Шылым туралы шындық

0
293

Темекі- қоғамдық дерт. Дертіне дауа іздеген жандарға көмектесу мақсатында елімізде түрлі орталықтар жұмыс істейді. Олардың дені 2009 жылы негізі қаланған темекіге қарсы кабинеттер. Келушілері жайлы ақпаратты жасырын ұстайтын мұндай орталықтар 2017 жылы 33495 адамды қабылдаған. Республика көлемінде қызмет көрсететін кабинеттер саны бүгінде 69-ға жетіпті. (?)

          Шылымнан келер зардап қоғам арасында айтылып та, талқыланып та жүр. Жеке тұлғаға ғана емес, жалпы адамзатқа кері әсері тиіп жүрген бұл кесел күллі әлемге Еуропа арқылы таралыпты-мыс. Бұлай деуімізге Христофор Колумбтың 1492 жылы жаңа аралдан алып қайтқан темекі жапырақтары негіз бола алады. Саяхатшының қазіргі Америка материгіне жасаған екінші сапарынан кейін темекі алғашында Испанияға, кейіннен шартарапқа толығымен таралады. Осылайша, XV-ғасырда Азияға келген улы зат бастапқыда тіс ауруын емдеу үшін қолданылыпты. Тұтынып көруден шыққан тәуелділік қазір миллиондардың «әдетіне» айналған.

          Әр тартылған темекі 15 минуттық өмірді қысқартатыны мәлім. Осының салдарынан 1 жылда әлем бойынша 2,5 миллионнан аса адам қайтыс болады. Құрамына отыздан аса улы компоненттерді жиған шылымның есте сақтауды нашарлату, теріге әжім түсіру, көңілсіздік пен ұйқысыздық секілді толып жатқан жағымсыз салдарлары бар. Зиянды әдеттен туындайтын ондаған аурулардың өзі тікелей адам өліміне себепші. Сөзімізге тұздық болсын, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, 2030 жылға қарай темекіден көз жұмғандардың саны 8 миллионға жетеді екен. Одан бөлек, бір жылда темекі түтінімен демалуға мәжбүр болған 600 мың адам да өмірімен қоштасады-мыс. Жанды мұздататын статистиканың жайы осылай.

          Темекіні бастау бар, демек, тастау да бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, профилактикалық емдеу орталықтары ел азаматтарына көмек көрсетіп келеді.Тек темекінің емес, арақ пен нашаның салдары таралған қоғам өкілдері өз бетінше арыла алмаған тәуелділіктен арнайы мамандардың көмегі арқылы құтылып жатыр. Оқырман назарына нарколог-маман Гүлмира Абдыбаеваның сұқбатын ұсынамыз:

Гүлмира Оспанбайқызы:  «Шылымның құрамында никотиннан бөлек әртүрлі ароматизаторлардың бар екені мәлім. Темекіні былай қойғанда, түтінінің өзі ағзаға зиян. Құрамында 12 мыңға жуық химиялық қосылысы бар түтін ауыз қуысынан бастап барлық тыныс мүшелеріне жасушалар арқылы қанға сіңеді, осылайша, оттегіні 70%-ға дейін алмастырып кетеді. Орталық нейрожүйесінен бастап барлық ағзаға кері әсер ететін темекі талшығы қанның бұзылуынан бастап, тыныс мүшелерінің улануына әсер етеді. Организмге түскен кез келген токсинді сыртқа шығаратын бауырға никотин, түрлі ароматизатор токсиндері түсіп, оның қызметін 4-5 есе тежейді.

Темекі зияны жайлы сөз қозғағанда, оның әйел мен ер адамның ағзасына бірдей мөлшерде қауіп туғызатынын айтқым келеді. Әйел заты ұрпақ сабақтастығына жауап бергендіктен, тәрбие тұрғысынан қайшылыққа ұшырайды. Жүкті әйелдердің жағдайында түтіннің токсиндері организмде сақталып қалып, сүт арқылы, қан арқылы іштегі нәрестеге берілуі мүмкін. Эстетикалық жағынан қарағанда да, күнделікті темекі шеккендіктен, адамның сілекейлі қабықтары қабынады, тістері сарғаяды. Осының салдарынан жөтел пайда болады. Темекі шегетін адамды активті темекі шегуші десек, жанында отырған адамды пассивті темекі шегуші дейміз. Себебі, түтін арқылы таралатын зиянды құрамдас бөліктер екі адамға да бірдей әсер етеді.

Арақ, есірткі, темекі дегеннің барлығы ағзаның тәуелді күйге түсуінен белсенді қолданысқа енеді. Жалпы, ғылымда барлық тәуелділікті психологиялық және физикалық деп бөлу қарастырылған. Алғашында көңіл-күйдің нашарлығынан басталған тұтынып көрушілік уақыт өте келе ағзаның қажеттілігін өтеуге айналады. Осылайша, психологиялық қажетсіну бірден физикалық күйге ауысады. Ал, жастардың түсінігінде шылым шегу- ерсек болып көрінуге деген ниеттен, үлкендерге еліктеушіліктен басталуы мүмкін.

Біздің мақсатымыз-зиянды әрекеттердің алдын алу. Яғни, профилактика жұмыстарын жүргізу. Біздің бақылауымызда 272 адам емдек-сауықтыру курсынан өтіп жатыр. Орталығымыздағы дәрігерлер апта сайын өздері арнайы бекітілген аудандарда, әсіресе оқу орындарында насихат жұмысын жүргізеді. Жетістіктеріміз жаман емес: бірнеше жыл көлемінде айқын байқалып келеді, темекіге тәуелділердің саны азаюда.

Елімізде осы мәселе төңірегінде статистика жасалса, көбінесе сатылған өнімге қаратылып есептеледі. Бұл орайда мегаполистің халқы өсіп жатқанын, шеттен келетін тұрғындардың, шетелдіктердің көптігін ескермейтініміз қынжылтады. Егер, мұның бәрін есепке алса, статистика әлдеқайда төмен көрсеткіш танытар еді. Мен оқу орындарында бұрынғымен салыстырғанда жастардың шылым шегуі әлдеқайда азайғандығын толық сеніммен айта аламын. Жастарымыз діни білімдерін арттырып, дұрыс жаққа бас бұрып жатқанын көшеде де байқай аламыз.

Ауруханаға түсіп, қайтыс болған кісілер бар. Дегенмен, ондай жандардың өліміне нақты себеп: темекі деп жаза алмаймыз. Бірақ осы әрекеттің әсерінен туындайтын түрлі аурулар өлімге душар етеді. Олар: бронхоэктатикалық аурулар, өкпенің қабынуы, бауыр қызметінің бұзылуы. Онкологиялық аурулар да осы қатарда.

Негізінен шылымға тәуелділікпен күрескісі келетін жандарға психотерапевт мамандар көмекке келеді. Қажет жағдайда, дәрі-дәрмекпен емдеп, сауықтыру жұмыстарын жүргіземіз.Темекіні тастау арақ пен есірткіге қарағанда, әлдеқайда оңай екенін баса айтқым келеді. Одан арылу тікелей адамның өз сана-сезіміне байланысты.

Темекіден арылушылық артқанымен, істің екінші сипаты таралып келеді. Ол- электронды темекілер. Көпшілік олардың зияны жоқ деген теріс пікірде қалып қойды. Электронды темекілердің де құрамынан түрлі ароматизаторлар, токсиндік заттар бөлінеді. Оның үстіне, аталған құрал жасанды дүние болғандықтан, зияны екі есеге дейін ұлғаяды. Мұндай темекінің құрамында май болғандықтан, зияны азаймайтынын ескеруіміз қажет.

Бірқатар мемлекеттерде темекі шегуге қатысты қабылданған заңдар бар. Осы көктемде бізде де осы мәселе көтерілген еді. Басты бағыт- қоғамдық орындар мен мейрамханаларда шылым шегуге тыйым салу болатын. Меніңше, темекі шегу, шекпеу- адамдардың өз еркінде болғадықтан, азаматтардың құқығын таптау, ескермеу дұрыс емес. Қазір мейрамханаларда арнайы темекі шегуге арналған залдар бар. Оған қоса, қоғамдық орындарда темекі тұтатпауға тыйым салынғандықтан, халықтың еті үйреніп кетті.  Бұрынғыдай көше ортасында түтінін бұрқыратып тұру азайды. Қоғамымызда осы бағытта бірқатар игі жұмыстардың жасалып жатқанына көзайыммын. Сөзіме дәлел ретінде темекі бағасының қымбаттауын, сыртқы қаптамасындағы қорқынышты суреттердің жариялануын айта аламын».

 

  Темекіге қарсы дүниежүзілік даталар бекітілген. Мысалы, 20-қараша Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні. Ал, 26- маусым нашақорлық және есірткіге қарсы халықаралық күрес күні. Бұл күні әлем бойынша ашық есік күні деп есептеліп, мәлімет тарату барынша кең ауқымды қамтиды.

 

    Гүлмира Оспанбайқызы: «Есірткімен күрес күніне байланысты бір ай бұрын дайындалған кешенді жоспарымыз бар. Ашық есік күнінен бөлек, жазғы сауықтыру лагерьлерінде флешмобтар өткізу жолға қойылды. Орталығымызда 28-маусым күні бұрынғы нашақорлар арасында фото-көрме ұйымдастырғалы жатырмыз.

Тақырыбымыз есірткіге ауысқандықтан, айта кетейін. Наша қолдануға тікелей әлеуметтік жағдай әсер етеді. Яғни, сұрауы жоқ болып жүрген жасөспірімдер мен аса ауқатты отбасылардың балалары бірінші кезекте тәуелділікке душар болады.

Қазір есірткі қолданушылардың дені үлкен кісілер. Емделушілердің жас шамасы- 20-40 жастың аралығы.

Наша дегенде ойға оралады,синтетикалық наркотиктер ғылымда да, қоғамда да өзекті мәселе болып тұр. Мұндай есірткіні қолданған адамдар психиоз жағдайында ауруханаға көптеп түсіп жатыр. Қолданыс сипатын танып-білу де қиынға соғуда. Синтетикалық есірткі елімізге енді ғана келіп жатқандықтан, емделушілердің жақын адамдары мұны алғашында психологиялық дағдарыс деп есептейді.

Бізде мынадай оқиға болды. Бір жас жігіт бойжеткен досымен бірге 4-қабатта шылым шегіп тұрған екен. Жанындағы қыздың синтетикалық есірткіні темекіге қосып қолданатынын білмеген жігіт ештеңеден күдіктенбейді. Синтетикалық есірткіден түрлі галлюцинациялар пайда болатыны айқын нәрсе. Әлгі қыз кенеттен 4-қабаттан секіріп кетеді. Жедел жәрдем алып кеткеннен кейін, жігіт абдырап қалып, қайтадан 4-қабатқа көтеріледі. Темекі шеккісі келіп, қалтасына үңілсе, темекісі бітіп қалған екен, құрбысының қалтасынан түсіп қалған темекіні тартады. Ары қарай не болғаны есінде жоқ, сыртта жалаңаш күйінде жүгіріп жүрген жерінен бригада осында алып келді. Орталығымызда 10 күн болып, емделіп шықты».

  Зиянды әдеттерге қарсы жасалатын жұмыстар мен ұсынылатын жарияланымдардың көптігі- қоғамдық санаға қозғау сала алатыны хақ. Маман сөзіне сенсек, денінің саулығына алаңдайтын адамдардың қатары күн санап артып келеді. Қуанарлық жайт. Сөз соңында, жоғарыда аталған көрсеткіштер жақсы сипатта көбейіп, салауатты өмір салты етек жайсын деп тілейміз!

 

Мадина ОҚАС

 

Қосымша ақпар:

«Ауаға жылына 720 мың тонна күкірт қышқылы, 384 мың тонна аммиак, 180 мың тонна никотин, 660 мың тонна темекі майы және 550 мың тоннаға жуық иісті газ таралады»;

«Темекі түтініне ерекше дәм беру үшін адам зәрінің құрамына кіретін «урина» химиялық компоненті қолданылады»;

«Қазақстанда 4,2 миллион адам темекіге әуес»;

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ