Сабыр ҚАСЫМОВ: Толық ақтаудың өлшемі – әділеттілік

0
261

Мамырдың соңғы күні – қуғын-сүргін құрбандары мен аштық нәубетіне ұшыра­ғандарды аза тұтатын күн. 31 мамыр – күллі қазақ қара жамылатын күн. Бүгін «Жарты халықты жалпы халық болып жоқтайтын» (Смағұл Елубай) күн. Халқы­мыз­ға қарсы жасалған қасіреттің таңбаланып, күнтізбеге енгізілгеніне, ресми аталып келе жатқанына биыл 26 жыл болады екен.

Арада аз уақыт өткен жоқ. Бірақ қуғын-сүргіннің қасіреті, аштық жылдардың ақиқаты, қазақты ұлт ретінде жою саясатының сұрқия жоспары әлі күнге дейін толық ашылмай келеді. Тарихтағы осы олқылықтың орнын қашан толтырамыз? Түбіне тереңдей берсең, талай тағдыр мен тың деректер шығатын зұлмат жылдар зобалаңынан сабақ алдық па? Бас көтергенін баудай түсірген сол кездегі биліктің айқын бет-бейнесін тани алдық па? «Кіші Қазан» деп қазақтың қара қазанының түбін тесіп, ақыр соңы жанын алған ұлттық қасіретті ұлықтай алдық па? Өйткені «Ұлттық қасіретін ұлықтай алмаған ұлт ұлттық қуанышын да ұлықтай алмайды» емес пе?

Қазақ халқының ХХ ғасырда басынан өткерген қасіретіне қатысты осы сұрақтарды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисінің жетекшісі, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр ҚАСЫМОВҚА да қойған едік. «Ең қиын қасірет – ұлттық қасіретті ұмыту, оның тарихи салдарын жеңіл қабылдау» екенін айтқан қоғам қайраткері: «Өткеннен сабақ алуымыз керек. Тарихи қателіктерді қайталауға жол бермеудің де біз үшін маңызды өте зор», дейді.

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

– Сабыр Ахметжанұлы, Саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­рын толық ақ­тау жө­нін­дегі Мемлекеттік комис­­сия­­ның жұмыс істеп жатқа­ны­на күзде үш жыл толады. Комиссияға қан­дай міндеттер жүктеліп еді? Осы уа­қытта нақты қандай нә­ти­желерге қол жеткізілді?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2020 жылдың 24 қарашадағы Жар­лы­ғына сәйкес құрылған Мемле­кет­тік ко­мис­сияның негізгі міндеті – сая­си қу­ғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қал­пына келтіру, атап айтқанда, қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтау. Мем­лекет басшысы бір сөзінде егер біз 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әді­лет­тілікті қал­пы­на келтірмесек, онда әді­лет­ті мемлекет пен демократиялық қоғам құра алмайтынымызды айтты.

Ең бастысы, ғылыми-теория­лық тәжірибелік тұрғы­дан ауыз толты­рып айтарлықтай нәтиже бар. Осы жыл­дар ішінде саяси қуғын-сүргін құр­­бан­дарын толық ақтау жөніндегі Мем­ле­кеттік комиссияның төрағалары Қырымбек Көшербаев пен Ерлан Қарин­нің басшылығымен жан-жақты, сондай-ақ көп деңгейлі жұмыс атқардық.

Қуғын-сүргін тақырыбының ға­лым­да­ры мен зерттеушілері Мемле­кет­тік ко­миссия жүргізіп жатқан жұмыстың ма­ңыздылығы туралы айтқанда «біз то­та­ли­тарлық режімді құрған және әлі де сол режімді қорғап жүрген «айс­берг­ті» орнынан қозғап, Қа­зақ­­станда архивтік революция­ны бастадық және боль­ше­вик­тік-коммунистік режім мен оның қор­ғаушылары тұрғызған тас қабырғаны тесіп өттік» дейді.

Жұмыстың негізгі мақсат-міндетіне бойлап, әдіснамамыз бен тәсілдерімізді жан-жақты игер­ген комиссия ғалымдары мен са­ра­п­шылары ақыр соңы декоммунизация мен деколонизацияның нақты үдерістері басталғанын айтады. Бұл бізді қуантады және алға ұмтылдырады, өйткені 90-жыл­­­­дардың аяғында еліміз­де мем­­­­лекет құруда қоғам­дық-саяси өмір­де де басқару­дың бұрынғы әдістерін, бұрынғы тәсілдері мен стандарттарын қол­дану жалғасып жатқанын өз көзі­міз­бен көріп, көз жеткіздік.

Сіресіп қалған бұл жүйе әсі­ре­се күш­тік құрылымдар мен құ­қық қорғау ор­г­­андарының қыз­ме­тінде анық бай­қал­ды. Осыған қарамастан сол кезде-ақ біз мем­лекеттік деңгейде «Қазақ­стан­ды отарсыздандыру және деком­мунизациялау бағ­дар­ла­ма­сын» әзірлеп, қабылдауды ұсын­ған едік.

Мемлекеттік комиссия зардап шек­кен­дердің түрлі санаттары мен құр­бан­дарын зерттеуді бағалаудың жаңа ғылыми зерттеу қағидаттарын, әдістері мен критерийлерін әзірлеп, оны нақты істе пайдаланды. Сондай-ақ, жаңа құ­рал­дар әзірленіп, іске қосылды. Қазір­гі таңда «халық жауы», «әлеуметтік қауіпті элемент», «контрреволюционер», «буржуазиялық ұлтшыл» сияқты бұ­рынғы большевиктік-сталиндік термин­дер мен ұғымдарға жаңа мазмұн беріліп, бұл сөздердің репрессиялық сипатын ашатын жаңа глоссарий әзірленіп жатыр.

Біз толық құқықтық, ал саяси қуғын-сүргін құрбандарының кейбір жекелеген санаттары бо­йынша саяси ақтаудың ғылы­ми негіздеменің іргетасын қала­дық. Қуғын-сүргін мен ақтау үде­­рістерін зерттеу кезінде іс жүр­­­гізу құжаттары рәсім­дел­ген құр­­бандармен ғана шектеліп қа­лу­ға болмайтынын теориялық және іс жүзінде дәлелдедік. Бір­қа­тар жаңа тұжырымдамалық ғылыми жаңалық, қорытынды мен практикалық ұсыныс жаса­дық. Атап айтқанда, қазақ ұлты­ның өкілдері: азамат ретінде де, қазақ хал­қы­ның құқықтары мен мүдделерін қор­ғау­шы ретінде де қатарынан екі рет қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеп бердік. Бұл тарихи ақиқат бұрын ғылыми зерттеулерде де, нор­ма­тивтік-құ­қықтық акті­лер­ді әзір­леу мен қа­былдауда да мүлде ес­ке­ріл­ме­ген еді.

Мемлекеттік комиссия жұмы­сы аясында кеңес кезіндегі жаппай саяси қу­ғын-сүргін проблемасын мемлекеттік деңгейде шешу және Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақ­тау­­дың жаңа тұжырымдамасы әзірле­ніп, қазіргі таңда жұмыс барысында осы құжат қолданылып келеді. Қазақ автономиялық және одақтық республикаларында бол­ған саяси қуғын-сүргінді кешен­ді зерттеудің ғылыми-не­гізделген әдіс­темесі әзірленді; Қа­зақ­стандағы қу­ғын-сүргіннің ерекшеліктері айқын­дал­ды; саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі (базалық) санаттары белгіленді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің әрбір базалық санатын ақтау бо­йынша арнайы әдістеме, іргелі ғылыми-теориялық қағидаттар мен критерийлер әзірленді. Жалпы, бұл бағытта Мемлекеттік комис­сия деректі материалдар­ды ғана емес, сонымен бірге үлкен ғы­лы­ми-теориялық капитал жи­нақ­­тады. Тарихшы, заңгер, сая­сат­­танушы ғалымдар мен басқа да қоғам­та­нушылардың алдында тұрған ендігі міндет – жаңа ғылыми-тақырыптық бағыт­тарды одан әрі дамыту.

Біз «Қазақстандағы Кіші Қазан» бағ­дарламасын күштеп іске асырумен бай­ланысты Қазақ Республикасындағы басты әрі ең үлкен террор мен жаппай саяси қуғын-сүргінді жан-жақты әрі жүйелі зерт­теу­ді қолға алдық.

Бұл – халыққа қарсы жүргі­зіл­ген саясат еді. Бұл – Қазкрай­комның бірінші хатшысы Ф.Голо­щекиннің И.Сталинмен ке­лісілген авантюралық шешім­дер қа­был­дауының ауыр салдары болатын. Осы саясатқа қар­сы шық­қан­дар­дың бар­­­лығы – келіс­­пеу­шілік пен қарсылық біл­­­­діргендердің қатаң жазалау акцияларымен сағын сындырған, халықтың жартысынан көбі қуаңшылықтан ушығып кеткен ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған трагедия еді бұл.

Белгілі себептерге байланыс­ты елі­міз­де күштеп іске асы­рыл­ған «Қазақс­тан­дағы Кіші Қа­зан» бағдарламасы жан-жақ­ты әрі терең зерттелген жоқ. Биліктің көзқарасы, оның жүйе­лі жүргізіп келген акциялары мен іс-әрекеттерінің басты көз­де­гені – қазақ халқының ты­ныс-тіршілігін қамтамасыз етудің қа­лып­­тасқан нысанын, қазақ ауы­лын әлеу­мет­тік-шаруашылық қа­уы­мдастық ретінде жою болған. Мұны айғақтайтын материалдар жеткілікті болғанымен, осы күнге дейін бұл бағдарламаның салдарына нақты саяси баға берілген жоқ.

Құпиясыздандырылған құжат­тар бүкіл ауыл мен аудан халқы аштықтан қыры­лып жатқанда да мал, ет, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнім­дерін тәр­кі­леу жөніндегі саяси нау­қан­дар жалғасқанын айғақтайды.

Қазақстандағы большевиктік-ста­лин­­дік билік, атап айтқанда, халық­­тың қар­сы­лығына қара­мас­тан тағайын­да­ған Ф.Голо­ще­кин мен оның қолшоқ­пар­лары, олар­ға белсенді қолдау көрсеткен ОГПУ орган­дары, қызыл әскер, милиция бөлім­дері, прокуратура органдары мен сот­тардың қолдап-қолпаштауымен ауыл­дағы «голощекиндік» революция атауы­мен жүйелі түрде жүзеге асырылды.

Голощекин капитализмнен аттап өтіп, социализм-коммунизмге жетуде, пролетариаттың көмегімен көшу мүм­кін­дігі туралы әйгілі маркстік-ленин­дік доктринаны іс жүзінде жүзеге асырды. Осылайша ол даңққа бөленіп, революционер ретінде өзінің ұлылығын дәлелдегісі келді. Мемлекеттік зорлық-зом­былық, жаппай саяси қуғын-сүргін, соның салдарынан болған орасан зор құрбандық, ең алдымен халықтың жаппай қырылуы – мұның барлығы ол үшін екінші дәрежедегі мәселе еді. Ол «революция ақ қолғаппен жасалмайды» деген сөзді жиі қайталайтын. Сол себепті де апаттың болары, халықтың жаппай қырылатыны сөзсіз еді, бұл нәубеттен қашып құтыла алмайтынын билік жақсы білді.

Мемлекеттік комиссия архивтер әдіс­намасы және құпия­сыз­дан­дыру жөнін­де кіші комиссияларды, 10 ғылым-зерттеу жұмыс тобын құрды. Сондай-ақ, қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын кешенді зерттеу үшін облыстар мен рес­публикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссиялар, ал олардың жанынан тақырыптық бағыттар бойынша жұмыс топтары жасақталды.

чсм

Мемлекеттік және арнаулы архивтерде мұрағаттық құжат­тар­ды құпия­сыз­дандыру бо­йынша тұрақты жұмыс іс­тейтін комис­сиялар жұмыс істеді. Мем­ле­кеттік комиссияның жұ­мысына елімізден 240-тан астам ғалым мен сарапшы тартылды, олардың 150-і құ­пия құжаттарға қол жеткізді. Мем­­лекеттік комиссияның мұ­рын­­дық болуымен 2 млн 400 мыңнан астам архив құжаты құ­пия­сыздандырылды; жаппай сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы қолданыстағы заң аясында 311 мыңнан астам құр­бан мен зардап шеккендер ақталды.

– Мемлекеттік комиссия жұ­мы­­сы­ның әдіснамасы, қағи­дат­тары мен тә­с­і­лдеріне кеңірек тоқталсаңыз.

– Мемлекеттік комиссия ға­лым­­дары мен сарапшылары ең алдымен, кеңестік кезеңде, елі­міз­дің тәуелсіздігі жылдарында қолданылған ақтаудың бұрынғы тәсілдері мен тәжірибесін зер­де­леді. Қазақстандағы саяси қу­ғын-сүргін мә­се­ле­лері бойын­ша большевиктік-сталин­дік би­лік­тің мемлекеттік сая­са­­ты жеке зерттелді. Кеңес одағы, Қа­зақ автономиясы мен кеңестік рес­пуб­­ликалардың партиялық-ке­ңес­­тік органдары қа­был­да­ған негізгі мемлекеттік актілерге, сон­дай-ақ қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауына түрткі бол­ған жаза­­лаушы органдар қабылдаған не­гізгі актілерге ғылыми-құқықтық тал­дау жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, түр­­лі санаттағы құрбандар мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен отан­дас­­тарымыздың саяси қуғын-сүргіні бо­йынша құқық қолдану тәжірибесін жан-жақты зерттедік.

Саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­ры мен зардап шеккендерді зерттеудің өзін­дік қағидаттары мен критерийлері түзілген отан­дық әдіснаманы әзірледік. Мә­се­лен, Мемлекеттік комиссия «Мемлекеттік комиссия, кіші комиссиялар және жұ­мыс топ­та­рының мүшелеріне ар­налған (жалпы) әдіснама», «Өңір­лік комиссияларға арналған жады­нама-нұсқаулық» пен «Ға­лым­дар мен сарап­шыларға бас­шы­лық жасау үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау жө­нін­дегі өңірлік комис­сия­лар­­дың қыз­метін ұйым­дас­тыру жөніндегі әдіс­наманы» дайындады.

Біз билік пен жазалаушы орган­дардың қызметін сол кез­де­гі Конс­ти­ту­ция мен заң­дарға сәйкес талдаймыз. Қан­ша­лық­ты қайғылы әрі шетін болса да біз мәселелерді тұтас­тай да, жеке фактілерді де саясат­тан­дыр­маймыз. Біз­дің көзде­ге­ні­міз өзге халықтар мен басқа мемлекеттерді кінәлап, жау іздеу емес. Басты мақсатымыз – жа­зық­сыз құрбандар мен зардап шеккен отандас­та­рымызды саяси қуғын-сүргіннен то­лық ақтау.

Мемлекеттік комиссия мен жұмыс топтарының мүшелері күш­тік құры­лымдарға архив құ­жат­тарын құпия­сыз­дандыруға көме­к­теседі. Атап айт­қан­да, Қа­зақ­стан Республикасының мем­­ле­­­кеттік құпияларының бол­мауы, сақтау мерзімінің аяқ­тал­уы (80-100 жыл өтті) және боль­­шевиктік-сталиндік биліктің саяси қуғын-сүргіндері бойынша құпия­сыздандыру қажеттігіне, сондай-ақ басқа да құқықтық не­гіз­дер бойынша оларда сақтал­ған материалдарды құ­пия­­сыз­дан­дыру қажеттігін көрсетеді. Бұл жұмыстардың барлығы ғы­лыми, құ­қықтық жоспардағы ха­лықаралық кри­терийлерге сүйе­не отырып іске асырылады.

Мемлекеттік және өңірлік, кіші ко­мис­сия­лардың және ғылы­ми-зерттеу жұмыс топта­рының мүшелері қашанда, әсіресе, тарихи оқиғалар мен та­рихи фактілерді, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен тарихи қайраткерлердің рөлі мен қызметіне баға беруде жершілдік, ру­шылдықтан іргесін аулақ ұстап, мем­ле­кеттік ұстанымда болуы шарт.

Қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын ақтау мәсе­­лелерін шешу жолында біз­дің көзқарасымыз бен прин­цип­тері­міз халықаралық стан­дарт­тар мен құндылықтарға, құ­қық нор­ма­­ларына иек артады.

Мемлекеттік, өңірлік, кіші ­комис­сия­лар­дың және ғы­лыми-зерттеу жұмыс топ­та­ры­ның барлық мүшелері осындай әдіс­на­мамен қаруланған. Мұн­дағы мақсат – Мемлекет бас­­­шы­сының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бо­йынша алға қойған міндеттерін жоғары деңгейде орындау.

– Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау және тарихи әділеттілікті қал­пына келтіру бағытындағы жұмыс елі­міз үшін өте маңызды. Зұлмат жылдар жайында архив құжаттары не дейді?

– 1920-1950 жылдардағы ста­линдік қуғын-сүргін, атап айт­қанда 1937-1938 жылдардағы ауқымды террор – бүкіл кеңес одағының, бұрынғы кеңес рес­пуб­ликаларының барлық халық­та­ры­ның ортақ трагедиясы. Бұл террорды жүзеге асыру кезінде КСРО-ның барлық халқы зардап шекті. Осы қалың қасіреттің бел ортасында Қазақстан мен отандастарымыз да бар.

Қазақ халқының тағдырына тап болған қайғы-қасірет, бүкіл Қазақс­тан­ның трагедиясы жаппай сая­си қуғын-сүргін болып саналады. Әсіресе, 1928-1932 жыл­дары жүргізілген «Қазақ­стан­дағы Кіші Қазан» халыққа қарсы бағ­дарламасын күшпен іске асырудың сал­дары өте ауыр болды.

Бұл бағдарламаны қазақ же­ріндегі ауыл-аймақтарда жүр­гізіл­ген зорлық-зомбылық төң­керісі деуге болады. Жү­йелі әрі бір мезгілде жүргізілген ар­найы күш­тік операцияларға жазалаушы органдар жұмылдырылды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, барлық ауқаттылардың мүл­кін жаппай тәркілеу; күштеп ұжым­дастыру және күштеп оты­рық­шыландыру; астық пен ет өнімдерін тартып алу, т.б.

Ф.Голощекин мен оның жандайшаптары биліктің қылмысы мен қаты­гездігіне қарсы шық­қан қазақ ауы­лын­дағы басты сая­си күшті бірден басып-жан­шып, көз­дерін жою үшін қозға­лыс көш­бас­шылары мен белсен­ділеріне, «Алаш» партиясына қатыс­ты қыл­мыстық іс­ті қолдан ұйым­дас­ты­рып отырды.

Соның кесірінен 40-тан астам адам қа­мауға алынып, көбі сотталып, енді бірі елден қуылды. Сот үкімімен Ж.Аймауыт­ұлы, А.Юсупов атылып кетті. А.Бай­тұр­­сынұлы да алғашында ату жазасына кесіледі, алайда артынан үкім 10 жылға бас бос­тан­ды­ғынан айыру жазасына ауыс­тырылды. Бас көтергендердің біразы әртүрлі мерзімге сотталып, абақтыға жабылды.

Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұха­ме­­дұлы, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омарұлы, Ибрагим Сәтбаев, Әбуәлі Әділов, Абдолла Ұзақбаев, тағы басқалары жер ауда­­­­рылды.

Бұл қасіреттің басты себебі – қа­зақ халқын тіршілік көзінен айыру және сталиндік биліктің саяса­тымен келіс­пей­тін­дерді жаппай қуғын-сүргінге ұшы­рату жөніндегі биліктің қатыгез әрекеттері еді. Биліктің ойлас­ты­рыл­маған әрекет­терінен отандас­­­тарымыз үлкен апат – аштық­қа ұшырады. Осы жылдары болған қуаңшылық, ауа райының қолай­сыз­дығы халық трагедиясын одан сайын қалыңдатып, құрбан бол­ған­дардың са­нын арттыра түсті.

Бұл – жаһандық, емделмейтін тарихи драма, халқымыздың са­на­­сындағы жара мен азап. Бұл – қазақ халқының, еліміздің әр патриоты, әрбір демократы мен прогрессивті отандасымыздың жан дүниесіндегі қаны сорғалаған жара. Бұл жара осы қасіретті оқиғаның нақ­ты себептері анық­та­лып, тиісті баға беріл­ме­йінше жа­зылмайды.

Бұл – әсіресе тәуелсіздік ал­­­ғаннан кейін халқымызға, отан­­­дастарымыздың бүгінгі ұр­па­ғы­на артылған аса ауыр мо­раль­­дық жүк. Бұл – қазақ саяси элитасы, оның ішінде билік­тегі халық өкілдері мен әрқай­сы­мыздың даналығымыз бен адам­гер­шілігіміздің сыналатын тұсы.

Егер депутаттардың қазіргі құрамы біз әзірлеген заң жобаларын қабылдаса, осы тарихи және моральдық жүктен арылып қана қоймай, перзенттік және азаматтық борышымызды орындаған болар едік. Барлық отандасымыз бен шетелдік прог­рес­сив­ті жұртшылық зұлмат жылдары ұлтымыздың жартысы қуаңшылық пен жұттан қы­ры­лып қалмағанын түсінер еді. Өткеннен сабақ алуымыз керек. Мұндай тарихи қателіктерді қайталауға жол бермеуіміз де өте маңызды.

Ал егер Парламент депутаттары «Қазақстаннан кеткен мәж­бүрлі бос­қын­дар туралы» үшінші заңды қабылдаса, «Қазақ­стан­дағы Кіші Қазан» бағдар­ла­масын күштеп іске асыру ке­зінде Отанын тастап кетуге мәжбүр болған, Мемлекеттік комиссия анықтап берген миллионнан астам босқын алдындағы боры­шымызды да өтер едік. Сондай-ақ, осы шешімді зарыға күткен 5-6 миллионнан астам отан­да­сымыздың арман-өтінішін орын­да­ған болар едік.

Президент өз Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемле­кет­тік комиссияны құр­ған кезде, «зиялы қауым», көзі ашық азаматтар тарихи әділдікті қалпына келтіреміз, жұртшылықты, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рының ұрпақтары аңсай күткен шешімдерді қабыл­дай­мыз, бүгінгі ұрпақтың мойнына түскен осы моральдық жүкті алып тастаймыз деп үміт­тенді.

Миллиондаған құрбанның алдында кеш мінәжат етсек те тек лайықты бағасын беру арқылы осы моральдық жүктен арылып, халықтың сан жылдар бойы сыздаған жан жарасын емдей аламыз. Біз халқымыздың басына төнген ауыр қайғы-қасірет – сталинизмнің күнәсі мен қыл­мы­с­ы үшін мінәжат етуіміз керек, әйтпесе жазасыздық пен ата-аналарымыз бен аталарымызға жасалған қатыгездіктен халық­тың қаны сорғалаған бұл жара өзді­гінен жазылып кетпейді, кері­сін­ше асқына береді. Егер біз бұл қадамды да жасай алмасақ, ертең өзімізді кешіре алмаймыз. Өйткені әке-аталарымыз, ана-әжелеріміздің адал атын жаң­ғыр­тып, абыройы мен қадір-қа­сие­тін қалпына келтіруге мін­дет­тіміз.

– Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысына қуғын-сүргін тарихына арналған құжаттар мен материал­дар­дың 31 томдық жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа қандай құжаттар кірді? Көптомдық қандай принцип бойынша жасалды? Бұл материалдар қандай ақпарат көздерінен жи­нақ­талды?

– Көптомдық материалдары негізінен отандық архивтерден, бұрын жабық болған, сондай-ақ шетелдік қорлардан жинақталды. Ең алдымен, біз жаппай саяси қуғын-сүргінге құжаттық негіз­деме болған кеңес одағы мен Қазақстанның партиялық-кеңес­тік органдарының актілерін, сондай-ақ олар құрған күштік құрылымдар, орталық және жер­гілікті арнайы органдардың ак­ті­лерін жинауға тырыстық. Жо­ғары тұрған органдар мен лауа­зымды тұлғалардың құқық қолдану практикасының құжат­­тары (циркулярлар, хабарламалар, есептер, ақпарат, актілер, есептер, айыптау қорытын­ды­ла­ры мен үкімдері, т.б.) қоса тіркелді.

чсм

Жинақтың алғашқы он томы – тақы­рыптық бағыттар, басқа­лары аймақ­тар­дағы жаппай сая­си қуғын-сүргін материалдары бойынша топтастырылды. Көптомдықты жариялау қағидаты бірыңғай тәсілге негізделген: мем­лекеттік акт, басқа да түрлі құжат түп­­нұсқалығы, олардың шығу тегі тек­се­ріліп, міндетті түрде көрсетіледі. Жи­нақ­­тағы құжаттардың дені бұрын жа­рия­ланбаған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан тарихына ар­налған көптомдық дайындалып жатыр. Осы ең­бек­ті дайындауда Мем­ле­кеттік комиссия жұмысы аясында жи­нақталған материалдар, тың деректер мен зерттеу нәтижелері пайдаланыла ма?

– Әрине, қазірдің өзінде қолданылып жатыр. Өйткені біріншіден, кеңестік кезеңнің жаңадан құпиясыздандырылған материалдары бұрынғы больше­вик­тік-коммунистік догмалар мен үлгілерсіз белгілі бір құбы­лыс­тарды, фактілерді, цифрлық деректерді объективті, жаңа тә­сіл­дермен бағалауға мүмкіндік береді. Екіншіден, Мемлекеттік комиссияның жұ­мысына қатысып жүрген көп ға­лымдар – дайындалып жат­қан көптомдықтың авторлары. Мәселен, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов – Мем­­лекет­тік комиссияның қыз­ме­тін қам­та­ма­сыз ету жөнін­дегі жоба­лау кең­сесі басшысының орын­­ба­сары ретінде көптомдық басы­лым­ға жауапты.

Бір ғана мысал келтіруге бо­лады. Бұған дейін кеңестік ғы­лым­ның қағи­даттары бо­йынша, оның ішінде пар­тия­лық-мем­ле­кеттік органдар мен олардың бас­шы­ларының сая­сатын біржақты бағалайтын отандық ғалымдар мен зерт­теушілер «Қазақстандағы Кіші Қазан» халыққа қарсы бағ­дар­ламасын іске асыру барысында елімізден ағылған миллионнан астам босқынды «көш­пен­ділер», тіпті кеңес өкіметінің шешімдеріне қарсы шыққан «бан­далық құрылымдар» деп жариялады.

Ал отандастарымыздың елден қашуының себептері мен мән-жайларының тереңіне үңілсек, талдау қорытындылары олардың «мәжбүрлі босқын» мәртебесінің белгілеріне жататындығын ай­ғақ­тайды. Өйткені олар өз өмір­лерін, отбасын және жақын­да­ры­ның өмірі мен әл-ауқатын аман сақтап қалу үшін кіндік қаны тамған туған жерлері мен тарихи Отанын тастап кетуге мәжбүр болды.

Сол себепті заң жобаларын дайындаған жұмыс тобы «1920-1930 жылдары Қазақстаннан кеткен мәжбүрлі босқындар туралы» заңның жеке жобасын әзірлеп жатыр. Ал Мемле­кет­тік комиссияның материалдары кеңестік кезеңге қатыс­ты көп томдық басылымда қол­да­ны­ла­ды.

–  Президенттің саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақ­тау жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында Мемле­кет­тік комиссия нормативтік-құқықтық актілерді дайындау бойынша қандай жұмыс жүргізді?

– Мемлекеттік комиссия төра­ғасының өкімімен белгілі ғалым, заң ғылымдарының док­торы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері И.Борчаш­ви­ли бастаған саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөніндегі заң жобасын әзір­лей­тін арнайы жұмыс тобы құ­рылды. Бұл топ Мемлекеттік комиссияның материалдарын, оның ішінде саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша жаңа­дан құпиясыздандырылған құжат­тар­ды, сондай-ақ Мемле­кеттік ко­миссияның және өңірлік ко­мис­­сиялардың жұмыс топта­ры­ның ұсыныстарын жан-жақты зер­деледі.

Осылайша, жұмыс тобы сая­си құғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін үш заң жобасын әзірлеу қажет деген қоры­ты­н­дыға келіп отыр.

Бірінші заң жобасы қол­даныстағы заңнамада қамтыл­маған, сондай-ақ заңда аталған, бірақ ақталмаған қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шек­кен­дердің 10-нан астам негізгі (базалық) санатын толық құ­қық­тық ақтауға қатысты. Олар – негі­зінен шаруашылық қуғын-сүргінінің құрбандары.

Екінші заң жобасы қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын саяси ақтау қажеттігінен туындап отыр. Бұл марксизм-ленинизмге қайшы келетін ғылыми идеялары үшін құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдар, дін қызметкерлері, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін кү­ре­сушілер, т.б. Осы санат­тағы құрбандар үшін үкімнің қа­рапайым күшін жою, яғни заң­дық тұрғыдан ақтай салу жет­кіліксіз. Осы санаттың құр­бан­дары және олардың ұрпақтары талай жылдан бері саяси ақтауды талап етіп келеді. Олар ата-ба­ба­сының прогрессивті идеяларын, демократиялық бағдар­ла­маларын, қоғамдық-саяси қыз­ме­тін, риясыз қызмет ету фак­тілерін, Отанымыз үшін патриотизм мен жанкештілік ерлік­те­рін ақтауды талап етеді.

Бұл жағдайда құқықтық қа­ты­­настардың тәуелсіз блогі, реттеудің жеке пәні, ақтау мен тағзым етудің құқықтық ме­ханизмі болғандықтан, дербес заң қажет. Мұндағы субъек­тілер (құрбандар)  –  қылмыс­кер­лер емес, өздерінің рухани құндылықтарын сақтап, қор­ға­ған адамдар, қазақ халқы­ның бостандығы, Қазақ­станның тәуел­сіз­дігі мен аумақ­тық тұтас­ты­ғы, сондай-ақ орасан зор ғы­лы­ми жаңалықтар мен қо­ры­тындылар әзірлеген ға­лым­дар.

Үшінші заң жобасы 1 мил­лионнан астам мәжбүрлі босқын мен олардың Қазақстаннан тыс жерде тұратын ұрпақтарына қа­тысты.

Осы үш заңды Парламент қабылдаса, Мемлекет басшы­сының саяси қуғын-сүргін құр­бан­­дарын толық ақтау жөнін­дегі алға қойған міндеттері толы­ғы­мен жүзеге асар еді.

Ендігі жұмыс Парламент депутаттарына жүктеледі. Толық ақтау үшін жауапкершілігі қос палатаның, әсіресе, Мәжілістің мойнында.

– Мемлекеттік комиссия жұ­мы­сының нәтижесінде жи­нал­­ған материалдарды одан әрі басып шығару жоспарда бар ма? Осы ақпарат­тың бар­лығын бір жерге жинақ­тай­­тын, визуализа­ция­ланатын интернет-портал құ­ру туралы айтылды. Бұл портал қа­зір жұмыс істеп тұр ма? Оған қара­пайым халық қол жет­­кізе ала ма?

– Биыл – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің тапсырмасымен комиссия материалдарын бірың­ғай сериямен 20 жаңа фор­мат­тағы есте­лік, өңірлік 19 жинақ етіп бастыруды жоспарлап отырмыз.

Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия порталына қатысты айтсақ, портал құрылған, қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Оған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайты арқылы кіруге болады. Порталда «Саяси қуғын-сүргін құрбандары – қазақс­тан­дық­тар­дың бірыңғай дерекқоры» құрылымдық бірыңғай респуб­ли­калық базасы және халыққа саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қажетті ақпарат алуға мүмкіндік беретін басқа да мәліметтер жинақталған.

– Саяси қуғын-сүргінді зерттеу және құрбандарды ақтау архив құжаттарымен тікелей байланысты. Мемлекеттік комиссия бұл тұрғыда көп жұмыс атқарды. Дегенмен ғалымдар айта­тын мәселелер де бар. Бұл – архив құжаттарымен жұ­мыс істеу кезінде кездесетін ке­дер­гі­лер.

– Мемлекеттік, күштік құры­лымдар мен құқық қор­ғау орган­дарының арнаулы архив­те­рінде саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық архив қорын жүйелеу, түгендеу ісі қолға алынды. Бұл да Мемлекеттік комиссияның бастамасы болатын. Жоғарғы сотта, прокуратура органдарында, ҰҚК, Әділет министрлігінде салалық архив құжаттарын құ­пиясыздандыру бойынша тұ­рақты жұмыс істейтін комиссиялар белсенді жұмыс істеді. Ғалымдар мен зерттеушілер қайда, қалай және қандай архив құжаттарын іздеу керектігі туралы жан-жақты хабардар болды.

Алайда Бас прокуратура, ІІМ, ҰҚК, сондай-ақ облыс про­куратураларының, облыс және республикалық маңызы бар қалалар ІІМ, ҰҚК департа­мент­терінің архивін (негізінен құпиясыздандырылмаған) Ал­маты қаласындағы Президент Архи­віне ауыстыру кезінде біраз мәселе туындағаны рас.

Аймақтарда жұмыс істеп жүр­­ген ғалымдар өткен жылдан бастап істерінің тоқыраудың алдында тұрғанын айтып шағым­данды. Өйткені олар жергілікті билік органдарының саяси қу­ғын-сүргін мәселелері бойын­ша шешімдеріне, сондай-ақ осы аймақтарда тұратын азамат­тар­дың тағдырына қатысты материалдарсыз қалды. Ал оларға Алматыға барып-келу қиын, оған да біраз уақыт пен қаржы керек.

Ғалымдардың Президент ар­хивіндегі құпия құжаттарды беру тәртібі мен талабына көңіл­дері толмайды. Себебі олар­дың тақырыптары бойынша сапалы ғылыми тұжырымдарды талдауға және жасауға кедергі келтіретін көптеген тыйым мен шектеу бар. Бүгін біз Президент архивінің басшылығымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы мәселелердің барлығын шешу жолдарын табу үшін кеңесіп, кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ