Шыңғыс Әрінов Мәтібұлақ ауылында ерікті өртке қарсы пункт ашты

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары аясында Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылында жаңа ерікті өртке қарсы пункт ашты.
Жоба ауылдық жерлерде өртке қарсы қауіпсіздікті арттыру мен ерікті өрт сөндіру құралымдарын дамытудың тиімді құралына айналған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында іске асырылды.
ТЖМ басшысы Мәтібұлақ ауылына 2025 жылдың наурыз айында да барған болатын. Сол кезде өрт қауіпсіздігі мәселелері мен ерікті пункт құру бастамасы талқыланған еді. Бүгін бұл жоба жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің белсенді қатысуымен сәтті жүзеге асты. Ауыл кәсіпкерлері төтенше жағдайларға жедел ден қойып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын заманауи бөлімшенің құрылысына елеулі үлес қосты.
«Бұл пункттің ашылуы ауыл халқын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы әрбір шалғай елді мекеннің жедел көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз, осы бастаманы жергілікті жерде қолдап жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Жаңа ерікті өрт сөндіру пунктінің ғимараты жергілікті демеушінің қаражаты есебінен салынды. Ғимарат ішінде өрт сөндіру техникасына арналған бокстар, кезекшілерге арналған бөлмелер, ас үй, душ және демалыс бөлмесі қарастырылған.
ТЖМ бөлімше балансына автоцистерна мен жедел-қызметтік автокөлікті тапсырды. Пункт 4 мыңнан астам халқы бар бірнеше елді мекенге қызмет көрсетіп, оларды өрттен және басқа да төтенше жағдайлардан сенімді түрде қорғайтын болады.