Шахматтан Азия чемпионатында 650-ге жуық жас шахматшы бақ сынайды

0
65
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

 – Алматыда шахматтан 26-шы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Турнирге Азияның 34 елінен 7-18 жас аралығындағы 650-ге жуық жас ойыншы жиналды.

шахмат
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Бұл Қазақстан қабылдаған халықаралық шахмат турнирлары арасындағы қатысушылардың рекордтық саны. Ауқымды чемпионат KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы, Алматы қаласы әкімдігі және Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Чемпионаттың бас демеушісі — Freedom Holding Corp компаниясы.

Жасөспірімдердің Азия чемпионаты — аймақ үшін шахмат әлеміндегі маңызды оқиға. Жыл соңында Азия өкілдері тұңғыш рет шахматтан әлем чемпионы атағына күреседі: ерлер арасында қазіргі әлем чемпионы қытайлық Дин Лижэнь мен 8ндістандық Гукеш Доммараджу, қытайлық әйелдер Цзюй Вэньцзюнь мен Тань Чжунъи бар. Азия чемпионаттары — шахматтың болашақ жұлдыздарын ұшыру алаңы.

шахмат
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

«Біз үшін осындай беделді турнирді өткізу — жоғары сенімнің белгісі және Азия шахмат федерациясындағы позициямызды нығайту мүмкіндігі. Чемпионат елімізде шахматтың одан әрі танылуына, жаңа есімдерді танытып, жас шахматшыларымыз үшін байыпты бәсекелестік тәжірибе жинауға тамаша мүмкіндік сыйлайды. Біздің команда турнирді сапалы ұйымдастырып қана қоймай, қонақтарға Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін таныстырып, Алматының тұмса табиғатын көрсететін қызықты шаралармен толықтырды», — деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Өкілді делегациялар Өзбекстан, ФИДЕ туының астында Ресей, Вьетнам, Үндістан, Қырғызстан, Моңғолия, Сингапур, Қытай мен Оңтүстік Кореядан келді.

шахмат
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Чемпионатқа қатысушылары арасында екі халықаралық шебер бар — жақында үшінші гроссмейстерлік норманы орындаған қазақстандық Алдияр Ансат және Суреш Харш (Үндістан) және екі халықаралық әйелдер шебері — Амина Қайырбекова (Қазақстан) мен Мафтуна Бобомуродова (Өзбекстан). 2022 жылғы әлем чемпионатының 16 жасқа дейінгі күміс жүлдегері, ФИДЕ әйелдер шебері Нгуен Хонг Нюнг те бар. Қатысушылар арасында барлығы 24 ФИДЕ шебері және 11 ФИДЕ әйел шебері бар.

Чемпионат экологиялық таза және тұрақты даму ұранымен өтуде. Турнирде қолданылған пластик қайта өңделіп, оны велошредерде қатысушылардың өздері жасай алады. Алматылықтар мен қала қонақтары 10-20 маусым аралығында Балуан Шолақ атындағы Спорт кешенінде өтетін чемпионатқа қатысып, жаңа шахмат жеңістерінің куәсі бола алады.

Онлайн-көрсетілім Qazsport сайтында жүргізіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ