Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады

0
15

Астанада Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында жоқ үйлерді жалға берумен айналысқан 29 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Krisha.kz сайтында үйлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Жәбірленушілермен хат алмасу кезінде ол Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында үйлерді жалға беруге уәде еткен.

Пәтер жалдауға қызығушылық танытқан азаматтар жалған банк шоттарына алдын ала төлемдерді аударып, кейін пәтер иесімен байланыс үзілген. Нәтижесінде жәбірленушілер ақшасынан айырылды.

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады.

Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, күдіктінің 5 эпизодқа қатысы бар екені анықталды.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және ақша аударудан бұрын ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет.

Айта кетейік, биыл Астана қаласы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері ақпараттық технологиялар саласындағы 66 қылмыстық құқық бұзушылықты ашты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ