Президент көтерген мәселелер: Бірлік, бірегейлік, мемлекеттік тіл, ҚХА сыйлығы мен ордені

0
133

Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті. «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен іс-шара барысында Президент этносаралық қатынас, татулық, бірлік, тұрақтлық, тәуелсіздік, қазақ тілі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, Ассамблеяның жаңа сыйлықтары мен орденін бекітуді ұсынды.

Қазақ тілін білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы керек

Сессия барысында Мемлекет басшысы барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала беретінін баса айтты.

«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Сонымен қатар қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Жалпы, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді.

«Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді», – деді Мемлекет басшысы.

Бірегейлігіміз – төлқұжатымыз бен туымыз

«Көгілдір төлқұжатымыз бен көк туымыз – тарихтың өзінен туындаған және миллиондаған адамдардың жүрегінде шынайы жауап тудыратын біздің бірегейлігіміздің нақты нышандары. Біздің төлқұжатымыз адамға этникалық тегіне, діни көзқарастарына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты құқықтар мен міндеттердің толық көлемін береді», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымынша, Қазақстанның төлқұжатына ие болу дегеніміз – елдің халықаралық аренасында құрметті азамат болу, барлық елдерге кедергісіз бару және өзін қазіргі әлемнің ажырамас бөлігі ретінде сезіну. Бұл әрқашан және барлық жерде өз мемлекетінің қорғауында болуды сезінуді білдіреді.

«Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіріп жатқанын да айтты.

«Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны саналады. Бұл – табиғи үрдіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірлікті шайқалту – қылмыс

Президенттің атап өтуінше, халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы. Сондықтан бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет.

«Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Мен барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырамын. Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында – қылмыс, Құдай алдында – күнә. Осыны бәріміз терең түсінуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы әр азамат өз сөзі мен іс-әрекетін заң тұрғысынан бағалап, іс-әрекетінің құқықтық салдарын анық түсінуі керектігіне назар аудартты. Сондай-ақ әлемдегі барлық қақтығыстар мен соғыстар ұлттық тәкаппарлықтан, басқа этнос өкілін жақын және дос ретінде көргісі келмеуден туындайтындығын ескертті. Ешқандай жағдайда нағыз патриотизмді Ұлттық өзімшілдікпен шатастыруға болмайтындығын баса айтты.

«Біз – бір жердің перзенттеріміз, бір халықтың ұлдары мен қыздарымыз! Ұлы даланың шексіз кеңістігінде бәрімізге орын жетеді. Қазақстанның болашағы, балаларымыздың тағдыры, ата-бабаларымыздың мұрасы біздің қолымызда. Біз уақыттың кез келген сынағын қасқайып қабылдаймыз. Әрбір отандасымнан мен шынайы патриотизмнің, жоғары азаматтық жауапкершіліктің, іске адал көзқарастың үлгісін көремін», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің этносаясатыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуге тиістігін, сондай-ақ ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажеттігін атап өтті. Осы саладағы тапсырмаларды орындау барысында президенттік сайлау алдындағы тұғырнамасы және басқа да стратегиялық құжаттар басшылыққа алынуы керектігін ескертті. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін тиісті өзекті ұсынымдармен ұлт құру процесінің ағымдағы жай-күйін талдай отырып, сараптамалық баяндама дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ, Президент этносаралық және тіл мәселесіндегі арандату әрекеттеріне заңмен қатаң тыйым салынғанын еске салды.

«Этносаралық, тілдік және әлеуметтік сипаттағы кез келген арандату әрекетінің жолы заң аясында қатаң кесіледі. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселені ерекше назарда ұстап, заң бойынша әрекет етеді. Әр азамат өз сөзі мен әрекетіне жауапкершілік сезінуі керек. Эмоцияға беріліп, өшпенділік пен жеккөрушілікке бой алдыруға болмайды. Бөтен ақпараттық соғыстар мен идеологиялық даулар бізге қажет емес», – деді Президент.

Ассамблея сыйлығы мен ордені бекітіледі

Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сыйлығын бекітуді ұсынды.

«Біріншісі – әдебиет пен журналистика саласындағы үздік еңбегі үшін. Екіншісі – мәдениет және өнер саласындағы үздік туындылар үшін. Бұл марапаттарды жеке авторлар да, шығармашылық ұжымдардың алуы маңызды болмақ. Бұл ретте ақшалай сыйлықтың мөлшері мемлекеттік сыйлықтан кем болмауы тиіс», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік награданы, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлт бірлігін нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін» орденін де бекіту керектігін айтты. Оның пайымынша, алғашқы лауреаттарға бұл наградаларды осы жылдың қазанында Республика күніне орай табыстауға болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының атап өтуінше, Ассамблеяның қызметін біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау керек. Сондай-ақ Ассамблея этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аударуы қажет. Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым екенін атап өтті.

«Әр азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт», – деді Президент.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ