Құрылыста қашан тәртіп орнайды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 19 сәуірде өткізген еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте: «Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болмайды. Сондықтан азаматтарымыз заңға бағынуы керек, ал құзырлы органдар заң бұзушылықтың алдын алуға тиіс», деді.
Жуырда елордада заңсыз салына бастаған «Дублин» және «Вашингтон» атты екі тұрғын үй кешені сот шешімімен сүрілетіндігін естігенде, жағасын ұстамаған жан жоқ шығар. Бәріміз де осыдан он жеті жыл бұрын Алматы қаласының «Бақай» және «Шаңырақ» шағын аудандарында болған шулы да қайғылы оқиғалар қайталанбаса жарар еді деп алаңдаумен болдық. Әйтеуір, бұл жолы туындаған мәселе қолданыстағы заңнама аясында ың-шыңсыз қаралып, құрылыс компанияларының кінәсінен зардап шеккен үлескерлердің салған қаражаттары қайтарылып берілетін болып шешілді.
Талап пен тәртіп үлгісін көрсетуге тиіс елорданың құрылыс саласында осындай сорақылыққа жол беріліп жатқанда өңірлердегі ахуал да жетісе қоймайтыны анық. Мұны Бас прокуратура өткен жылдан бастап мегаполистер мен облыс орталықтарында ұйымдастырған тексерістердің нәтижелері айғақтап берді. Қала құрылысы саласында жергілікті атқарушы және бақылаушы органдар тарапынан бақылау жоқтың қасы болып шықты. Соның салдарынан құрылыс салу үшін рұқсат пен жер учаскесі жергілікті тұрғындардың пікірін және инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым бар-жоғын ескерместен берілген. Әкімдіктердің шенеуніктері мен құрылыс компаниялары басшыларының бірлесіп жасаған айла-шарғылары нысандардың жүйесіз салынуына, қоршаған орта мен жасыл аймақтардың бүлініп, тұрғындардың өмір сапасының нашарлауына әкеліп соғып отыр.
Мұндай елеулі кемшіліктерге кеңшілік берілуінің басты себебінің бірі – әкімдіктердің қала құрылысын жүйелі жоспарлауға жете мән бермейтіндігінде. Мәселен, Астананың 2001 жылы қабылданып, 1,2 млн тұрғынға есептелген Бас жоспары қазір өзектілігін жоғалтқан. Өйткені елорда тұрғындарының саны бүгінде 1,5 млн-нан асып кетті. Соның салдарынан елдің бас шаһарында кейінгі кезде су тапшылығы қатты сезіліп, тұрғындар ренішін білдіріп отыр.
Алматы қаласының 2004 жылы қабылданған Бас жоспары да әбден ескірген. Онда «оңтүстік астананың» демографиялық жағдайы, жылумен қамтамасыз ету мәселесі, экологиялық талаптар, тіпті сейсмикалық тәуекелдер де ескерілмеген.
Қала құрылысының басты құжаты болып саналатын Бас жоспарларды шенеуніктер ешкіммен ақылдаспай өзгертуді жаман әдетке айналдырып алған. Үш мегаполис пен Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Талдықорған, Тараз, Түркістан қалаларында бөлінген жер учаскелерінің мақсатын Бас жоспарды аяққа баса отырып, заңсыз өзгертудің 1 мың дерегі әшкереленген. Аталған шаһарларда Бас жоспарларда белгіленген аса қажетті әлеуметтік нысандардың орнына басқа коммерциялық ғимараттар салу белең алған. Мысалы, 25 мың шәкіртке мектеп, 46 мың сәбиге балабақша жетіспей отырған елордада 900 оқушыға арналған мектептің орнына «SAT Group Project» ЖШС 18 қабатты тұрғын үй салып жатыр. Ол аздай, құрылыс салушы компания қала әкімдігі тарапынан бақылау жоқтығын пайдаланып, шағын бақтың орнына «Grey Plaza» бизнес орталығын салып тастаған.
Алматы қаласының прокуратурасы бауырлас Түркия елінде биылғы ақпан айында болған күшті жер сілкінісінің аса ауыр зардаптарынан сабақ ала отырып, Алатау баурайындағы Қарғалы және Бутаковка шағын аудандары мен Обсерватория көшесінде орналасқан жалпы көлемі 250 гектарды құрайтын 120 жер учаскесінде заңсыз құрылыс салудың алдын алған. Сондай-ақ «Медеу» табиғат паркі аумағындағы 45 гектарды алып жатқан жер учаскелері біреулерге заңсыз бөлінгенін әшкерелеген.
Бұған қоса, прокурорлар бүкіл ел бойынша 250-ден астам тұрғын үйдің құрылысы рұқсат беру құжаттарынсыз басталғанын анықтапты. Осындай бұзушылықтарға байланысты әкімдіктерге 77 қадағалау актісі жолданып, 133 адам әкімшілік жауапқа, 14 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапқа тартылған. Ақмола, Алматы және Атырау облыстарының қала құрылысы саласында алаяқтық жасау, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деректері бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған.
Қала құрылысы саласындағы былық-шылықтарды болдырмау мақсатында Бас прокуратура Үкіметке тиісті ұсыным енгізіп, жер учаскесін алғаннан бастап, кез келген объектіні қолданысқа бергенге дейін барлық рәсімді бақылау және келісу үшін «бірыңғай терезе» әдісін әзірлеуді, санитарлық-эпидемиялық бақылау және төтенше жағдайлар органдарына құрылыс құжаттарын келісу құзыретін беруді, әзірленіп жатқан Қала құрылысы кодексінің жобасына құрылыс жүргізуге және оның маңын көгалдандыруға қажетті жер учаскесі жеткіліксіз болған жағдайда тұрғын үйлер салуға рұқсат құжаттамасын беруге тыйым салуды қарастыруды, жергілікті атқарушы органдарды салынған нысанды ол орналасқан жерге барып тексеруге міндеттеуді ұсынған. Бұл ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр.
Алайда қала құрылысы саласында қатаң тәртіп орнату үшін құрылыс салушылардың жеке жауапкершілігін күшейтпей болмайды. Себебі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 319-бабында өндiрiстiк, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе тұрмыстық нысандарды жерге тиісті құқықсыз заңсыз салғаны үшін заңсыз тұрғызылған немесе тұрғызылып жатқан құрылысты мәжбүрлеп бұза отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Шынтуайтында, бұл шаралар, әсіресе жосықсыз кәсіпкерлер үшін шыбын шаққанмен бірдей емес пе? Ал тұрғын үйлерді тиісті рұқсатсыз салып жатқан құрылыс салушылар бақылау жоқтықтан үлескерлерді алдап, олармен заңды күші жоқ шарттар жасасуды жалғастыру үстінде. Осындай заңсыздықтары әшкереленіп, салып жатқан тұрғын үйінің құрылысын тоқтатуға немесе бұзуға мәжбүр болған кәсіпкерлер өз салымшыларын наразылық акцияларына шығуға итермелеп, қоғамдық тәртіпке қауіп-қатер төндіріп жататыны белгілі. Сондықтан қала құрылысы саласында қолданыстағы заңнаманы барынша қатайтпай, тәртіп орнатуымыз екіталай.
Кәрібай МҰСЫРМАН