Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысының жиында сөйлеген сөзінің толық мәтінін Ақорданың ресми сайтына http://akorda.kz сілтеме жасап  жариялаймыз. 
0
184

Құрметті Үкімет мүшелері!

Құрметті жиынға қатысушылар!

Күрделі геосаяси сын-қатерге қарамастан, еліміз бір қалыпты дамып келеді. Мұны жарты жылдық нәтижеден көріп отырмыз. Экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өсті. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Дегенмен, инфляция да бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті.

Бірінші жарты жылдықта экономикамыз қалпына келді. Бірақ халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Сондықтан, Үкімет ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Ең бастысы, азаматтардың нақты табысын арттыру қажет.

Құрметті әріптестер!

Жалпы, еліміздің экономикасы сын-қатерлерге төтеп беріп жатыр деуге болады. Қазір халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар. Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Енді нақты міндеттерге тоқталайын.

БІРІНШІ. Инфляцияны тұрақтандыру

Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр.Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.  Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек.

Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ.

Келесі мәселе.

Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды.  Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық.

Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет.    Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын. Керек болса «Атамекен» палатасын осы жұмысқа тарту керек. Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек.  Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады.

Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе.  Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

ЕКІНШІ. Азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту.

Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек.  Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс.

Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ, Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек.

Өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп барады. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек.

Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ, тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажетті жағдайды жасауға дайынбыз.

Қазіргі заманда өңірлерде, елдерде, тіпті, құрлықтарда жұмыс күшінің көші-қоны жүріп жатыр. Бұл заңды құбылысқа айналды. Осы үрдіске біздің азаматтар да үйренуі керек. Көрші елдердің азаматтары бұл жағдайға жақсы бейімделді. Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін.

Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ, нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс.  Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз.

Екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Келесі жылдан бастап сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ еңбек нарығына шыға бастайды. Осыны ескерген жөн. Сондықтан, жұртты жұмыспен қамту ісіне қатысты тың тәсілдер қолдану қажет. Ал, азаматтарымыз қазіргі замандағы халықаралық нарық үрдісіне бейімделуі керек.

Еліміздің демографиялық, көші-қон, технологиялық даму барысын да ескерген абзал. Бұл мәселенің демографиялық және экономикалық қырын бірдей ұштастыра білген жөн. Үкіметке еңбек нарығын дамыту жоспарын шұғыл әзірлеуді тапсырамын.

Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Біз жуырда Білім және ғылым министрлігін екіге бөлдік.  Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет болды. Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін.

Мен осы жылды Балалар жылы деп жарияладым. Бірақ, соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. Оның үстіне, толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында (яғни, 3 мың мектепте) бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді.  Жалпы, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет.

Тағы бір түйткілге тоқталсам. Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық.  Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Келесі мәселе – қосымша білім беру. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын. Дегенмен, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет. Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр.  Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн.  Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс. Құзырлы министрлік пен әкімдіктер жобаның жүзеге асырылуын реттеп, жіті бақылауы қажет. Бұған дейін бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру керек. Бұл міндет Бас прокуратураға жүктеледі. Анықталған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесіп жою қажет.

Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет.

Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп. Қазақстанда созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші өте жоғары. Әсіресе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар. Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек.

Келесі өзекті мәселе – денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру. Бұл жұмыс  өте баяу жүріп жатыр. Жалпы, цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ. Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал, мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек.

Енді, күн тәртібіндегі шұғыл мәселелерге тоқталайын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Соңғы екі аптада науқастардың саны 30 пайызға артқан. Біздің елде де ахуал күрделене түсті. Алматы «қызыл» аймаққа қайта кіруі мүмкін.  Негізгі себеп – тұрғындар мен дәрігерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Мекемеаралық комиссияның жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, ревакцинация науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал.

АЛТЫНШЫ. Автожол инфрақұрылымын дамыту

Біз бір апта бұрын еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелері туралы арнайы жиын өткіздік. Бүгін автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталғым келеді. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек.  Жарты жыл өтті. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ (464 млрд. теңгенің 263 млрд. теңгесі бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы бар). Бұл жұмыс Павлодар (17%), Маңғыстау (24%) және Батыс Қазақстан (27%) облыстарында өте баяу жүруде.

Келесі мәселе. Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе (яғни, бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін) қымбаттайды. Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын.

Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек.

Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу.  2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек. Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды–Балқаш автожолын (363 шақырым) жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны – 248 миллиард теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал, бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге ысыра салған. Тіпті, 22 пайыз көлеміндегі үстеме ақысын да ұстап қалған.

Тағы бір өзекті мәселе – жол бойында заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіру. Қазір елімізде осындай 1600 нысан бар. Оның 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар.

Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады. Жалпы, бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек. FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн.  Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, маған баяндау қажет.

Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ