Сіздің сақтығыңыз бен мұқияттылығыңыз – елдің қаржылық қауіпсіздігінің кепілі

0
25

Фото: istockphoto

Қазақстан азаматтарының банк карталарына бақылау күшейеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, енді бір банктің бес немесе одан да көп картасы бар азаматтар назарда болады. Оларды тіпті заңсыз ақша айналымына қатысы болуы мүмкін деп арнайы санатқа кіргізбек.

Ал қаржы ұйымдары бірнеше картасы бар клиентінің кімге ақша аударғанын, кімнен ақша түскенін тексеріп, ақпаратты сақтап отыруға міндеттеледі. Құзырлы органдар бүгінде алаяқтарға ұрланған қаражатты шығаруға көмектесетін дропперлер көбейгенін айтуда.

Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардан жалпы сомасы 24 миллиард теңгені ұрлауға көмектескен 6,2 мың “дроп-картаны” әшкереледі.

“Қылмыскерлер өз кірістерін заңдастыру үшін жеке тұлғаларды белсенді түрде пайдалануда. “Дроптар”, “дропперлер” – бұл банктік карталар мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданылатын жалған тұлғалар. Ведомство қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында елімізде 6,2 мың дроп-карталардың пайдаланылғанын анықтады. Осындай карталар арқылы ұрланған қаражаттың жалпы сомасы 24 миллиард теңгеге жетті”, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Осы ретте агенттік өкілдері Қазақстан азаматтары мен елде тұрып жатқан шетелдіктерге ескерту жасады.

“Сіздерге банктік карталар мен шоттарды пайдалану арқылы заңсыз схемаларға қатысқаны үшін жазаға тартылу қаупі бар екенін ескертеміз. Күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан сақ болуға шақырамыз. Егер сізге қаражат аудару арқылы жеңіл табыс табуды ұсынса, бұл қылмыстық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол адаммен барлық байланысты тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз қажет. Сіздің сақтығыңыз бен мұқияттылығыңыз – елдің қаржылық қауіпсіздігінің кепілі!” – деді Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ