Тұңғыш қазақ қыздары

0
1178

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.

«Қыз өссе – елдің көркі…» деген сөзді

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?!». Қай заманда да қазақ қызы- ұлтының намысы, тіршіліктің тұтқасы болған. Бүгінгі дамыған елдің бір іргесі қазақтың қайсар әйелдерімен қаланды. Ал нәубет жылдары ел болашағы үшін еңбек етіп, әр салада «тұңғыш» атанған кімдер? ¤

19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басы қазақ жеріне еуропалық мәдениеттің, жаңашылдықтың келген тұсы еді. Сол уақытта қазақ қыздары ағартушылыққа, білім алу мен кәсіп игеруге ден қоя бастады. Ғылым игеруді мақсат тұтқан нәзікжандар әр салада еңбек етіп, қазақ тарихында таңба болып қалды. Ел басына күн туғанда ерлермен қатар атқа қонып ел қорғаған, бесігін тербетіп шаңырақтың ұйытқысы болған әйелдер ағартушылық салада да төбе көрсетті. Солардың бірі, һәм бірегейі- қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз- Гүлсім Асфендиярова. Ол белгілі мемлекет қайраткері Санжар Асфендияровтың әпкесі. Ташкенттегі, кейіннен Санкт-Петербургтегі медицина институтын бітірген Гүлсім саналы ғұмырын дәрігерлік һәм оқытушылық қызметке арнаған. Оқуда тұңғыш болғанын былай қойғанда, Гүлім Сейітжаппарқызы Азия аумағының тарихында кесарь отасын сәтті өткізген бірінші акушер еді…

Қазақ ғұмырындағы тұңғыш дәрігер қыз жайлы мақаламызға тарихшы Ержан Күркеевтің сөзін тұздық етсек:

¤«20 ғасырдың 20-жылдары- жалпы қазақ әйелдерінің жан-жаққа оқуға түсуі, кейіннен әр ғылым саласында өзінің алғашқы майталмандардың бірі болып қалыптасуға септігін тигізді. Әр түрлі салаларда қазақ қыздары ғылымға келе бастады. Бұл сол кезеңдегі қазақ қоғамының әйелдер теңдігіне деген ұмтылысының көрінісі болған шығар. Ғылымға ұмтылған, сеңді бұзған тұңғыш қазақ қыздары дегенде біз Сейітжаппар Асфендияровтың қызы Гүлсім Асфендиярова туралы айтсақ болады. Медицинадағы тұңғыш қазақ әйелі болған Гүлсім 1901 жылы Еуропадағы әйел адамдар оқитын тұңғыш медициналық институтта білім алды. Айта кету керек, сол заманның қалталы деген азаматтары, оған қоса зиялы қауым өкілдерінің басым бөлігі қыздарын осы оқу орнына беруді қалаған. Ол кезде астана саналған қаланың алшақтығы бар, оған қоса оқу ақысының қымбат болуына байланысты бұл мүмкіндік екінің біріне бұйыра қоймады. Ал 1902 жылы генерал-губернатор тағайындаған 10 стипендияның екеуін екі қазақ қызы иеленген еді. Олар: Зейнаб Абдурахманова мен Гүлсім Асфендиярова. Зейнеп кейіннен Ташкентте жұмыс істеді, акушер бола жүріп, өмірінің соңына дейін аталған салада шәкірт тәрбиеледі. Замандас әйелдер қауымының көкірек көзін ашуға, табиғи һәм ғылыми бағытта бақ сынауға, білім жиюға күш салды».

¤

¤

¤

Ал, Алаш арыстарымен иық тіресе жүріп, елді ағарту ісіне бел сыбана кіріскендердің қатарында тұңғыш журналист Нәзипа Құлжанова бар еді. Нәзипа Сегізбайқызы – өзі бас болып, қазақтың тілші қыздарына журналистикада жол салды, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған жаңа қазақ әліпбиіне де еңбек сіңірді. Айрықша атап өту керек, сол кезеңде алғаш боп Абайды танытып, елге дәріптеген де қазақтың қайраткер Нәзипасы еді.

¤

ЕРЖАН КҮРКЕЕВ

ТАРИХШЫ

«Назипа Құлжанова бірінші кезекте, үлкен педагог-ғалым болды. Оның Торғайдағы ең алғашқы қызметі – мектеп мұғалімінің көмекшісі еді. Одан кейін, өзінің өсу барысында Абайдың кештерін өткізді. Сондай-ақ, «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» сияқты журналдарда редакциялық қызметте болды. Одан бөлек, Құлжанова педагогикалық, журналистік жолда көлемді, маңызы зор мақалаларын жариялап жүрді. Мұның барлығы оның қоғамдағы әртүрлі мәселелерге жан-жақты көзқарас қалыптастыруына алып келді. Біз бұл кезеңдегі азаматтардың, оның ішінде қазақ әйелдерінің қызметіне қарайтын болсақ, олардың тек бір салада болмағанын байқаймыз».

¤¤

Қазақ қызы. Кие мен қасиет қонған осынау қастерлі ат замана тоғысында өз өрлігін, биіктігін жоймай келеді. Қазақ әйелдерінің тұрмыс пен тіршіліктегі «батырлығын» бұған дейін де сан мәрте айтып, тамсанып келеміз. Олардың жалпы қалыптасқан образында даналық, асқақтық, батылдық пен нәзіктік қатар ұштасады. Қазақ әйелі бесік тербете жүріп, жаудың бетін қайтарады. Бала тәрбиесіне мән беріп, ұлт құндылығын насихаттайды, ұлттық кодты сақтайды. Әлем анадан бастау алса, қазақ анасы тұтас елдің іргетасына кірпіш боп қаланды. Заман ағымында қазақ қызы қай салада болмасын, сүрлеу соқпақ жол салды. Тек уақыттың оларға тиіс баға берер тұсы әлі алда…

Қалай болғанда да, заман өтіп, дәуір жылжыған сайын ұлттың ұйытқысы болар арулардың тарих сахнасындағы орны биіктей бермек.

 

Мадина Оқас

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ