Шымкентте сталкинг жасаған екі күдікті қамауға алынды

Полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты жасалған сталкингтің екі дерегін анықтап, жолын кесті. Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын-соңды таныс болған.
Алғашқы оқиғада қала тұрғыны полицияға бұрын қарым-қатынаста болған ер адамға қатысты арызданған. Қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан, күдікті әйелді мазалауын жалғастырған: түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған. Жәбірленуші онымен байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден қашқанымен, қудалау тоқтамаған.
Күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды.
Екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған жайт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданды.
Полиция мұндай құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.









