Салық төлемеген әнші-блогерлердің тізімі шықты

Мемлекетке міндетті табыс салығын төлемеген танымал әнші, блогер және журналистердің тізімі шықты. Бұл тізім Козачков телеграм арнасында жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәселен, атақты продюсер Баян Мақсатқызы 272 миллион теңге тапқан табысынан мемлекетке салық төлемеген.
Салық төлемегендердің қатарында Ләйлә Сұлтанқызы да бар. Ол да 160 миллион теңгеден асқан табысының есебінен мемлекетке міндетті салықты төлемеген.
Бұл тізімде белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау да бар.
Борышкерлер тізімінде 2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемеген Бейбіт Әлібеков көш бастап тұр.
Одан бөлек мемлекет алдындағы қарызын өтемегені үшін танымал әншілер де тізімге енген. Олар: Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан, Айқын Төлепберген, Садраддин, Дильназ Ахмадиева және т.б.
Танымал тұлғалардың бір бөлігі әлеуметтік желіде осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
– Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Менің айналымдағы қаражатым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы ҚР Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де растай алады. Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс. Алдағы уақытта салық есептілігінің нәтижесімен міндетті түрде бөлісемін, – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Кәсіпкер Сырымбек Тау да бұл тізімге не үшін енгенін түсінбегенін жеткізді.
– Салық туралы жарияланған 31 адамның қатарына мені де енгізген екен. Менің қатысым бар компаниялар кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Ал 114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжаттарды мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды, – деді ол.
Қазақстандық блогерлерге жалпы сомасы 53,3 миллиард теңге болатын салық салынған болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 адамның табыс декларацияларында сәйкессіздіктер анықталған.