«Әр сөзі үлгі»: Астанада алтын, гауһар той иелері жастарға өмірлік сырымен бөлісті
1 қазан — халқаралық қаттар күніне орай Астана қаласы Байқоңыр ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында отбасы және неке институтының әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында үлгілі отбасылармен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Қазақ ұлттық Өнер университетінің және №31 мектеп гимназиясы шәкірттерінің қолдауымен өткізілді.
Ұйымдастырушылар «Астана қаласы әкімдігінің 2023-2025 жылдар аралығына арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» егде жастағы азаматтардың жағдайын жақсарту шараларын іске асыру туралы жоспарға сәйкес, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп, отырған астаналық әр бес ауданның төрағаларының ұсыныстарымен биыл мерейтойлары болатын 20 отбасымен кездесу өткізуді шешкенін айтып, әрі мұндай іс-шаралардың жиі болуы қазіргі жастарға өнеге көрсетудегі рөлінің маңызды екеніне тоқталды. Аталған шара Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің бастамасымен өткізілді.
Іс-шараға шаңырақ көтергендеріне 40, 50, 55, 60, 65 жыл болған жұптар, яғни ата-әжелер және студент жастар қатысты.
“Қарты бар үйдің қазынасы бар” деген халықпыз. Бүгінгі іс-шараға келіп отырған ардагерлеріміздің бәрі де — өмірдің ыстық-суығын көріп, бір шаңырақ астында өмір сүріп, күміс, алтын, гауһар тойға қол ұстасып жеткен жандар. Сондықтан да бұл кісілердің әр айтқан сөзі мен ақылы бүгінгі жас отбасыларға қашанда үлгі болары анық”, — деді Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.
Іс-шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қонақтар жастармен өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.