Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко – Азия ойындарының чемпионы!

0
71
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды. «Скит» жаттығуының финалында ұлттық құрама спортшылары кувейттік мергендер – Эман Әлшамаа мен Абдулла Әл-Рашидиден басым түсті. Қорытынды есеп – 40:35.

Катар құрамасы Бахрейннен басым түсіп, қола медаль алды. Екінші қола Қытай спортшыларына бұйырды.

Сәл ертерек Әсем мен Эдуард іріктеуде 148 ұпай жинап, екінші орынмен финалға жолдама алған болатын.

Біздің мергендер тағы да керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларды, жанкүйерлерді және әрине, команданың жаттықтырушылар штабын осы жеңіспен құттықтаймын! Бүкіл ел мергендерімізбен мақтанады. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жеткіншектерді осы спорт түрімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін, – деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко осыған дейінгі бірқатар халықаралық бәсекеде бірге сәтті өнер көрсетіп, елімізге тарихи жүлде сыйлап үлгерді. Атап айтар болсақ, биыл мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем Кубогында олар күміс жүлдегер атанды. Сосын, жазда Италиядағы Әлем кубогында аралас жұптар арасында үшінші орын алған.

Ал былтыр қазан айында Хорватияның Осиек қаласындағы әлем чемпионатында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко скит бағдарламасында қола жүлдені иеленген.

Бұл – еліміздің ұлттық құрамасының Азиададағы үшінші алтын жүлдесі. Бұған дейін Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панаринадан жасақталған Қазақстанның әйелдер командасы «скит» жаттығуында алтын медаль жеңіп алып, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Ал жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды.

Еске салсақ, Ханчжоудағы Азиадаға Қазақстаннан спорттың 30 түрінен 524 спортшы (262 ер және 262 әйел) қатысып жатыр. Оның 27-сі олимпиялық бағдарламаға кірсе, қалған 3-і олимпиялық емес спорт түрлері. Сонымен қатар, Азиадад 8 спорт түрінен, атап айтқанда, бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл атлетика бойынша Париж Олимпиадасына  лицензиялар сарапқа салынады.

Жалпы алғанда, Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығына таласып жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ