Репетиторға сұраныс неге жоғары?
Қазіргі оқушыларды кісі аяғандай. Мектебінен бөлек, қосымша білім орталықтарына барады, басқа да үйірмелері бар. Әйтеуір зыр жүгіріп жүргені. Бір жағынан дұрыс та шығар, бос уақытын бостекі шаруаға арнамайды. Екінші жағынан «бала біткен неге репетитор жағалайды?» деген заңды сұрақ та туындайды. Сонда оқушы мектептегі оқу бағдарламасын уақтылы әрі сапалы игере алмағаны ғой. Әлде басқа себеп бар ма екен…
Біздің оқушы кезімізде бәрі басқаша еді ғой. Әлде ауыл болғаннан кейін бе, білмеймін. Әке-шешеміздің оқуымызға қарауға мұршасы болмайтын. Таңнан кешке дейін кеңшардың қара жұмысына жегіліп жүреді. Одан қалды үйдің тіршілігі бар. Әйтеуір «балам адам боламын десең сабағыңды оқы», дейді. Осы ақылдың өзі бізге сеп. Сол ақылмен мектепті жақсы оқуға тырыстық. Сол ақылмен институтқа түстік.
Ал қазіргі жағдай мүлде бөлек. Баламыз ел қатарлы білім алып, заманына сай білікті маман болса дейміз. Ол үшін сапалы білім керек. Ал сапалы білімнің негізі мектепте қаланады. Сондықтан ұл-қызымыздың оқуына алаңдаймыз. Егер бір пәннен үлгерімі төмендесе қосымша білім беру орталығына апарып немесе репетитор жалдап, сол сабақтан білімін көтеруге күш саламыз. Одан қалды ағылшын тіліне судай болса дейміз. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алса деп армандаймыз. Қысқасы, талабымыз да көп. Содан да болар, тап қазір қосымша білім беру орталықтары мен репетиторлардың айы оңынан туып тұр.
– Өз басым, қосымша білім беру орталықтарына дұрыс қараймын, – дейді Қайсар Құсайын есімді азамат. – Себебі бар. Қазір қызым үшінші сыныпта оқиды. Біз оны бірінші сыныптан бастап осындай орталыққа бердік. Өйткені анасы екеуміз үнемі жұмыстамыз. Шынын айтқанда, кейде қызымыздың сабағын оқытуға мүмкіндігіміз болмайды. Таңертең кетіп, сүрініп-қабынып кешке келеміз. Сондықтан қосымша орталыққа жүгіндік. Мәселен, қызымның сабағы түстен кейін басталады. Біз таңғы 8:00-де орталыққа алып барамыз, түске дейін сонда үй жұмысымен айналысып, түскі асын ішіп, мектепке барады. Бағасы анау айтқандай қымбат дей алмаймын. Ай сайын сабағы мен тамағын қосқанда 56 мың теңге төлейміз. Мұның ата-ана үшін тиімділігі болғанымен, бір қорқынышым бар. Өйткені қызым үйде сабақ оқуға онша құлықты емес. Сабақ оқы десек, «қосымшада істеймін» деп жауап береді. Өз бетінше ізденуге, оқуға ынтасы жоқ секілді.
Шындығында, кейінгі жылдары қосымша білім беру орталықтары мен сабақтан тыс кезде оқушымен жұмыс істейтін репетиторға деген сұраныс арта түскенін байқаймыз. Қазір үлкен қалаларда ғана емес, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарында да қосымша білім беру ұйымдары ашыла бастады. Оның түрлі себебі бар. Өйткені ата-аналар балаларын Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері, «Дарын» секілді мамандандырылған мектептерге дайындау үшін қосымша білім беретін орталық іздейді. Одан қалды 10-11-сыныпта оқитын оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинау үшін де соған барады. «Qazbilim» компаниясының атқарушы директоры Гүлбану Қанай 2017 жылдан бері жалпы білім беретін орта мектепті Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі жауапкершілігінен алып тастағалы сұраныс тіпті артқанын жеткізді.
– Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім-инновация лицейі және республикалық физика-математика мектептеріне түскісі келетіндердің бәсекесі өте жоғары. Олардың грантын жеңіп алу үшін мықты дайындық қажет. Жүзден жүйрік шығу оңай емес. Сонымен қатар барлық сыныптан математика, ағылшын тілі, 7-9-сынып оқушылары үшін физика, химия, математика сияқты пәндерден дайындық туралы сұрайтындар көп. Ата-аналардың көпшілігі пандемия кезіндегі онлайн оқудың олқылығын, мектепте кей пәндерді жетік меңгертпейтінін алға тартады әрі баласының жан-жақты болғанын қалайды. Бұдан бөлек, түрлі пәндік олимпиадалар мен конкурстарға дайындық үшін де қосымша білім беру орталықтарына жүгінеді. Бірақ елімізде кейінгі жылдары саны күрт өскен орталықтардың ішінен таңдау жасау кейде қиындық тудырады. Сондықтан орталықтар туралы түрлі пікір бар. Бірақ қосымша білім беруге сұраныс азаяды деп ойламаймын. Сұраныс азаюы үшін еліміздегі барлық мектептің сапасын бірдей жоғары деңгейге жеткізу керек. Екіншіден, мектеп негізгі базалық білімді үйретуші, қалыптастырушы, ал әрі қарай жетілдіріп, одан да жоғары көрсеткішке жету үшін қосымша еңбек, ізденіс керек, – дейді Гүлбану Қанай.
Спикердің пікірінше, қазіргі таңда қосымша білім беру орталықтары тек бастауыш сыныптарды оқытатын жекеменшік мектептердің көптеп ашылуына әсер еткен. Себебі 10-11-сынып оқушылары орталыққа дайындыққа келгенде бес пәнге ғана дайындалып, қалған пәндерді оқығысы келмейді екен.
– Осыны пайдаланып тек қана Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, бес пәнге ғана басымдық беретін мектептер көбейді. Бұл туралы жарнамасында да еш жасырмай, керісінше соны алға тартып, оқушы шақыратындар да бар. Негізі стандарт бойынша қандай меншіктегі (мемлекеттік, жекеменшік, аралас) мектеп болса да, бағдарлама барлығына ортақ. Ата-ана да баласын мектепке бір, қосымшаға екі жүгіртпей, қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлап, жоғары сынып мектептеріне оқытқысы келеді. Осы үрдіс бастауыш мектептерде өте кең тараған. Бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл мектепке барып, қалған уақытта қосымша үйірмелерге, курстарға алып жүруге немесе үйде оған қарап отыруға жұмысбасты ата-аналарда мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан толық күн (әдетте таңертеңнен түскі 4-5-терге дейін) оқытатын мектептерге қуана-қуана апарады, – деді «Qazbilim» компаниясының атқарушы директоры.
Бір жағынан, жекеменшік мектептерде Ұлттық бірыңғай тестілеуге басымдық беріп, қосымша балаларға арналған түрлі үйірменің болғаны, бала күні бойы сонда жүріп дайындалғаны жақсы. Бірақ білім беру мен бизнестің аражігін ажырата білген жөн. Мемлекеттік стандарт бойынша талаптарды орындап, барлық пәнді толыққанды түрде оқытуы керек.
– Қосымша білім беретін орталықтардың мектептерден артықшылығы сол, оқушыда таңдау мүмкіндігі бар. Сондықтан ол өзіне ұнайтын мұғалімге барғысы келеді. Екіншіден, қосымша ақы төлеп отырғандықтан ата-ана тарапынан сұраныс, талап ету бар. Сондықтан нәтижеге жету үшін, оқушыға тақырыпты жеткізе алуы үшін мұғалім бар күшін салады. Мысалы, өзім жұмыс істейтін республикалық «Qazbilim» орталығында кадрларды тест арқылы ғана қабылдайды. Алдымен арнайы пәндік тест, жоғары алған жағдайда ғана сұхбаттасуға шақырамыз. Осының нәтижесінде, ҰБТ-ға дайындық бағытында біршама база қалыптастырып, көптеген орталық пен мектепке қосымша бағыт беріп келеміз, – деді Г.Қанай.
Келесі спикеріміз де қосымша білім беру орталығында жұмыс істейді. Аты-жөні – Мэлс Қуанышқалиев. Ол өз сөзінде қосымша білім беру орталықтарына сұраныстың қажеттіліктің артуына, біріншісі – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, екіншісі – кейбір мектептердегі білімнің сапасы әсер етті дейді.
– Бұған мектеп мұғалімдерін кінәлай алмаймын. Өйткені нақты белгіленген білім стандарты бар. Мұғалімдер сол бағдарлама бойынша сабақ береді. Ал арнайы дайындыққа бөлетін уақыт жоқ. Оның үстіне кейбір мектептерде оқушы саны тым артық. Бір сыныптағы оқушы саны да мөлшерден көп. Сондықтан мұғалімге 45 минутта барлық балаға сабақ түсіндіріп, дәптерін тексеріп шығу да оңай емес. Әрине, мұғалім жауапкершілігін жоққа шығаруға болмайды. Сондай-ақ қазір ағылшын тілін үйренуге деген сұраныс жоғары. Жоғары оқу орындарының магистратурасына түсу үшін ағылшын тілін білу керек. Осының өзі сұранысты арттырып отыр. Қосымша білім беру орталықтарының бағасы арзан емес. Ғимаратты жалға алады, құрал-жабдық бар, оның үстіне мұғалімдерге төлейтін жалақысы бар. Алайда ақысына сай білім берсе жақсы дер едім. Бірақ кейбір орталықтардың сапасына көңіл толмайды, – деді Мэлс Қуанышқалиев.
Оның пікірінше, мұғалімдерге оқушыларды қосымша дайындайтын уақыт пен сағат бөліп, мектептің мүмкіндігін кеңейтсе аталған орталықтардың саны азаюы мүмкін.
Ал филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз Айман Ақтан мектеп бағдарламасын репетитормен оқуға қарсы екенін айтты. Бұл мектепте сол пәнді сапалы бермеген деген түсінікті қалыптастырады дейді.
– Оқушы өзінің жас ерекшелігіне байланысты белгілі бір дағды мен құндылықты қалыптастыратын көлемді бағдарламаны мектеп қабырғасында алуы керек. Егер оқушы денсаулығына немесе басқа бір жағдайға байланысты сабақтан қалып, материалды игере алмай қалса, онда пән мұғалімі баланы сабақтан соң қалдырып оқытуға тиіс. Ол үшін репетиторға бармау керек. Қазір кейбір қосымша білім беру орталықтары жеке кәсіп пен білімді сатудың көзіне айналды. Әрине, дұрыс бағытта жұмыс істеп жүрген білім беру орталықтарының еңбегін жоққа шығармаймын. Содан кейін кейбір мұғалімдер өз оқушысына репетитор болып жатады. Бұл – дұрыс емес. Егер оқушы сол пәнді толық игермесе, оған мұғалім жауапты, сосын ата-ана. Ата-ана да баласының біліміне қызығушылықпен қарау керек. Меніңше, қосымша білім беру орталықтарына оқушы мектеп бағдарламасынан тыс білім алғысы келсе немесе ғылыммен айналысып, жаңа бағытты игерем деп барса бір жөн, – деді ғалым.
Қазір көптеген қосымша білім беру ұйымында ағылшын тілін оқытуға басымдық берілген. Алайда Айман Ақтанның осы тарапта да айтары бар. «Ағылшын тілін үйрену бағдарламасында халықаралық деңгейдегі өлшем бойынша әр сыныпта қанша сөз үйрену керек екені нақты көрсетілген. Мысалы, мектеп бітірген бала ағылшын тілін меңгерудің Б2 деңгейін білсе, ол кәдімгідей қарапайым сөйлеу деңгейіне жеткені. Оны бала мектепте оқуы қажет», дейді ол.
Шындығында, кейбір мұғалімнің өзі сабақ беретін оқушысына репетитор болып жүргенін естиміз. Осы бір жағдай қоғамда белең алып бара жатқан секілді. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Гүлжазира Ысқақова: «Егер сіз өзіңіз сабақ беретін оқушыға репетитор болсаңыз, оған сабақта жақсы баға қоюыңыз керек. Өйткені сіз ол баланы оқытып, ақшасын алып отырсыз. Мұны қабылдай алмаймын. Дұрысы, мұғалім оқушысына сапалы білім берсе болды», деді.
Спикерлердің айтқан пікірі өз мәнімен құнды екенін бағамдаймыз. Бір жағынан, көтерген мәселеге уақыт талабының ықпалы бар екені рас. Одан асып кету де мүмкін емес. Бастысы, қандай жағдай болмасын оқушы сапалы білім алуы керек. Осыны естен шығармаған абзал.