РИЗАБЕК АЙТМҰХАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан еркін күрестен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды zamandas.kz
Еркін күрестен Ұлттық құрама көшбасшысы Ризабек Айтмұхан (97 кг) Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ол финалда әзірбайжандық Хетаг Карсановті таза жықты. Есеп: 10-0.
«Еркін күрестен ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (97 кг) Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында атой салды. Даңқты палуанымыз финалда әзірбайжандық Хетаг Карсановті бет қаратпай жеңіп, алтыннан алқа тақты. Жерлесімізді өз жас санатында әлемнің теңдессіз палуан атануымен шын жүректен құттықтаймын! Ел мерейін асырған Ризабектің өнеріне ел де, біз де ризамыз. Жеңіс құтты болсын, қазақ елі!»,– деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Еске сала кетейік, Ризабек өткен жылы 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған еді. Сондай-ақ былтыр Белградта ересектер арасындағы әлем чемпионатында үздік шығып, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған-ды.