Төл ойынымыз тоғызқұмалақты әлемнің 50-ден астам елі ойнайды – Мақсат Шотаев

0
209
Фото: М. Шотаевтың жеке мұрағатынан

 – Бүгінгі таңда төл ойынымыз – тоғызқұмалақтың мыңдаған жылдық тарихы барын көпшіліктің бірі білсе, бірі біле бермейді. Тоғызқұмалақ қазақ тарихында қаншалықты маңызға ие? Бұл ойын түрі қашан, қалай пайда болды? Оны танымал тұлғалардан кімдер ойнаған? Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тоғызқұмалақ ойыны туралы көптеген кітап мен оқулықтардың авторы Мақсат Шотаевпен сұхбаттан оқи аласыздар.

Дүние жүзінде тоғызқұмалақ мангала деп аталады

– Тоғызқұмалақ – қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны деп, ресми түрде атап келеміз. Жалпы тоғызқұмалақ ойынын қазақ қашаннан бері ойнап келе жатыр? Оның қалай пайда болғанын қысқаша түсіндіріп берсеңіз?

– Тоғызқұмалақ ойынының төрт мың жылдық тарихы бар екенін археолог ғалымдар оның ең ежелгі тастан ойылып жасалған тақтасын табу арқылы дәлелдеп отыр. Түркістан облысы Отырар ауданындағы Дастарбасы үңгірінде өте ерте кездегі тас тақта табылған. Жалпы алғанда тоғызқұмалақ тектес ойындардың тарихы жұмбақ мәліметтерге толы. Оның алғашқы кезде қалай дамығаны, қандай қызмет атқарғаны әлі белгісіз. Дүние жүзінде тоғызқұмалақ ойындарын жалпы атаумен мангала ойындары деп атайды. Осыған қатысты зерттеулерді қарастырсақ, ойынның пайда болу мерзімі 7 мың жылдық тарихты қамтиды.

Мангала ойындарының шығу тегімен қатар, оның қай уақытта, қандай тарихи үрдістерге сәйкес дамығаны да әлі толық анықталмаған. Бірақ ғалымдар ойынның жасын Неолит кезеңімен байланыстырады. Өйткені табылған археологиялық деректер, ойын ережелеріндегі табулар мен символикалар осы аралықты көрсетеді. Неолит дәуірінде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қоса дамыды. Адамзат өзінің қажеттілігіне сәйкес, осы кезеңде ормандарды құртып, орнына егіс егуге ыңғайлы жерлерді дайындады. Айналаға деген жаңа көзқарастар, жаңа қоғамдық тәртіп, санадағы құбылыстар, әлемге деген жаңа түсінік, дене қозғалысынан бөлек ойды дамытатын ойын түрлерінің де дүниеге келуіне әсер етті.

Тоғызқұмалақ
Фото: Тоғызқұмалақ федерациясы

Ғалымдардың пікірінше, алғашқы мангала ойыны Гвинея жартыаралында пайда болып, Африка тайпаларының арасында таралған. Ойын ережелерінің ауыздан-ауызға таралуы оның түрлі нұқсаларының көбеюіне әкеліп соқтырған. Африканың батыс аймақтарында құл сатып алумен айналысқан арабтар, ойынның Таяу Шығыс және Орта Азия елдеріне жайылуына ықпал жасаған. Ұлы Жібек жолы арқылы ойын Үнді еліне паллангузи деген атпен таралған. Үндістан арқылы мангала ойындары Тынық мұхит елдеріне жетеді. Шри-Ланка, Тайланд, Малайзия, Индонезия және Филиппинде ойын – сунгка, жонглак, дакон сияқты аттарға ие болады. Бүгінгі күні де бұл елдерде мангала ойыны кеңінен танымал. Мангала ойынының әлемнің көптеген елдерінде таралуы оның ескі екенін көрсетеді.

Тоғызқұмалақ тақталарының көріністері тасқа қашалып, алғашқы мәліметтер ауыз әдебиеті үлгілерінде кездесетіні рас. Қай кезеңде болсын, еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтары, рухани жетекшілері, қоғам қайраткерлері ұлт мәдениеті алдындағы жауапкершілікті сезініп, көмескі тарта бастаған асыл мұраларын сақтап, қайта жаңғыртуға үлес қосқан. Осыған қарап, тоғызқұмалақтың Тұран өркениетіне қатысты төлтума ойын екендігін көрсетеді. Бұл ойын пайда болғанға дейін қойшылардың бір қатарлы құмалақ ойыны, екі қатарлы үш отау, бестемше ойындары дамыған.

Әртүрлі құмалақ ойындарынан бастау алып, үш отау (унее тугулаах), бестемше, есонкоргоол, қоздатумен жалғасып тоғызқұмалаққа ұласқан ойын біздің дәуірімізге жетті. Бұл – негізі Үндістанда «чатранш» деген атпен қаланған, бүгінгі шахмат ойынының әр түрлі кезеңдерді басынан кешіргені секілді құбылыс. Бір ерекшелігі шахмат ережелерінің жасалуына азиялықтар да, европалықтар да атсалысса, тоғызқұмалақ ережелерінің жүйеленуі тікелей көшпенділердің өздерінің қатысуымен жасалған. Сақтар, ғұндар, көктүріктер дәуірінен бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасқан Ұлы Дала сарынының өн бойында әр түрлі атпен аталған қазақ халқы тоғызқұмалақ ойнап отырған.

– Тоғызқұмалақ ойыны қазақтың ұлттық спорт ойыны ретінде қашан мойындала бастады? Төл ойынымызға өзге түркі тектес халықтардың таласы жоқ па?

– Тоғызқұмалақ ойыны ХІХ ғасырда шетел этнографтарының назарын аударды. Р. Карутц, Н. Краснов секілді ғалымдар өз жазбаларында қазақ халқының тоғызқұмалақ ойнағанын атап көрсетті. Қазақ халқының ағартушы-қайраткерлері Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған.

Ресей ғалымдарының ішінде этнограф Н. Пантусов 1906 жылы Қазан қаласында тоғызқұмалақ туралы алғаш мақала жариялады. 1936 жылы Орта Азияда алғаш рет «Тоғызқұмалақ» кітабын қазақ және орыс тілдерінде жазған түркітанушы С. Аманжолов болды. 1943 жылы ғалым М. Балақаев қазақ тілінде «Тоғызқұмалақ» кітабын шығарды. Осы ғалымдардың қалдырған жазбаларынан кейін тоғызқұмалақтың қазақ халқына тиесілі екені белгілі болды.

Тоғызқұмалақ ойыны ерте кездерде дамығандықтан, оның көне түркілік кезеңдеріне қатысты таластар болып тұрады. Қарақалпақ, түрік, қырғыз халқында да осы ойынға ұқсас ойындар бар. Қарақалпақтар «Тоғыз кумалак», қырғыздар «тогуз коргоол», түріктер мангала деп атайды. Анадолы жерінде ғана тоғызқұмалақ ережелері өзгеріске ұшырағанымен, Орта Азиядағы қазақ, қырғыз және қарақалпақта ойын ережелері ұқсас. Оларға тоғызқұмалақ – ортақ түркі халықтарының ойыны деп айтқан тиімді.

Абай Құнанбайұлы алғашқы тоғызқұмалақ жарыстарының демеушісі болған

– Кейбір деректерге қарап отырсақ, тоғызқұмалақты әлем ойшылы саналатын әл-Фараби бабамыз, ұлы ақын Абай атамыз, одан беріде Алаш зиялылары да жақсы көріп ойнаған деген деректер бар. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Егер осындай үлт ұстаздары ойнағаны рас болса кеңес тұсында бұл ойынымыз неге тұралап қалды?

– Бұл ойынды әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби де сүйіп ойнаған, терең зер салып, зерттеп, өз жазбаларында қалдырып кеткен деген деректер кездеседі. Бірақ нақтылық жоқ. Ал, қазақтың ұлы ақыны, данагөй ойшылы Абай Құнанбайұлы өте жақсы ойнаған. Тек қана ойнап қоймай, сол заманның түрлі ойыншылармен сынға түсіп, ой жарыстырған. Алғашқы тоғызқұмалақ жарыстарының демеушісі де Абай Құнанбайұлы болған. Абай атамыздың тастан ойылып жасалған тоғызқұмалақ тақтасы Жидебайдағы мұражайда орналасқан. Қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Абайдың тоғызқұмалаққа қатты мән беріп ойнағанын, «Татьянаның қырдағы әні» деген тарауында шебер бейнелеген.

Кеңес дәуірінде саяси-идеологиялық себептерге байланысты тоғызқұмалақтың қанатын кеңге жая алмауының сырлары бар. Бұл тұста ұлттық мұра мен дәстүрдің қандай күйге түскені белгілі. Одақтағы бауырлас елдердің рухани мәдениетіне қатысты көптеген жасырын үкім мен астыртын бұйрықтар берілді. Тіл мен салт-дәстүр, музыкалық аспаптар пен ұлттық ойындардың насихатталуына қатысты түрлі тыйымдар болды. Сондықтан, Кеңес үкіметі тұсында тоғызқұмалақ құлдырау кезеңін басынан кешірді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түрлі қиыншылықтарға қарамастан, басқа мәдени дәстүрлерімізбен қатар тоғызқұмалақтың жаңғыруына жол ашылды.

Дегенмен,ІІ Дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін, елдің еңсесі көтеріліп, осы кездері бірқатар ұлт жанашыры тарапынан ұлттық ойындардан жарыс өткізу идеясы туындайды. Тоғызқұмалақтан алғашқы ресми біріншіліктер 1948 жылы өткізіледі. Ол кезде зияткерлік ойынмен шұғылданушылар саны аз болғандықтан, Алматыда өткізілген алғашқы жарысқа бар-жоғы 4 спортшы қатысады. Алғашқы жеңімпаз болып жамбылдық Шорман Өтегенов танылады. Ресми біріншіліктер 3 жыл қатарынан өткізілгенімен, одан кейінгі жылдары арасында үзілістер болып, тоқтап қалды. Тек 1974 жылдан бастап қайта жанданды. Ол да тоғызқұмалаққа шын берілген жанашырлар арқасында ғана жүзеге асты.

– Қазір тоғызқұмалақты қазақтардан басқа қандай елдер ойнайды?

– Тоғызқұмалақ ойыны әлемнің 50-ден астам елінде ойналады. Негізінен Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай, Ресей және Өзбекстанда жақсы дамыған. Тоғызқұмалақ ойналатын Европа елдерінен Англия, Латвия, Венгрия, Германия, Түркия, Румыния, Франция, Чехия, Швейцария елдерін мақтанышпен айтуымыз керек. Бұл елдердің барлығында ұлттық ойыннан халықаралық жарыстар өткізілген. Осы ойынның танымал болғанын Көшпенділер ойындарының бағдарламасынан да көруге болады.

Президент іс басқармасы қызметкерлері арасында тоғызқұмалақ ойынынан турнир басталды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

– Федерация төл ойынымызды әлемге танытудың қандай мүмкіндіктерін қарастырып отыр?

– Қазіргі технологиялық жетістіктер мен ақпараттар ағыны заманында ұлттық ойынды дамытудың мүмкіндігі мол. Оның ішінде интернет желісін тиімді пайдалану керек. ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы осы мүмкіндіктерді де ұлттық ойынды дамыту үшін пайдаланып отыр. Қазіргі кезде интернет желісінде зияткерлік ойынымызды 3 платформада ойнауға болады. Олар: iggamecenter.com, playstrategy.org және playok.com. Бұл алаңдарда ойыншылар бір-бірімен ойнап, шеберліктерін шыңдап, түрлі жарыстарға қатыса алады. Бұл платформалар пандемия кезінде тоғызқұмалақтың бұқаралық сипатын арттыруда ерекше маңызы болды.

Екіншіден, Андройд және Айфон ОС операциялық желілері арқылы бағдарламамен толғызқұмалақ ойнаудың мүмкіндіктері туындады. Ендігі кезекте қарсылас іздемей, осы бағдарлалармен әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылар ойнай алады.

Үшіншіден, 2020 жылдың 17 желтоқсанындағы ЮНЕСКО-ның сессиясында, тоғызқұмалақ ойыны адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді. Осы арқылы тоғызқұмалақ ережелері әлемнің танымал тілдеріне аударылып, видеосабақтары жасалды.

Төртіншіден, тоғызқұмалақ туралы кітаптар ағылшын, француз, итальян, қытай және басқа да тілдерге аударылып, басқа елдердегі ойын жанашырларының қолына тиді. Бұл да зор еңбекті талап ететін жұмыс.

Бесіншіден, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы басшылығының жасаған жүйелі еңбегінің бастамасы арқасында тоғызқұмалақтың дамуы дұрыс жолға қойылды. Федерация төрағасы – Алихан Байменов ұлттық ойынның рухани қасиеттерді дамытудағы маңызына ерекше мән беріп, алғашқы құрылған (2008 жыл) жылынан бастап бүгінгі күнге дейін қамқорлықпен қарап отыр. Осы кезге дейін 6 Әлем чемпионаты, 6 Азия чемпионаты және 4 Еуропа чемпионаты, 2 Әлем және Азия кубогы өткізілді. Тоғызқұмалақ – Көшпенділер ойындарының бағдарламасына 4 рет енгізілді. Көптеген ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыстардың барлығы ұлттық зияткерлік ойынды әлемге танытудың мүмкіндіктері болды. Ендігі кезекте кімде-кім тоғызқұмалақпен шұғылданам, шеберлігін арттырам десе, осы ресурстардың барлығын пайдалана алады.

– Елімізде бұл спорт түрімен айналысатын ойыншылардың қатары қаншалықты?

– Кейінгі жылдары әлемнің көптеген аймақтарындағы тоғызқұмалақ жанашырларының жасампаз еңбегінің, ел Президентінің ұлттық спортты қолдауға бағытталған ұстанымының, Үкімет пен демеушілердің қолдауының нәтижесінде, ұлттық ойын бұқаралық сипат алып, өрісі кеңейіп, қарыштап дамуына үлкен серпін берді. Бұл игі істерде ардагерлеріміз бен жаттықтырушылардың, ойыншылар мен төрешілердің еңбегі ерекше.

Қазіргі кезде тоғызқұмалақ спортын ресми түрде «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» дамытады. Бұл орталық 12 ұлттық ойын бойынша Қазақстан құрамасының республикалық жарыстарын өткізіп, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетуі үшін жұмыс істейді. 2023 жылы Спорт істері комитетінің жүргізген сараптамалық жұмыстарының нәтижесінде республика бойынша тоғызқұмалақпен шұғылданушылар саны 180 мыңға жуық болып, барлық ұлттық ойындар бойынша бірінші орынды иеленді. Тоғызқұмалақтың отаны – Қазақстан болғандықтан, елімізде бұл ойынға қатты мән беріліп отыр. 8 ресми әр жас өкілдерін қамтыған чемпионат, 20-ға жуық республикалық жарыс, көптеген халықаралық жарыстардың барлығы тоғызқұмалақ спортының жоғары деңгейде дамып отырғанын көрсетеді.

Тоғызқұмалақ – белгілі бір өркениетке тиесілі ойын

тоғызқұмалақ
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

– Өзге ойындармен салыстырғандағы басты ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз…

– Жалпы алғанда тоғызқұмалақ – белгілі бір өркениетке тиесілі ойын. Бұл – Тұран өркениеті. Тоғызқұмалақ – ежелгі бабаларымыздың табиғат пен болмысты терең танып, өмірде кездесетін құбылыстарды жіті меңгеріп, өз таным-түсініктеріне, салт-дәстүріне бейімдеп, дүниеге келтірген ойыны. Ұлттық ойынның ережелері – тұнып тұрған этнопедагогика. Сондықтан, басқа зияткерлік ойындардан тоғызқұмалақтың айырмашылығы қандай дегенде, өркениеттік деңгейдегі айырмашылықтар мен іздерді көруге болады.

Тоғызқұмалақтың өзіндік ерекшеліктері басқа ойындардан дараланып тұрады. Ойыншы отау мен қазандағы құмалақтарды үнемі есептеп отыру керек. Мәселен, дойбы мен шахматта тақтадан алынған дойбылар мен фигуралар ойынға араласа алмайды. Ал тоғызқұмалақта қазандағы құмалақтар ойынның есебін шығарар кезде, басты рөл атқарады.

Екіншіден, тоғызқұмалақ шахмат пен дойбыдан күрделі. Мысалы, бұл ойындарда жүріс жасалғанда бір немесе екі фигура ғана қозғалады. Ал ұлттық ойындар бірнеше құмалақ таратылған кезде бүкіл отаудағы жағдайды өзгертіп жібереді. Ойынның күрделілігі де осында.

Үшіншіден, тоғызқұмалақ ойынындағы атсырау ережесі терең зерттеуді қажетсінеді. Өйткені, материалдық басымдылыққа еге боламын деп шабуылдай беріп, барлық құмалақтарың қарсы жаққа ауып кетуі мүмкін. Сенің құмалақтарың бір мезетте қарсы жақтың құмалақтары болып шығады. Сол кезде сен жүріс жасау мүмкіндігінен айрылып, жеңіліп тынасың.

Төртіншіден, тоғызқұмалақ ойынында кездесетін тактикалық тәсілдер, ежелгі сақтар мен ғұндардың соғысу өнерін бейнелейді. Бетпе-бет соғыспай қаша жүріп соғысу, әскерді құрбандыққа шалу, кеңістікке ие болу және тағы басқалар – осының барлығы тоғызқұмалақтың даралығын көрсетеді.

– Алда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны келе жатыр. Тоғызқұмалақ көшпенділер ойынының бағдарламасына енгенін жақсы білеміз. Елорда төрінде өтетін басты ойынға ұлттық құрама қатысушылары қалай іріктеледі?

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен 2 жылда бір рет өткізілетін кешенді спорт жарысы. Алғаш 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан ата елді мекенінен бастау алған бұл жарыс бүгінгі күнге дейін 4 рет өткізілді. Жарыс Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделгенімен, кейінгі уақыттарда Азия және Африка халықтарының да ойындары бағдарламаға енгізіліп отыр. Қазіргі кезде жыл сайын спорттық шараның ауқымы артып, қатысушы елдердің саны көбейіп келеді.

Тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы ел чемпионатының іріктеуі негізінде жасақталады. Байрақты чемпионаттың классика түрінде 1-2 орын алған спортшылар тікелей ел намысын көшпенділер ойынында қорғайды. Қазіргі кезде Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Ерлер арасынан Бексұлтан Бостандықов (Қызылорда), Асылхан Қожанәсіп (Қарағанды), әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы (Ақтөбе) және Әсел Далиева (Түркістан) осы ойындарға жолдама алды. Спортшыларға сәттілік тілеймін.

Тоғызқұмалақ
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ