іске асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ