Сенатта ғалымдарды қолдауды күшейту туралы заң қаралды

0
152
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

 – Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады.

Парламент депутаттарының бастамасы бойынша әзірленген заң ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, ғалымдарға әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуға және ғылымдағы қаржы ресурстарын оңтайландыруға бағытталған. Құжатта өңірдің басым бағыттары бойынша ғылыми жобалар мен бағдарламалар ұйымдастырумен қоса жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға құқық беру көзделіп отыр.

Құжатта жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардағы педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің жалақысына қосымша ақы белгілеу жөніндегі нормалар көзделген. Сондай-ақ ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық жұмыстарды аяқтау үшін шығармашылық демалысқа құқық беріледі. «Ғылыми этика» ұғымы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметке қатысушылар ұстанатын қағидалар, ережелер мен нормалардың жиынтығы ретінде енгізіледі. Сондай-ақ ғылыми әдепке үлгі қағидалар әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті белгіленеді.

Заң жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсу кезінде мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жеңілдіктер, сондай-ақ жатақханадан орын алуға басым құқық береді.

Сенаторлардың айтуынша, заңның қабылдануы ғылыми қызметкерді әлеуметтік қорғауды одан әрі күшейтуге, ғалымның беделі мен еңбек тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ғылымның еліміз экономикасын дамытуға қосқан үлесін арттыруға ықпал ететін болады.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз